Сәрсенбі, 24 сәуiр, 08:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Егін егуге дайындық қалай?

02.04.2022

1290 0

Далада көктемнің лебі сезіледі. Көктемгі қарбалас шақ жақын. Күзгі салымдағы егіннің шығымын ерте көктемдегі қарекет шешетінін дала еңбеккерлері жақсы біледі. Әсіресе, ауылдық жерлерде таң атпай кетпенін асынып, жерден несібесін жинағандар егістік алқабына асығып бара жатқаны әдемі көрініс. Көктемнің әр күні жылға азық. Осы орайда, биылғы егістік науқаны қалай болмақ? Саралап өткенді жөн көрдік.

Қаржы көлемі ұлғайды

Апта басында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысқан арнайы жиын өтті. Онда көктемгі егіс науқаны мен мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Осы жылы ауыл шаруашылығы саласына қатысты қаржы көлемі ұлғайған. Яғни, қаржыны тиімді пайдаланып, өнім көлемін белгілі мөлшерде көбейтіп, күз бен қысқа қам жасау шаруаларға міндет болып саналады.

– Біріншіден, «Кең дала» бағдарламасы ар­қылы жыл сайын 70 млрд теңге қаражат бө­лінсе, соны екі есеге көбейтуге мүмкіндік алға­лы тұрмыз. Қазір республикалық бюджет нақ­тыланып жатыр. Екіншіден, «Азық-түлік келісім-шарт» корпорациясы арқылы фор­вардтық сатып алу үшін жыл сайын 40 млрд теңге бөлініп келді. Оның көлемін 80 млрд теңгеге ұлғайту көзделген, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар субсидия алу мәселесін­де де шаруаларға жеңілдік жасалмақ. Мә­се­лен, былтыр 2022 жылға республика кө­ле­мінде субсидиялауға 309 млрд теңге қар­жы қарастырылған болса, Президент тап­­сырмасымен қаржы көлемін 388 млрд теңге­ге ұлғайту туралы ұсыныс бе­рілген. Бұл был­тырдан қалған қарызды өтеуге мүмкіндік береді. Одан бөлек ауыл­шаруашылық өнімінің бағасын тұрақтандыруға септігін тигізеді.

Картоп, сәбіз еселеп егіледі

«Шаруашылықтардың әрбірі өнім көлемін сақтау ісіне және  тиімділік жағына мән беру қажет. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ бірлесіп, қажетті картоп, сәбіз, пияз және де басқа өнімдерді егіп, тұрақтандыру қорына ұсынып, сырттан өнім алуға деген тәуелділікті азайтуға жұмыс жасайық», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова арнайы жиында.

Рас, қыста картоп пен сәбіз бағасы шарықтайды. Сондықтан бағаны тұ­рақ­тандыру мақсатында өзіміздің жерден жатсынбай шығатын өнімдерді көбірек еккен жөн.

Қызылорда күрішімен танымал. Сырдың күріші дәмінің ерекшелігімен есте қалады. Қаламызда күріш егуге дайындық басталып та кеткен. Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, егіске 1019 тонна күріш тұқымы құйылған. Оның ішінде тұқымның 23,3 проценті отандық сорт­тар, 76,7 проценті ресейлік сорттар құрайды. Атап айтқанда, отандық сорттар бойынша 217 тонна «Сыр сұлуы», 21 тон­на «Маржан», ресейлік сорттар бойынша 135 тонна «Лидер», 646 тонна «Янтарь» сорттарын егу жоспарда бар.

Ал жоспарланған 304 гектар жаздық бидайдың 222 гектары егілген. Одан бөлек  40 гектар мақсары, 145 гектар сорго, 248 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 1067 гектар ескі жоңышқа тырмаланып суарылған.

Су тапшылығы алаңдатады

Егінді егуін егеміз. Алайда егістің бітік шығуы үшін оны өз көлемінде және уақытында суарудың да маңызы зор. Су мәселесі өткен жылғыдай өзекті болғалы тұр. Сондықтан да суды аз қажет ететін өнім түрлеріне көңіл бөлу қажет. Аймағымызда Үкімет резервінен бөлінген қаржыға барлығы 21 канал тазалау, 52 ұңғыманы жөн­деу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алу жоспарланған.

Ал қаламыздағы шаруалар су тапшылығының алдын алу үшін қандай шаралар қолданады? Бұл жөнінде қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбекке хабарласқан едік.

Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, осы жылы 8956 гектар алқапқа егін егу жоспарланып отыр. Шаруашылықты  биыл да су тапшылығы мәселесі алаң­датып отырғаны белгілі. Көксарай су қоймасындағы жиналған судың көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 1 млрд 294 млн текше метрге аз. Сондықтан да ауылдық округтерде насос қондырғысын қою бойынша тиісті жұмыстар атқа­рылуда. Яғни егінін егіп, еңбекті зая кетірмеу үшін қажетті жұмыстарды жасап алуды қолға алған.

Техника дайын

Орақшы – бір кісі, комбайн – мың кісі. Бүгінгі таңда озық техникалар барлық жұмысты тындыруға тиімді. Қаланың шаруашылықтарында да трак­тор, жүк көлігі, комбайндар сақадай сай тұр. Көктемгі  егін егу жұмыстарына техника­лар 100 процент дайын. Қазіргі таңда бұл жұмыстарға 91 трактор, 22 трактор тіркемесі, 21 соқа, 9 дән сепкіш, 5 жүк көлігі дайын тұр. Оларға қажетті жанар-жағар майдың жетіспеушілігі білінбейді. 1000 тонна дизель отынын жеткізіп беруші операторлар «РК Мұнай» және «Нефть-Транс-Қызылорда» ЖШС болып белгіленген. Бүгінгі күнге шаруашылық құрылымдарының қажетті дизель отынының сұранысы бойынша келісім-шартқа отыруда.

Ауыл шаруашылығы саласы қашан да мемлекет тарапынан көмек көрсетуді қажет етеді. Себебі ол еліміздің эко­но­микалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатын сала болып табылады. Сондықтан  да жанар-жағар май мәселесі шешімін тапса, шаруаларға мемлекеттің көмек көрсеткені болар еді.

Түйін. Азық-түлік бағасы аспандап тұр. Сондықтан ауыл адамдары әрекет етіп, көктемгі егіске толық дайындалғаны жөн-ақ. Ең болмағанда өзімізден картоп, жуа, сәбіз, қызылша секілді бақша дақылдарын егуді қолға алу керек.  «Көктемнің әр күні – жылға азық» деп қазақ бекер айтпайды. Көктемгі далалық жұмыстарды тез аяқтау – басты міндет. Ол үшін  дала еңбеккерлерінің маңдай терін төгуге тура келеді. Жұмыс жүйелі болса, мол өнім алуға әбден болады. Әрбір нәтижесінің артында үлкен еңбек пен маңдай тер жататынын ұмытпаған дұрыс. Яғни, еңбек адамдарының еңбегі зор.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: