Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 06:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Көктем қарбаласы: жанар-жағармай жыры, алаңдаулы диқан

08.04.2023

842 0

Сурет: Қазақпарат

Жанар-жағармай бағасы көктемнің басты мәселесіне айналғаны қашан? Жер бусанып, диқан егін егуге кірісер сәтте жанар-жағармай мәселесі жыл сайын қылтиып шыға келетіні әдетке айналды. Бұл мәселе биылғы көктемді де айналып өтпеді. Өткен аптада оңтүстік өңірлерде шаруалардың жанар-жағармай таппай жатқаны туралы ақпарат тарады. Мұнан соң сұйық отынның бағасы жайында айтыла бастағаны шындық. Егін егу қамына кіріскен

шаруалар «жанар-жағармай бағасы

биыл қалай болар екен?» деп алаңдап қалды.

Көп көкейіндегі түйткілді сауалға 4 сәуір күні Үкімет үйінде өткен отырыста нүкте қойылды десек те болады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жанар-жағармай бағасына өзгеріс қажет екенін, әйтпесе шаруаға қажет кезде тапшылық болу қаупі барын да жасырмады. Премьер-министрдің айтуынша, жанар-жағармай бағасының арзан болуының кері әсері де бар екен.

– Елімізде жанар-жағармай өндіру жыл сайын өсіп келеді. Сонымен қатар тұтыну көлемі де арта түсуде. Бірақ ол ішкі тұтыну көлемінің өсуіне байланысты болып отырған жоқ. Бағасы айтарлықтай арзан болғандықтан, біздің отынды көрші елдерге тасып әкету үрдісі белең алды, – деді Үкімет басшысы.

Жанар-жағармай бағасы жағынан өзге елдермен салыстырғанда бізде ғана арзан екен. Сандарды сөйлетсек, жанармай бағасы Ресейде 45%-ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда 100%-дан жоғары. Демек, біздегі арзан бағадағы жанармайға сырттағылардың сұранысы артуда. Нәтижесінде біз де жанармай тапшылығына, әсіресе егін егу кезінде дизель отынымен қамтамасыз етуде елеулі қиындықтар туындауының себебі осы.

– Бензин мен дизель отынының бағасын одан әрі ұстап тұру елдің энергетикалық қауіпсіздігіне теріс әсер етуі мүмкін. Біз Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмасын төмендетуге мәжбүрміз. Бізде бұдан басқа жол жоқ. Әйтпесе бір айдан кейін жанармай тапшылығына тап боламыз, – деді Премьер-министр.

Ішкі нарықты жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету үшін Үкімет нақты шешім қабылдады. Алайда бұл шешімді қабылдау да оңай болмағанға ұқсайды. Себебі жанар-жағармай бағасының қымбаттауы елге жақпайтыны сөзсіз. Амал жоқ, Үкімет жанармай бағасын көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Премьер-министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты.

– Бұл оңай шешім емес, бірақ оны қабылдауға мәжбүрміз. Егер қазір мұндай шешімді қабылдамасақ, онда жақын арада жанармай тапшылығына тап боламыз, – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстанда дизель мен бензиннің тұтыну деңгейі өте жоғары. Жылына 1 адамға дизель отыны 370 литрден келеді. Мысалы, Ресейде – 225 литр, Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр. Тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді.

– Мұндай жағдай жанар-жағар­майдың көрші елдерге транзиттік көліктермен және «сұр» экспорт түрінде шығарылуының артуына байланысты. Ал экономиканың негізгі салаларында нақты тұтыну көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ, – деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының айтуынша, мемлекет жанармай өндірісін ұлғайту үшін барлық шараны қабылдауда. Мы­салы, өткен жылы дизель отынын өндіру 5,2 млн тоннаны құрап, рекордтық деңгейге жеткен. Жалпы соңғы 5 жылда бензин өндірісі 70%-ға, дизель өндірісі 33%-ға өсті.

– Отандық мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеуде. Алайда жанармай тапшылығының қаупі азаяр емес. Сыртқа әкету мен тапшылықтың негізгі себебі – Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының төмендігі болып отыр. Мысалы, Ресейде дизель отыны 45%-ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда 2 есе қымбат. Нәтижесінде арзан отын әртүрлі жолмен көрші елдерге әкетіліп жатыр», – деді Үкімет басшысы.

Айта кетелік, наурыз айының өзінде жанар-жағармай материалдарын тұтыну көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15%-ға өскен. Мамандар елде баға айырмашылығын қысқартпаса, онда биыл 850 мың тоннаға дейін көлемде жанармай тапшылығына тап болады деген болжам жасалуда.

