Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Кітапқа құштар орта

04.02.2023

683 0

«Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын» – депті атақты  жазушы Максим Горький.  Кітап оқудан қалған ұлт, әсіресе, жас ұрпақ рухани аштыққа ұшырайды. Егер біз кітап оқудан тыйылсақ, онда ой ойлаудан да, айналамыздағы құбылыстарды талдау, бағамдау қабілетінен де, адамгершілік, кісілік қасиеттен де айырыламыз деп бекер айтпаса керек.

Расында, қазір кітап, газет оқуды ар санап, оқымауды мақтан тұтатындар қатары артты. Дегенмен кітап оқудың адамзат баласына тигізетін пайдасы орасан зор екенін ұғындырып жүргендерде жетерлік. Атап айтсақ, Сыр өңірінде  «Kitap Qurttary» зияткерлік клубы бірнеше жылдан бері жастарды кітап оқуға баулып келеді. Биыл, міне, аталған клубтың құрылғанына да 4 жыл толды.

Осыған орай облыстық жастар орталығында Абылайхан атындағы №140 қазақ орта мектебі және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесе ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы 10-11 сынып оқушылары арасында «KQQ – Kitap Qurttary Quiz» зияткерлік сайысы өтті. Танымдық шараның ашылуына Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы қатысты. Осыдан төрт жыл бұрын  жобаның бастамашысы болып, қолға алып, бүгінде жастарды кітап оқуға баулып жүрген Талғат Меңдібай.

– Алғашында қалада әлі жасалмаған, жаңа, өзімнің жаныма жақын дүние ашсам деген ой болды.  Сөйтіп, «WhatsApp» желісі арқылы топ құрып, кітап оқиды-ау деген таныстарымды қостым. Топ атауы «Книгоманы» аталды және топта өзін артық санайтын адамдарға шыға беруге болатынын ескерттім. Осылайша 4 жыл бұрын 2 ақпан күні қалада «Кітап құрттары» еріктілер тобы құрылып, мақсат пен жоспарға сай жұмыс істей бастады. Қозғалыстың басты құрамы – студенттер, жастар, түрлі салада қызмет ететін кітапқұмарлар. Иә, мұнда оқырманның жасы, жынысы, саяси көзқарасы, мамандығы маңызды емес. Оларды біріктіретін бір ғана дүние бар: ол – осы жерде отырып-ақ он сегіз мың ғаламды шарлата алатын құдіретті кітап әлеміне деген құштарлық. Қазір топ мүшелерінің саны 100-ден асады. Қазіргі мақсат – клубтың ауқымын кеңейту, мектептерде ашу. Биылғы жаңалық ретінде авторлық құқықты айтсам болады. «Кітап құрттары» жобасының авторлық құқығы маған тиесілі. Осылайша басқа қалаларда ашып, интеллектуалдық ойындар ұйымдастыру да ойда бар», – дейді жобаның басшысы.

Бүгінде озық ойлы оқушылар арасында интеллектуалдық ойындарды насихаттау, кітап оқу мәдениетін түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа қаладағы 34 білім ордасының оқушылары қатысып, өзара бақ сынасты. Үш кезең­нен тұратын сайыста үміткерлер қазақ және әлем әдебиеті, кино, танымал шығармалар турасында суретті сұрақтарға жауап берді.

Нәтижесінде I орынды С.Лапин атындағы №261 орта мектеп құрамасы жеңіп алса, II орын Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің оқушыларына бұйырды. Үздік үштік қатарынан С.Әлжіков атындағы №144 орта мектеп құрамасы көрінді.

– Не үшін оқуымыз керек? Інілеріме үнемі айтып жүремін. Кітап оқыған адам ақылды емес, оқымайтын адам ақымақ емес. Кітап оқу өмірге стимул береді. Өзіндік көзқарасыңды қалыптастырып, кез келген жағдайда дұрыс анализ жасауға, ойыңды дұрыс жеткізе білуге мүмкіндік сыйлайтын кітап. Үлкендердің жастарды кітап оқымайды деп сынға алуы өздерінің қателігі деп ойлаймын. Егер үлкендер бізге бағыт-бағдар беріп, өзі қолына кітап ұстап автобуста жүрсе немесе кітапты насихаттап жүріп «жастар кітап оқымайды» десе түсінуге болады. Бір жағынан, кітапқа қазір ұялы телефон, әлеуметтік желі сынды бәсекелес көп», – дейді Талғат Меңдібай.

«Kitap Qurttary» зияткерлік клубы өңірдегі білімді жас­тардың қозғалысына айналып үлгерген, бүгінде әр өңірдегі интеллектуал 200-ден аса жастың басын біріктірген ұйым. Аталған клуб бүгінге дейін түрлі деңгейдегі білім сайыстарын ұйымдастырып келеді.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: