Адамзаттың ғарышқа жолын ашқан тарихи мекен Байқоңыр бүгінде тек ғарыш айлағы ғана емес, халықаралық туризмнің де маңызды орталығына айналып келеді. Бірегей тарихи мұра мен заманауи ғарыш инфрақұрылымын ұштастырған кешеннің туристік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай мәлімдеді.
-Байқоңыр – қала мен ғарыш айлағын біріктіретін, әлемде теңдесі жоқ бірегей кешен. Сондықтан оның туристік және ғылыми әлеуетін тиімді пайдалану-біздің басым бағыттарымыздың бірі. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес Туризм және спорт министрлігі «Байқоңыр» кешенінде туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжат өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және келушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде туристік қызметті ұйымдастыратын қазақстандық операторлар айқындалып, туристік әлеуеті жоғары бірқатар нысандар жаңа маршруттарға енгізілді. Олардың қатарында «Гагарин старты», «Гагарин беседкасы», динамикалық сынақ стенді және «Энергия-Буран» кешені бар. Сонымен қатар, 2024 жылдың желтоқсан айында ғарыш айлағында ұлттық нақыштағы алғашқы қазақстандық бақылау пункті пайдалануға берілді. Қазіргі таңда «Инфракос» кәсіпорны 30-ға жуық туроператормен ынтымақтастық орнатып, туристерге қызмет көрсетуде. Облыс әкімдігі мен Аэроғарыш комитетінің бірлескен жұмысының нәтижесінде туристік нысандарға кіруге рұқсат рәсімдеу мерзімі де айтарлықтай қысқарды. Бүгінде Қазақстан азаматтары рұқсатты 5 күн ішінде, ал шетел азаматтары 10 күн ішінде ала алады. Бұдан бөлек, өңірлік туризмді дамыту мақсатында оқушылар, студенттер және ардагерлер үшін ғарыш кемелерінің ұшырылымдарын тамашалауға арналған арнайы туристік сапарлар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді,- деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