– Біздің арзан отын өзіміздің ұлттық мүдделерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр. Сондықтан жанар-жағармай нары­ғындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын төмендету керек. Бұл елден мұнай өнімдерінің жап­пай шығарылуын азайтуға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бізде бұдан басқа жол жоқ», – деді Премьер-министр.

 Өз өніміміздің сыртқа кетуіне бір тоқтам болуы тиіс. Үкімет басшысы бұл орайда арнайы шара қабылданатынын жеткізді. Премьер-Министр қазақстан­дық отынды көрші елдерге заңсыз шығаруға әлемдік нарықтағы ахуал ықпал етіп отырғанын атап өтті.

 – Көрші елдерде дизель мен бензин­нің бағасы айтарлықтай жоғары. Ашық экономика жағдайында тауарлар бағасы қымбатырақ елге қарай өтеді. Әрине, біз шекараны жаба аламыз. Негізінде бізде жанар-жағармай материалдарын теміржол және автомобиль көлігімен шығаруға тыйым салынған. Сондай-ақ бұл бағаны тежеуге айтарлықтай әсер етіп отыр. Егер мұндай тыйым болмаса, онда жанар-жағармай материалдарының шығарылуы бүгінгіден әлдеқайда көп болар еді. Бірақ кез келген тыйым салу шаралары уақытша ғана әсер етеді, ұзақ мерзімді перспективада олар тиімсіз, – деді Әлихан Смайылов.

 Енді шекарада жанармайды заңсыз шығару әрекеттерінің жолын кесу жұ­мыстары тұрақты жүргізілетінін айтты.

– Машинаға қосымша жанармай бактары орнатылып, адамдар жанар­майды тіпті канистрлерге құйып шы­ғарып жатады. Әрине, бәріне айыппұл салып, жауапқа тартуға болады. Біз мұндай қадамдарды қолға алып, жауап­кершілікті күшейтуге бағытталған заңнамаға өзгерістер енгіземіз. Сонымен қатар заңсыздыққа жол ашатын эконо­микалық қызығушылықтарды төмен­детуіміз керек, яғни баға алшақтығын қысқарту керек, – деді Премьер-Министр.

Диқандар жанар-жағармай бағасы­на алаңдамаса да болады. Биыл дизель отынының бағасы тұрақты әрі жеткілікті болады. Бүгінде өңірлерге 413 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың тоннаға артық. Көктемгі дала жұмыстарына бекітілген көлем басымдық тәртібімен жөнелтіледі.

– Көктемгі егіс жұмыстары аяқ­талғанға дейін фермерлер үшін дизель отынының бағасы өзгермейтінін мәлім­деймін. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, республика бойынша орташа құны литріне 204 теңгені құрайды. Бұл ішкі нарықтағы қазіргі бағадан 15-20%-ға төмен, – деді Үкімет басшысы

Сонымен қатар Үкімет өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп арзандатылған отынды ауыл шаруашылығы өндіру­шілеріне жеткізу бойынша бақылау шараларын күшейте түспек.

– Біз арзандатылған дизель оты­нының қажетті көлемін бөліп жа­тырмыз. Бірақ кейбір операторлар ар­зандатылған дизель отынын барлық фермерлерге жеткізу бойынша өз мін­деттемелерін толық орындамай отыр. Біз қазір мониторингті күшейтіп, бар­лық фактілерді тексереміз және жосықсыз операторларды жауапқа тартамыз. Болашақта біз олармен жұмыс істемейміз, – деді Үкімет басшысы.

Жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияға әсер ететіні жасырын емес. Үкімет басшысы бұл сұрақтың да жауабын айтты.

– Шынымен де, жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияға белгілі бір деңгейде әсер етеді. Олардың тұты­ну қоржынындағы үлесі: дизель оты­ны – 0,4%, АИ 92 бензині – шамамен 2%. Осыны ескере отырып, биылғы баға өсуінің тікелей әсері инфляцияның 0,35 пайыздық тармағына бағаланады, – деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, оның жанама әсері де болады, себебі жанар-жағармай материалдары отын өндірушілер шығындарының құры­лымына кіреді.

Мемлекет басшысының тапсырма­сымен инфляцияны тежеу шаралары қолға алынбақ.

– Наурыз айының қорытындысы бойынша біз инфляция қарқынының айтарлықтай баяулағанын көреміз. Егер ақпан айында жылдық инфляция 21,3% болса, наурыз айының қорытындысы бойынша – 18,1%. Бұл үрдіс одан әрі жалғасады. Біз инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған шаралар ке­шенін белсенді түрде іске асырамыз, – деді Үкімет басшысы.

Қалай айтқанда да, жанар-жағармай бағасы өсетін болды. Ең бастысы, Жер-Анадан несібесін тауып, ел эко­номикасының өрлеуіне айтарлықтай үлесі бар диқан қауымы қиналмаса екен дейміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: