Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Кеңейтілген отырыста жағдай кеңінен талқыланды

13.07.2021

1640 0

Сенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің кезекті кеңейтілген отырысын өткізді. Бірқатар мәселелер талқыланып, арнайы тапсырмалар жүктелген жиын бейнебайланыс режимінде өтті. Отырысқа Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар жетекшілері қатысты.

Жиында ең бірінші биылғы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жайы қорытындыланып, алдағы міндеттер туралы айтылды. Президент пандемияға қарамастан ел экономикасы жарты жылда 2,2 процентке өскенін айтты. «Бұл қуанатын жайт. Былтыр пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 процентке төмендеді. Біз оны тезірек қалпына келтіруіміз керек. Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралармен және карантиндік шектеулермен бірге әлемдік экономиканың жандануы іскерлік бел­сенділіктің қалпына келуіне септігін тигізді. Біздің міндетіміз – екінші жартыжылдықта экономика қарқынын арттыру, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сондай-ақ Президент коронавирустың жаңадан пайда болып жатқан штамдары індеттің біздің өмірімізге енгенін, ендігі кезекте осындай ахуалға бейімделіп, өмір сүруді үйрену қажет екенін айтты. Ол күрделі жағдайлар мен өлім-жітімді азайту, ауыр халдегі науқастарға баса мән беруді тапсырды. Коронавирусқа қарсы тұру үшін тек медициналық аспектілерге ғана емес, бизнестегі шектеу шараларына да өзгеріс енгізу маңызды. Сондықтан Президент «Ashyq» секілді цифрлық шешімдерді белсенді пайдалану қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы вакциналауға қатысты жалған құжаттар жасауға баса назар аударып, оның қоғам үшін аса қауіпті екенін айтты. Оның пікірінше, азаматтар өздерінің және жақын туыс­тарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек.

Президент антиваксерлердің қауесет әңгімелеріне сенбеу керектігін, сондықтан екпе салу науқаны жалғасатынын айтты. Сондай-ақ кейбір жекелеген салада екпе салдыру міндеттелетінін, ол заңнамалық және конституциялық негізде дұрыс екені айтылды. «Турасын айтсақ, бұл (вакциналау) – әркімнің өз отандастары алдындағы міндеті, парызы», – деді Мемлекет басшысы.

Президент пандемия кері әсерін ти­гізген білім беру саласындағы кемші­ліктерді жойып, жаңа оқу жылында көштен қалмау керектігін айтты. Ол оқудың бұрынғы форматына көшу керек­тігін айтып, оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқуға көшіруді тапсырды. Жаңа штамдар пайда болған кезде бұл оңайға түспейтінін тілге тиек етіп, оқушылар мен мұғалімдерге барынша қорғайтын кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.

Ел ішіндегі азық-түліктің қымбат­тауы, дағдарысқа қарсы шараларға тым көп салынған қаржы саяси инфляция науқанын күшейткенін де айтты. Ауыл­шаруашылығының мәліметі бойынша, азық-түліктің әлемдік бағасы 40 про­центке өсіп, он жыл ішіндегі ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Азық-түліктің қымбаттауы өзекті мәселеге айналып, пандемия азық-түлік қауіпсіздігінің тұрғысынан еліміздің осал тұсын ай­қындап бергенін айтты.

– Отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ете алмауына қатысты айтылып жатқан сын өте әділ. Өндірістік шығындардан бөлек,  маусымдық қымбатшылық пен делдалдық әрекеттердің ашық болмауы баға белгілеудің негізгі факторлары болып табылады. Аты айтып тұрғандай, тасымалға маусымдық болжам жасауға болады. Демек оны реттеуге де бола­ды деген сөз. Аталған мәселені шешудің жолы – келесі маусымға дейін өнім сақтайтын заманауи әрі қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру. Көк­өніс сақтайтын қой­малар салу және жаңғырту жөнінде бірнеше рет тап­сырма берілді. Бірақ жағдай жақсарған жоқ. Бұл проблеманы жүйелі шешу керек. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Осы мақсатты қолдау үшін біздің бағдарламаларымыздан қаржы бөліңіздер, – деп Президент нақты тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бір­лесіп, әлеуметтік маңызды деген азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұрудың қазіргі тетіктерінің тиімділігін бағалау және жаңа әрі тиімді шаралар топтамасын ұсыну тапсырылды. На­рықты өзіне ыңғайлап, пайда көретін делдалдардың көбеюіне жол берілмей, өңірлерде делдалдарды тексеретін ко­миссия құру керек екені де айтылды.

Ал малдың қырылуын Президент ауа-райының қолайсыздығы­нан және болжам жасау жұмысының тиімсізді­гі­нен ахуал ушығып кеткен деп ба­ғалады. Қасым-Жомарт Тоқаев әкім­­дік­тер мен ауылшаруашылығы ми­­­­нистр­­лігі тарапынан дұрыс шешім қабыл­­­данбағанын, соның кесірінен фер­мер­­­лердің шаруасы тығырыққа тірел­гененін ашып айтты.

«Фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтуда. Әрине, қуаңшы­лық – табиғи жағдай. Дегенмен бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ең алдымен осын­дай күрделі кезеңде тиісті ми­нистрлік шұғыл және батыл шешімдер қа­былдауы қажет еді. Бірақ министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін», – деп Президент Тоқаев кесіп айтты.

Мемлекет басшысы зейнетақы, жәр­демақы мен стипендия сияқты транс­ферттер артса да, еңбек табы­сы азайғанын айтты. Сол үшін жауап­тыларға осы бағытта шұғыл түрде шара қабылдап, көлеңкелі экономиканың ау­қымын азайтуды тапсырды. Ол әсіресе ауылдағы ахуалға баса назар аудару керек екенін айтып, өз тапсырмасы бойынша Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде жүзеге асқан тұрғындар табысын арттыру жобасын мысалға келтірді. Аталған жоба бойынша ауыл­шаруашылығы өнімін арттыру екі есе артып, мал басы 24 процентке өскен. Жұмыссыздар тіркелмей, өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандар саны артқан. Сол үшін де Үкіметке бұл жобаның ауқымын кеңейтуді қарастыруы керектігі айтылды.

Президент энергетика министрлігі мен «Самұрық Қазына» қорына, «Қаз­мұнайгаз» компаниясына жанармай нарығына ықпал ететін мұнай өңдеу зауыттарындағы ахуалды қатаң бақы­лауға алуды және Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспардан тыс тоқтауына байланысты кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.

Отырыс соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат осындай сын сағатта жұдырықтай жұмылып, батыл қадамдарға барып, өздерінің қа­рым-қабілетін көрсетіп, шұғыл шешім қабылдауы керек екенін айтты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: