Сыр күріші – ел ырысы. Ақмешіттің «Ақмаржаны» әлемге әйгілі. Біздің бренд болған осы өнімді бүгінде бүкіл ел тұтынады десек, артық айтқандық емес. Әне-міне дегенше күз мезгілі де келіп жетті. Ендеше егіс жинайтын ерекше сәт күн сайын жақындап келеді. Диқандардың жаз бойғы төккен тер, еткен еңбегі таразыға түсетін уақыт та жетті.
Биыл Қызылорда қаласына қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша 8905 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 4113 га күріш, 2818 га көкөніс, картоп, бақша дақылдары, 1278 га мал азықтық дақылдары, 656 га дәнді дақылдар және 40 га майлы дақылдар орналастырылды. Мамандардың айтуынша, күзгі егін жинау жұмыстарына 80 дана трактор, 29 дана комбайн, 23 дана жатка, 5 дана жүк көлігі және 21 дана трактор тіркемесі толығымен жөндеуден өткізіліп, күзгі егін жинау науқанына сақадай сай тұр. Сонымен қатар 1033 гектар жерге ескі жоңышқа 245 гектар жерге жаңа жоңышқа дақылдарынан барлығы 3196 тонна жоңышқа жиналды. Сондай-ақ күздік бидайдың 100 гектары толығымен орылып, одан 90 тонна өнім қамбаға құйылды. 424 гектар жаздық бидайдың 290 гектары орылып, одан 203 тонна өнім жиналды.
– Қазіргі таңда қала бойынша егілген картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін егілген 500 гектар картоптың 200 гектары жиналып 2560 тонна өнім яғни орташа өнім 128 ц/га құрайды. 1328 гектар көкөністің 970 гектары жиналды. 990 гектар бақша дақылының 620 гектары толығымен қамбаға жиналып алынды. Егін жинау жұмыстары әлі де жалғасуда. Қала бойынша егілген күріштің даму фазасы 313 гектары гүлдену, 2600 гектары сүтті пісу және 1200 гектары балауыз пісу фазасына өтті. Қазіргі таңда күріштің жағдайы 65 пайызы жақсы, 25 пайызы қанағаттанарлық және 10 пайызы нашар дамыған болып бағаланып отыр. Алдын ала жасалған кестелер бойынша егілген 4113 гектар күріш алқабының 1750 гектарының суы байланды. Су байлау жұмыстары 30 тамызға дейін жүргізілсе, күріш жинау жұмыстары 26 тамыздан бастап саралап ору, жаппай ору 5 қыркүйектен басталып 30 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарлануда, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулетбек Адбрасулов.
Аймағымыздағы іргелі шаруашылықтың бірі «Абай Дәулет» ЖШС көп жылдардан бері күріш егумен айналысып келеді. Өнімнің осы түрімен кеңінен қамтамасыз етіп отырған мекеменің көп жылғы тәжірибесі Сыр өнімінің даңқын асырып тұр. Осы орайда «Абай Дәулет» ЖШС-на қарасты «Бесарық» шаруа қожалығының басшысы Мақсат Шамшатұлының да пікірін білген болатынбыз.
– Биыл «Бесарық» шаруа қожалығында барлығы 546 гектар күріш егілді. Күрішке минералды тыңайтқыштар себіліп, сулары байлануда. Алғашқы орақ қыркүйек айының 5-нен бастап түседі деп күтіп отырмыз. Жыл сайынғы дәстүрге сай биыл да бұйырса әр гектардан 75 центнерден өнім аламыз деген жоспарымыз бар. Жасыратыны жоқ, биыл судың жетіспеушілігі қиындық туғызған болатын. Алайда арнайы су сорғыш насостарын қойып, егіс алқабының күш алып кетуіне жол аштық. Нәтижесі жаман емес. Елдің несібесі молынан болуына тілекшіміз, – дейді «Бесарық» шаруа қожалығының төрағасы Мақсат Биболатов.
Иә, Сырдың сары алтындай күріші күллі қазақтың маңдайына біткен бақ іспетті. Жаз бойы су астында тұратын өнім үлкен баптауды қажет етеді. Біздің өңірде көшеттеп күріш егуді де қолға алып жатыр. Бұл да өнімге жаңаша серпін беріп, жол ашады деп есептейміз.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!