Жексенбі, 22 желтоқсан, 23:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Көктемгі тасқынға дайындық қалай?

31.01.2023

899 0

Еліміз бойынша 127 мыңнан астам үй су басу қаупі бар аймақта орналасқан. Бұл жөнінде Үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты. Министр Қазақстан көктемгі тасқынға дайын емес екендігін жеткізді.

Әні-міне дегенге көктем мезгілі де келеді. Күн әп сәтте жылыған кезде су тасқыны болып, жылда кейбір аймақтар әбігерге түсетін. Сондықтан да биыл  ТЖМ алдын-алу шараларын ерте бастап та кетті.

Министрдің сөзіне сүйенсек, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облысын су алу қаупі бар. Былтырғы талдау нәтижелері бойынша, су тасқынының негізгі себептері – өзен арналарының балдырлануы мен лайлануы, арық жүйелердің болмауы, су қорғау аймақтарында тұрғын үйлердің салынуы. Юрий Ильин­нің айтуынша,  су тасқынына қарсы іс-шара­ларды атқаруда жергілікті әкімдіктер дұрыс жұмыс істемейді. 

– Әкімдіктер 2022 жылға көзделген Жол картасының барлық іс-шараларын іске асыр­ған жоқ. Бүгінде 15,6 миллиард теңгеге 41 іс-шараны іске асыру аяқталмаған. Бұған жер­гілікті бюджеттерден қаражаттың бөлінбеуі немесе уақытылы бөлінбеуі ықпал етті. Өткен жылдардағы тәжірибе бойынша, елді мекендерді су басу қаупінің алдын алуда қардың уақытылы шығарылуы, су айдау құралдарының болуы және өзендердегі мұздың әлсіреуі  маңызды, – деді министр Юрий Ильин.

Сонымен қатар Премьер-Министр Әлихан Смайылов тасқынға қарсы дайындық мәселе­сінде әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің арасында үйлескен жұмыс жоқтығын сынға алды.

– Наурыз айы қалыпты нормадан жылы болады деген болжам бар. Демек, қардың күрт еруінен елдің бірқатар өңіріндегі жағдай қиын­дап кетуі мүмкін. Кейбір аймақтардағы жағдай жыл­дан-жылға қайталанып келеді. Бұл бірінші ке­зекте Төтенше жағдайлар министрлігі мен жер­гілікті билік арасындағы жауапкершілікті бір-біріне сілтеу мәселесіне қатысты болып отыр, – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Үкімет басшысы су тасқынының алдын алу және одан келетін шығындарды азайту әкімдіктердің жүйелі жұмысына тікелей байланысты екенін қадап айтты.

Министрдің болжамына сүйенсек, наурыз айында Оңтүстік өңірлерде су тасқыны бас­талады. Қазір жергілікті билік каналдар мен арықтарды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, Индустрия министрлігі республикалық жолдың 387 учаскесін де су басуы мүмкін екенін айтты. Аталған аумақтарға 500-ге жуық техника бекітілген екен. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жауапты ми­нистрліктер мен жергілікті әкімдіктерге көктемгі су тасқынына дайындықты бастауды тапсырды.

Ал Сырдағы ахуал қандай? Биылғы қыста Сырдарияны толықтай мұз басты. Күн жылыған сәтте қауіп келуі де мүмкін. Сондықтан да тілсіз жаудан сақ отырудың артықтығы жоқ.

Сыр өңірі аумағындағы су тасқыны қауіп­ті кезеңде төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында облыстық ТЖД бастығының орынба­сары подполковник Б.Әбдіқадыров аудан­дарды аралап, көктемгі дайындықты пы­сықтап қайтты.

Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметіне сүйенсек, облыс көлемінде 29 елді-мекенді су басу қаупі төніп тұр. Осыған орай аймақта 60 эвакуациялық жинақтау, 78 эвакуа­циялық қабылдау пункті орналасқан. Өзенге жақын жерде тұратын тұрғындар арасында тұ­рақты үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.  Қазіргі таңда жоғары су арналарынан секундына 600 текше метр су келуде. Алайда төтеншеліктер су тасқынына байланысты қауіп бар екенін жа­сырмайды. Жауапты мамандар мол суды, тасқын болдырмай облыс аумағынан жоспарлы түрде өткізіп жіберуге дайын екендіктерін ай­тады. Алайда апат айтып келмейтіні тағы бар. Қалай десек те қауіпті аймақтар барлық сақтық шараларын  қолданып, көктемгі тасқыннан тұр­ғындар зардап шекпейтіндей дайын болғаны жөн.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: