Әлемде ең көп таралған дерттің бірі – жүрек-қан тамырлары аурулары. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында мұндай диагнозы бар пациенттер қымбат оталарға, тексерулерге және дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алады. Кардиологиялық пациенттерге амбулаториялық деңгейде көрсетілетін көмек туралы № 6 Қызылорда қалалық емханасының жұмыс туралы материалында.
Рысбек Төлеуұлы «созылмалы жүрек жеткіліксіздігі» диагнозымен диспансерлік есепте тұр. Осыдан бес жыл бұрын оған кардиовертер-дефибрилляторды орнату бойынша ота жасалған.
– Дәрігердің тұрақты бақылауындамын. Қазір ентігу мен аяқтағы ісіну азайды. МӘМС-тің арқасында қажетті дәрі-дәрмек пен емді уақытылы алып отырмын, – дейді пациент.
75 жастағы Данияр Баялимовқа аортокоронарлық шунттау отасы жасалған. Оған жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылған.
– Көп уақыт бойы қыжыл мазалады. Өттің тоқырауынан шығар деп ойладым, бірақ бұл жүрек ауруының белгілері болып шықты. Отадан кейін тез қалпыма келдім. Салауатты өмір салтын ұстанамын, көп жаяу жүремін. Әр үш ай сайын тексеруден өтемін. Мұның бәрі МӘМС аясында көрсетіледі, – деді ол.
Бүгінде емханада жүрек-қан тамырлары ауруларымен есепте тұрған екі мыңға жуық пациент бар. Кардиолог Таир Белгібаевтың айтуынша, пациенттер жоғары технологиялық оталарға уақытылы жолданып, қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
– Мәселен, орташа өкпе гипертензиясы бар пациенттер емханада ай сайын «Бозентан» дәрі-дәрмекті алады. Бір қаптамасының құны 400 мың теңгеден асады. Бір сөзбен айтқанда, пациенттер МӘМС жүйесі аясында қажетті емді шығынсыз алады, – деп атап өтті дәрігер.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
