Жалағаш ауданында өткен ақпараттық насихаттық жұмыстар барысында республикалық және өңірлік коалиция мүшелері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Руслан Рүстемов, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тлеумбетов пен облыстық мәслихат депутаты, өңірлік коалиция мүшесі Әмірбек Шаймағамбетов «Есіктен есікке» акциясына қатысты.

Олар аумақтық коалиция жетекшісі Өмірзақ Елеусінов, аумақтық коалиция мүшелері Қаншагүл Мұстафаева және Қуат Ахетовпен ардагерлердің үйлерінде болып, жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен нормаларды түсіндірді.

Коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасының негізгі мақсаты – әділ қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту екенін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті нақтылау мәселелері де сөз болды.
Өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тлеумбетов реформалар аясында өңірлердің рөлі артып, жергілікті өзін-өзі басқару институттары күшейетінін жеткізді. Бұл өзгерістер өз кезегінде аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.
Коалиция мүшелері Руслан Рүстемов өз сөзінде референдум әр азаматқа ел болашағына тікелей ықпал ету мүмкіндігін беретінін тілге тиек етті. Ал Нұртөре Жүсіп Жаңа Конституция жобасының ашық әрі жария талқылаудан өткенін, қоғам тарапынан түскен ұсыныстардың ескерілгенін атап, құжаттың шынайы халықтық сипатқа ие екенін және оның қабылдануы елдің саяси жаңғыруына серпін беретініне тоқталды.
Жалпы акция аясында ардагерлер өз ой-пікірлерімен бөлісіп, алдағы референдумның ел тыныштығы мен болашағы үшін маңызының зор екеніне тоқталып, қолдауға дайын екендіктерін білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
