Жұма, 19 сәуiр, 04:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық спортқа қамқорлық қажет

21.03.2023

881 0

Сурет: www.gov.kz

Қазақ халқы Ұлы дала төсінде ат құлағында ойнап, көкпар тартуымен-ақ әлемге танылған. Бала күнімізде ауылда көкпарды ай сайын беретін. Тіпті ауыл ішіне кіріп кететін жағдайлар жиі кездесетін. Оның өзі ерекше қызық өтуші еді. Ауыл-ауыл болып, көкпарды өз жағына тартып, жеткізбей кетуге тырысатын. Шаңын бұрқыратып даурығып, аттарын кезек-кезек қамшылаған көкпаршылардың бейнесі күні кешегідей есімде.

Ал қазір өкініштісі сол, жылына бір рет өтсе де қуанамыз. Ол да себепсіз өтпейді. Үлкен ас беріп, той жасағанда ғана көкпар беріледі. Жасыратын несі бар, ұлттық спорт түрлерін Наурыз мерекесінде, той-жиындарда ғана ұлықтаймыз. Алайда бір қуанарлығы, соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлерін кең көлемде насихаттап, дамытуға ден қойылып келеді.

Мәселен, «Қазақ барысынан» басталып, «Азия барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы» турнирлеріне ұласқан қазақша күресті ерекше айта кету керек. Алдағы уақытта қазақ күресі олимпиада ойындарына енгізіліп қала ма деген арман да жоқ емес. Әрине, ол болашақтың үлесіндегі дүние. Елдің, ұлттың ерекшелігін танытатын ұлттық спорт түрлерін дамыту, алдымен, сол елдің рухын көтеруге жұмыс істейді. Сондықтан ұлттық спорт түрлерін дамыту, оны заманға сай лайықтау керек.

 Қашанда ұлттық спорт түрлері құндылығымызды жоғалтпай, салауатты өмір салтын ұстануға сеп болатыны анық. Оның ішінде ләңгі тебу, қазақ күресі, қол күресі, гір көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ түрлерін ұрпақ бойына сіңіре бергеніміз жөн. Дүние жүзіндегі әр халық өз спортын әлемдік деңгейге дейін көтеруде. Ал біздің ұлттық ойындарымызға насихат жетіспей жүрген сияқты.

Қарап отырсақ, барлық ел өздерінің ұлттық ойындарын кеңінен насихаттауға тырысады. Мәселен, жапондар дзюдо күресін әлемге таныту үшін 1970 жылдары күреске арналған киімдері мен татамилеріне дейін дүниежүзіне тегін таратқан екен. Жаттықтырушыларды дзюдоны тегін үйрету үшін барлық елге аттандырады. Дзюдодан халықаралық жарысты жиі өткізді. Сөйтіп, дзюдо күресінің халық арасына кең тарауына жағдай жасады. Осылайша уақыт өте дзюдо олимпиадалық ойындардың қатарына енді.

– Өткен жылы ұлттық спорт үшін жеңісті де жемісті  жыл болды. Атап айтсақ, 24 рет Әлем чемпионатының жүлдесін алдық. Оның ішінде күміс, қола жүлдегерлерміз бар. Азия чемпиондары қаншама. Сондай-ақ Әлем кубогін, Азия кубогін өткіздік. Соның бәрінің жеңімпаз жүлдегерлері ұлттық спорт тарихындағы үлкен жаңалық деуге болады. Біздің мақсатымыз ұлттық құраманы жасақтап, оларды дайындап халықаралық аренаға шығару. Нәтижесі де жаман емес. Былтыр қоржынымызға алтын, күміс, қола да түсті. Ең бастысы біз медальдың санына емес, сапасына жұмыс істеп, ұлттық спортты өз деңгейіне көтергіміз келеді, – деді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары Қарлығаш Әсетқызы.

Ал енді ата-бабамыздан мұра боп қалған ат спортына тоқталайық. Аттың құлағында ойнап, жауға шапса сенімді серігі қылған, тұлпарын жеті қазынаға теңеген қазақтың бүгінгі жайы көңіл көншітерлік емес. Бүгінде қазақ асыл тұқымды тұлпарды ұмытты десек болады. Оны күнделікті өмірде айналаңызға зер салып қарасаңыз, анық байқауға болады. Бұрын қазақ жерін нағыз асыл тұқымды жылқының отаны деп есептеген. Өкінішке қарай, қазір сол жылқыларды өзгелер иемденіп алды. Жай шауып жүрген жоқ, өнер көрсетіп жүр. «Алтынның қолда бар да қадірі жоқ» деген осы шығар. Ипподром дегеннен шығады-ау, мәселен, осы қаламызда жылына неше рет бәйге ұйымдастырылады? Екеу, бәлкім үшеу… Әйтеуір аз екені анық. Осы ат жарысынан үлкен пайдаға кенеліп, үлкен спортқа айналдырып отырған мемлекеттің бірі – Швеция.

Бұл елде жылда жоғары деңгейдегі үлкен бәйгелер өтуі әдетке айналып, бір ізге түскен. Қыстың суығына қарамай қала шетіндегі ипподромдары халыққа толы болады екен.. Өкінішке қарай, біздің спортшыларымыз осындай жарыстардан шет қалып жүр. Тағы айта кететін жайт, қазіргі таңда Франция бюджетінің 25 процентін осынау ат спортынан түскен пайда құрайды деген ақпаратты оқыдық. Ал көрші елдегі аты жер жарған, талай еуропалық футбол және баскетбол клубтарының демеушісіне айналған «Газпром» компаниясы Ресейдегі ат спортының негізгі демеушісі екен. Біздің елде ат спортын қолдау мәселесі әлі де ақсап тұр. Жарыс аз өтеді. Еуропа елдерінде ат спортынан жарыс бізге қарағанда 4-5 есе көп. Олардың артықшылығы да осында болып тұр ғой.

Жалпы, тек қазақ қана емес, қай халықтың да ұлттық ойындарында сол ұлтқа тән мәдениет пен мiнез-құлқы танылады. Соның iшiнде жалпы ережесi қалыптасып, жарыс күнтiзбесiне енiп, спорт түрiне айналғандары қаншама? Негiзi ел арасына кеңiнен тараған 200-ден  астам ұлттық ойын бар. Алайда Тәуелсіздік жылдарында ұлттық спорттың 20-дан астам түрі белсенді дамыды.

Ұлттық спорттың жай-күйін қай кезде айтсақ та маңызды. Өйткені  әлем чемпионатынан қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, бәйге, асық ату секілді ұлттық спорт түрлерін көргісі келеді. Спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі орасан зор маңызын айтпағанның өзінде, жас мемлекеттің дамуына қосар үлесінің салмағы қаншалықты екенін бағамдай беруге болады.

Алдағы уақытта батырлар мен мықтыларды дүниеге әкелген алаш жерінен әлемдік аренаның талай рингтерін бағындыратын Қажымұқандай алыптар шығары анық.  Сондықтан халық барда ұлт спорты кенжелеп қалмайды деген сенімдеміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: