Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 15:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Көңілде мұңды із қалды

16.12.2023

975 0

Осыдан 37 жыл бұрын 16 желтоқсан күні Алматының орталық алаңында қанды оқи­ға болды. Бұл оқиға қазақ елінің мәңгі есінде. Себебі ол күні кеңес үкіметі халықтың пікірімен санаспай 24 жыл ел басқарған Дінмұхамед Қонаевты қызметінен түсіріп, орнына Геннадий Колбинді тағайындады. Бұны естіген жас студенттер мен қазақтың қарапайым жұмысшылары наразылық та­нытып, күннің ызғарлы суығына қара­мастан жалаң қолмен «Колбин кет!», «Біз бостандық үшін!» және тағы да басқа жазуы бар плакаттар ұстап, Алматының орталық алаңына  шыққан. Бейбіт шеруге 300-ге жуық адам жиналып, билікті қазақ басқаруын талап етеді. Кейін олардың саны 20 мыңға жетеді. Жиналған қалың жұрттың талап тілегін тыңдамастан оларды тарқатуға тырысады. Бұндай шеру Қазақстанның өзге қалаларында да орын алады. Алайда Алматының ор­талығына жиналған қалың көпшілікті тар­қату қиынға соққандықтан кеңес үкіметі халықты күштеп тоқтатуға шешім қабылдап, Қазақстанға арнайы «Құйын-1986» әскери күшін жібереді. Содан шерудің үшінші күні яғни 18 желтоқсанда күннің ызғарлы суығында беті қызарып ісініп, тоңған қара­пайым халықты «Құйын-1986» әскері келіп жан-жағынан қоршап алып аяусыз соққыға жығады. Олардан қашуға тырысқан жастар көпшілік арасында тапталып суық жерге құлады. Ал өрімдей қыздарды ша­шынан сүйреп, көлікке отырғызған әскер­лердің жауыз болғаны сонша аязды күні қыздарға зорлық-зомбылық көрсетсе, жи­налған демонстранттарды итке талатып, өрт сөндіретін көліктен мұздай су шашып, сапер күрегімен, резеңке таяқпен және басқа да құралдармен өлімше етіп ұрып-соғып, оларды көлікке мал тиегендей тиеп, өлі-тірісіне қарамай қала шетіндегі сайға апарып лақтырған.  Қалған тоқсан тоғыз адамға «маскүнем», «нашақор», «бұзақы» деген жала жауып абақтыға қамаса, 264 студентті оқудан шығарып жіберген. 

Иә, тарихи деректер осылай дейді. Осы оқиғаны еске салатын «Желтоқсан желі» әні көп дүниеден хабар береді. Кейін осы әннің авторы Әбиірбек Тінәлиев өлеңнің  шығу тарихын талай журналистке айтып берді. Біз «Жетісу» телеарнасына берген сұхбатынан мәлімет алдық.

– «Желтоқсан желі» Алматының қақ ортасындағы алаңдағы қанды қырғын болған үш күннің екінші күні, яғни 1986 жылдың 17 желтоқсаны күні жазылды. Ол кезде мен Жамбылда тұратын едім, сол себепті алаңда бола алмадым.

Бізді Алматыға жібермеді, ол кезде еш­қандай рұқсат болмады. Сол себепті біз қапалы күйде үйімізде отырдық. Осы үшін әлдекімдерге ренжідік… Жалпы бұл сол оқиғада туған ән еді. Біз Жүніс Әлімбек есімді актер екеуіміз ақын Әбдірахман Асылбеков ағамызды тауып алып, әлгі әнге сөз жазғыздық. Кейін Алматыға келіп, әнімізді Қазақ радиосының студиясында жазғыздық, бірақ әуе толқынынан беруге рұқсат етілмеді. Сол жылдарда «Желтоқсан желі» әні ең алғаш Азаттық радиосы арқылы халыққа жетіп еді.

«Қазақ радиосы» Колбин «көкеміз» кеткенше бұл әнді эфирге шығарған жоқ, ал «Азаттық радиосы» бұл әннің тұсауын кесіп, тыңдарманға ұсынған болатын, – дейді Әбиірбек Тінәлиев.

Оның айтуынша, қазір бұл ән көп сахнада шырқалмайды,  бұны кейінгі ұрпақ естіп, біліп қана қоймай,  сезінуі керек.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: