Қоғамда көзілдірікке тәуелділер көбейді. Бірі алысты шырамытамын десе, екіншісі жақынды аңдамаймын деп, дәрігерге жүгінген. Ауру түрі көбейгендіктен болар, қойылатын диагноз да сан алуан, миф те жоқ емес. Тіпті соңғы уақытта көзілдірік тағу көзді «жалқау» етеді деген пікір бар. Осы орайда болжамға алданып, уақыт өткізген азаматтарды көріп жүрміз. Сондықтан «Көзілдірік кимеу қауіпті ме?», деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Бір тұжырым анық. Ол – дәрігер адамның көру қабілеті нашар болғандықтан көзілдірік киюке кеңес береді. Дегенмен кейбіреу көп себепті сылтау етіп, мүлде көзілдірік кигісі келмей, барынша қашқақтайды. Осы әрекеті арқылы көзге зиян келтіріп, көру қабілеті нашарлай түсетінін аңғара бермейді.
«Көзілдірікті және контактілі линзаны миопияның, гиперметропияның немесе астигматизмнің дәрежесі бойынша киюге шектеулер жоқ. Егер минус 0,5 көру қабілеті бар адам ыңғайсыздықты сезінсе, онда ол көзілдірік немесе линзаларды таңдау үшін офтальмологпен байланыса алады. Сонымен қатар түзеткіш оптикадан бас тарту, тіпті көз соншалықты нашар көрмесе де, әртүрлі қашықтықта көруді шоғырландыруға жауап беретін цилиарлы бұлшықеттің шамадан тыс кернеуіне байланысты көру қабілетінің одан да үлкен бұзылуына әкелуі мүмкін», – дейді офтальмолог-дәрігер А.Мансұрова.
Көз жұмыс істеуі үшін арнайы көзілдірікті көп тақпау керек деген теория – миф. Көзілдірікті үнемі киюдің салдарынан көру нашарлайтынын дәлелдейтін бірде-бір расталған зерттеу жоқ. Көзілдірік пен линзалар көзі нашар көретін адамның 100 пайызына дұрыс көретіндей жағдай жасайды.
Тіпті бүгінде ересектермен қатар балалар да шалалық жасап, көзілдіріктен қашады. Дәрігерлердің алаңын арттырып, дабыл қағуына себеп болған да осы жай. Өйткені көзілдірік киюге тиіс бала оны тақпаса, бинокулярлы көру қабілетінің қалыптасуында ақау пайда болады екен. Қарапайым тілмен айтқанда ми екі жанармен көрген суретті бір бейнеге біріктіре алмайды.
Әрине, таңдау еркі мен талғам бар кезеңде мәселе де тез шешілері анық. Көбі көзілдіріктің баламасын линзадан табуға көшкен. Қолайлы әрі көзде ақау барын жасырудың бірден-бір тиімді жолы. Дегенмен мұның қаншалықты тиімді нәтиже беретініне күмән келтіретіндер жетерлік. Тіпті линзаны шеше алмай, ота көмегіне жүгінгендерді де білеміз.
«Көзілдірік те, линзалар да оптикалық аномалияларды түзетудің тиімді және қауіпсіз әдістері. Мәселе ненің жақсы немесе нашар екенінде емес, нақты адам үшін қай түрі қолайлы екенін түсініп алу керек. Кейбір адамдар көзілдірік киюді ыңғайсыз деп санайды, ал басқалары линзаларды киюді қиын дейді. Барлығы жеке өзіңізге байланысты», – дейді офтальмолог.
Жалпы көруді түзетудің қай әдісі сізге сәйкес келетінін түсіну үшін офтальмологпен байланысу маңызды. Жүйелі диагностикадан өтіп, өмір салтын талдау да – нәтижеге бастар қадам. Көздің нашарлап бара жатқанын күнделікті өмірде дәрігердің көмегінсіз-ақ аңғару қиын емес. Әсіресе компьютерде жұмыс істегенде аталған олқылықты байқау қиынға соқпайды. Мысалы, монитор пайдаланған кезде экрандағы әріптер бұлыңғыр болуы ықтимал. Смартфондағы бейнені көру үшін еріксіз жақындауыңыз мүмкін. Осының бәрі көздегі ақауды білдіреді.
Е.ЯКУДАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!