Жексенбі, 28 сәуiр, 19:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Аймақтағы ауқымды жобалар партия бақылауында

31.07.2023

132 0

Кеше «AMANAT» партиясының облыстық филиалында партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманжол Оңғарбаев сайлауалды бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

Брифингте «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы, жол карта­сының уақытылы орындалуын қадағалау, өзекті мәселелерді мерзімінде шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгенін жеткізді. Сондай-ақ фракцияның жаңа құрамы өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жатқандығын атап өтті. 

– Мәслихаттағы депутаттық фрак­цияда және партия жанындағы кеңес­терде жол картасының орындалуы пысықталды. Бұл жиындарға жауапты ұйымдардың өкілдері де қатысты. Жол картасындағы іс-шараны іске асыру үшін қаржыландыру жағдайы талданып, тиісті ұсыныстар берілді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні орындалмау қаупі бар мәселелер анықталған жоқ. Соңғы 6 айда облыста жол картасындағы 122 іс-шараның 8 пайызы орындалып, 86 пайызы орындалу үстінде, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Сонымен қатар жол картасының эко­номиканы дамыту бағыты аясында жыл басынан бері шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жалпы құны 10 млрд теңге болатын 198 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Ал жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыру бойынша 722 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген.

– Ауыл шаруашылығында ірі инвести­циялық жобаларды іске асыру, су үнемдеу технологиясын қолдануды ұлғайту, «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында мем­лекет меншігіне жерлерді қайтару, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұр­ғындарының табысын арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биыл 2 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олар – «Асыл Дән ЛТД» ЖШС-нің Қызылорда қаласында күріш өңдеу зауытының құрылысы мен Шиелі ауданында қуаттылығы 700 тонна көкөніс сақтау қоймасының жобасы. Сондай-ақ ағымдағы жылы 108 мың гектар жер мем­лекетке қайтарылды. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 20 шілдеден бастап несие­лендіруге құжаттар қабылдана бастады, – деді «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі.

Биыл инфрақұрылымдық жүйелерді жақ­сарту мақсатында елді мекендерді газдандыру бойынша 25 жоба іске асуда. Оның ішінде 2 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округі мен Махамбет елді мекені, Жаңақорған ауданындағы Қызылмақташы елді мекеніне газ құбыры жүргізілген. Қазіргі таңда 12801 тұрғын «көгілдір отын» игілігін көруде.

Білім беру, денсаулық сақтау қызмет­терінің қолжетімділігін арттыру бағытында да Жол картасына сәйкес 2023-2027 жылдар аралығында облыста 26 мектеп және 4 мек­тепке қосымша құрылыс жүргізу жос­парланған. Биыл құрылыс жұмыстарына 22 671 млн теңге қаражат қаралған. Бүгінгі күні үш ауысымда оқыту мәселесін шешу мақсатында облыс орталығындағы 4 мектептің жанынан 1850 орынға лайықталған қосымша ғимарат құрылысы жүруде. Осылайша биыл үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі деп күтілуде. Ал аудан мектептеріндегі орын тапшылығын шешу мақсатында биыл  Жаңақорған, Шиелі, Қазалы ауданында жаңа білім ошағы пайдалануға берілмек.

Жол картасы аясында жүзеге асатын жоба­лардың бірі – спорт кешенін салу. Бұл бағытта биыл 7 аудан мен облыс орталығында барлығы 14 спорт кешені салынуда. Қазіргі таңда оның 2-еуі пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 9 спорт нысаны ел игілігіне берілмек.

Денсаулық саласы бойынша аймақта құны 9,7 млрд теңге болатын 27 медициналық нысан бой көтереді. Оның ішінде 14 ден­саулық сақтау нысанының құрылысы биыл басталады. Ал қалғаны келер жылға жоспарланған.

Аймақта жүзеге асатын ауқымды жобалар жетерлік. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы «AMANAT» пар­тиясы облыстық филиалының бақылауында болады. Брифингте «AMANAT» партиясы­ның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманжол Сақыпұлы партиялық бақылау қызметі бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқ­талды. Оның айтуынша, бүгінгі күні 238 сауда нысанына, 133 дәріханаға, 114 жанар май құю бекетіне партия тарапынан талдау жүргізіліп, баға тұрақтылығы бойынша түсін­дірме жұмысы жүргізілген. Қазіргі таңда 31 партиялық бақылау нысаны жұмыс істеуде. Алдағы уақытта тағы 15 бақылау нысаны ашылмақ.

Сонымен қатар облыстық мәслихаттың фракция мүшелері 34 қоғамдық қабылдау өткізген. Соның аясында өткізіп 223 тұр­ғынды қабылдап, мәселесінің оң шешім табуына ықпал еткен.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: