Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан Ормұз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалы тоқтап, әлемдік нарық ең ірі мұнай тапшылығын сезініп отыр. Халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) мұнай қорының сарқылып жатқанын алға тартып, жыл соңына дейін баға құбылмалылығы жоғары болады деп ескертеді, – деп хабарлайды kursiv.media
Екі жарым айға созылған текетірес
Таяу Шығыстағы соғыстың басталғанына он аптадан асса да, Ормұз бұғазындағы жағдай әлі де тұрақталған жоқ. Бұл стратегиялық маңызды су жолының бұғатталуы әлемдік мұнай қорын күрт азайтты.
ХЭА-ның алдын ала мәліметі бойынша, АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін Парсы шығанағындағы экспорт шектеліп, наурыз айында мұнай қоры 129 миллион баррельге, ал сәуірде тағы 117 миллион баррельге төмендеген.
Ең үлкен шығын ЭЫДҰ елдерінде байқалып отыр, бұл мемлекеттердің мұнай қоры 146 миллион баррельге азайды.
Агенттік Парсы шығанағындағы мұнай өндірушілердің шығыны 1 миллиард баррельден асқанын және күніне 14 миллион баррель мұнай аймақтан шыға алмай жатқанын мәлімдеп, бұл жағдайды «теңдессіз соққы» деп сипаттады.
Төтенше қордан 400 млн баррель бөлінді
Жағдай қиындаған соң, агенттік құрамындағы мемлекеттер төтенше резервінен 400 миллион баррель мұнай шығару туралы шешім қабылдап, оның 164 миллион баррелі қазірдің өзінде сатылып кеткен.
АҚШ пен Иран арасындағы бұғазды қайта ашуға бағытталған келіссөз нәтижесі белгісіз болғандықтан, баға күрт құбылып жатыр.
Мәселен, North Sea Dated мұнайының баррелі 144 долларға дейін көтеріліп, кейін 100 доллардан төмен түсіп, қайтадан өсе бастады.
Осы орайда Сауд Арабиясы мен БАӘ кейбір экспорт бағыттарын бұғаздан тыс терминалдарға бағыттаса, Атлант бассейніндегі өндірушілер Азияға жөнелтпек.
Ресей де ішкі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдар мен АҚШ-тың уақытша жеңілдіктерінен кейін сыртқы нарыққа шығарылатын экспорт көлемін көбейтті.
Сұраныс төмендеп барады
Экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі мен жанармай бағасының қымбаттауы тұтыну көлеміне кері әсерін тигізіп жатыр.
ХЭА 2026 жылы әлемдік мұнай сұранысы күніне 420 мың баррельге азайып, жалпы 104 миллион баррельді құрайды деп болжайды. Бұл соғыс басталғанға дейінгі болжамнан 1,3 миллион баррельге төмен.
Әсіресе мұнай-химия және авиация салалары қатты зардап шегуде. Агенттіктің пайымдауынша, егер үшінші тоқсанда Ормұз бұғазы арқылы тасымал біртіндеп қалпына келсе, сұраныс жыл соңына қарай өсе бастауы мүмкін.
Алайда жеткізу көлемі баяу қалпына келетіндіктен, нарықтағы тапшылық төртінші тоқсанға дейін сақталады. Сондықтан жазғы маусым қарсаңында мұнай бағасы тағы құбылуы мүмкін.
Ирандағы соғыс 2026 жылғы 28 ақпанда басталған. Сол күні АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасаған. Артынша Тегеран Таяу Шығыс елдерінде орналасқан америкалық базалар мен Израильге қарымта соққы берген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
