Жыл бойы тіршілік ететін, көктем келісімен белсенділігі артатын кене далалық аймақта жұмыс істейтін, мал, егін шаруашылығымен айналысатын адамдарға қауіп тудырады. Аймақта Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алудың санитариялық-профилактикалық іс-шараларын ұйымдастыру туралы облыс әкімінің қаулысы ақпан айында қабылданып, дайындық шаралары наурыз айынан бері жүргізіліп келеді.
Аурудың алдын алудағы тиімді шаралардың бірі – кенеге қарсы залалсыздандыру. Былтыр облыстағы 115 елді мекен қолайсыз деп танылған, биыл олардың саны азайып, 111 болды. Қажетті қаржы бөлініп, қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы өңдеу шаралары екі кезеңде жүзеге асырылуда.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметіне сәйкес, қолайсыз елді мекендерде 622 016 бас мал және 2 567 257 шаршы метр 33 926 қора, аумағы 557 217 шаршы метр 1 329 суат пен шаңлақ бар. Көктемгі заласыздандыру жұмыстарының І және ІІ кезеңі 9 сәуір мен 14 маусым аралығында жүргізіледі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасында тұмау, жедел ішек, тағамнан улану ауруларына тән белгілер болады, яғни дене қызуының күрт көтерілуі, әлсіздік, тамаққа тәбеттің жоғалуы, құсу, жүрек айну, бұлшық еттің ауырсынуы, бүйрек тұсының, бас пен іштің ауруы байқалады. Осы белгілер пайда болған жағдайда адам шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінбесе, асқынып кетуі мүмкін. Дер кезінде ем қабылдаса аса қауіпті аурудан толық сауығуға болады.
Кенеге қарсы өңдеу шараларының тиімділігін арттыру үшін тұрғындар қора-қопсының, ауланың тазалығын қатаң сақтауы қажет.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!