Жұма, 27 желтоқсан, 18:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Кубада күріш еккен Кенішбай

14.08.2021

995 0

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсілге Кенішбай Әлшоразовтың көзі баяғыда жеткен. Әсіресе, табанақы, маңдай терімен күріш егіп, шаруасын дөңгелеткелі бері осы сөздің ақиқаттығына шындап ден қойған. Ол – ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың алғашқы шәкірттерінің бірі. Қызылордадан Кубаға барып, күріш еккен қазақ. Саналы ғұмырын ата кәсіптен несібесін теріп, күріш өнімін молайтып, табысқа жетуге арнаған жан. Біз Кубада күріш еккен Кенішбай ақсақалмен кездесіп, өнегелі еңбек жолына үңілдік. Алдымен еңбек ардагерінің өмір жолына тоқталайық.

Кенішбай Әлшоразов 1940 жылы Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында өмірге келген. Ол 1957 жылы «Мақпалкөл» орта мектебін бітірді. Еңбек жолын Жамбыл колхозында күрішші болып бастады. Алғашқы жылдары сушы болып істейді. Кейін тәжірибелі күрішшілерден күріш егудің қыр-сырын үйреніп, өзі де мықты маман болып қалыптасты. Кейіпкеріміз еңбекқорлығымен басшылардың көзіне бірден түсті. Егін саласының ыстық-суығына төзіп, осы саланың өсіп-өркендеуіне бір адамдай үлес қосты. Осылайша 1961 жылы аудандағы жас күрішшілердің арасынан озат атанып, партия қатарына қабылданып, аудандық кеңеске депутат болып сайланды.

– 1961 жылдың наурыз айында облыстық комсомол комитетінен шақыру келді. Сол кезде Бостандық аралына Куба еліне достық көмек беру үшін Кеңес одағынан бір топ жас маман баратынын естідік. Олардың құрамында Қазақстаннан 7 адам баруы тиіс болса, Сыр өңіріне бір орын берілген. Сол орынға мені ұсынып отырғандарын айтты. Жалындап тұрған жас кезім ғой. Оның үстіне шет елді көру әрбір адамның арманы емес пе. Естіген бойдан ойланбастан келістім. Арада бірнеше күн өткеннен соң, аудан басшылығы Жалағаштан Алматы-Москва пойызына мінгізіп жіберді. Москваға келгеннен кейін одан әрі тағы да «Москва-Одесса» пойызына отырып, Одесса қаласына келдік. Сонымен Одесса портынан «Грузия» атты теплоходпен жолға шықтық. Біз мінген теплоход Қаратеңізден шығып, Жерорта теңізіне жетіп, одан Атлант мұхитын кесіп өтіп 20 күн дегенде Кариб теңізі қоршаған Куба еліне де аман-есен жеттік. Қазақстаннан 7 адам баруымыз керек еді. Бір адам ауырып қалып қалғанымыз бардық. Бәріміз де ауыл шаруашылығының мамандарымыз. Біздерді Гавана іргесіндегі провинцияның Гуйнос ауданындағы Раул совхозына орналастырды. Совхоз басшысы Гомос Гарсия, бас агрономы Энерико Морено деген азаматтар жылы жүзбен қабылдады. Олар испан тілінде сөйлейді екен. Біздің басты мақсатымыз – күріш егісін үйрету, – деді Кенішбай көке өткен күннен сыр шертіп.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Кубада күріш дақылын егу 1950 жылдары басталыпты. Бұрын олар тек тәтті қамыс өсірумен ғана айналысса керек. Сол

кездері күріш дақылы олар үшін таңсық дүние болып көрінді. Ол жақтың табиғаты мен ауа-райы бізбен салыстырғанда тым бөлек екен. Жыл он екі ай күн жылы болғандықтан күрішті екі рет егеді. Қазақстаннан барған қазақтарға күріш егу үшін 1000 гектар жер берілген. Олар дән сеппестен бұрын алдын ала жүргізілетін агротехникалық шараларды толықтай жүзеге асырды. Сөйтіп дән себу, күрішті суға бастыру жұмыстарын бастап кетеді. Осылайша бірінші жылы әр гектардан 35 центнерден, ал екінші жылы әр гектардан 45 центнерден өнім алған.

– Куба жерінің топырағы қызғыш, батпақты, бірақ құнарлы. Дегенмен онда ашық су көздері жоқ. Күрішті скважина суымен суарады. Кубаның басшылары егіс басына қарапайым киініп, қолдарына егіс құралдарымен келеді. Бірде егіс басына Куба басшысы Фидель Кастро келді. Қолында орағы бар. Бәрімізбен жеке-жеке қол алысып амандасты. Маған кезек келгенде мен Ыбырай Жақаевтың шәкірті екенімді айттым. – Ия, Ыбырай Жақаевты білемін, партия сьезінде көргенмін. 1941 жылы 5 гектар күріштік жерден 171,5 центнерден өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасаған еңбеккер. Менен сәлем айтып барыңыз, – деді. Енді бір есте қалған кездесу, 1962 жылдың шілде айының бас кезі. Егіс басына КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросына кандидат Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Шараф Рашидов келді. Кетерінде «Ауылды сағынған шығарсың» деп «Сарыағаш» суын берді. Сұлу Сырдың сылаңдай аққан суы көз алдыма елестеп, қуанып кетіп, сіміріп салдым. Осылайша 1962 жылдың күзінде мерзім аяқталып, біздерге жүктелген міндетті ойдағыдай орындап, аман-есен оралдық. Елге келгенен соң диханшылық кәсібімді қайта қолға алдым, – деді кейіпкеріміз.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші кейіпкеріміз еткен еңбегімен төккен маңдай терінің нәтижесінде білікті диқанның біріне айналды. Мәселен, оның бригадасы 1971 жылы 385 гектар жерге күріш егіп, жоспардағы әр гектардан 35 центнерден өнім алудың орнына 50 центнерден өнім жинаған. Сөйтіп бес жылдық жоспарды үш жылда орындады. Сол кездері еңбегі бағаланып Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақстан Министрлер Кеңесінің біріккен шешімі бойынша кейіпкерімізге «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты» атағы берілді. Осы жылы ол Қазақтың «Еңбек Қызыл Ту» орденді «Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының» «агрономия» факультетін өндірістен қол үзбей сырттай оқып бітіріп шығады.

Оның қарапайымдылығы сонша, қанша белесті бағындырып, түрлі марапатқа ие болса да тасымай, алға қарай ұмтылды. Мықты маман қай кезде де құрметке бөленеді. Қызметте де өседі. Ол күріш өсіретін өндіріс бригадасының бригадирі, бөлімше агрономы қызметтерін абыроймен атқарды. Жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін 1977 жылы «Үшінші дәрежелі Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

Өмірінің 37 жылын егіншілік саласына арнаған Кенішбай Әлшоразовқа 1995 жылы ҚР ерекше сіңірген еңбегі үшін зейнетақы тағайындау жөніндегі комиссияның шешімі бойынша «Республикалық дәрежедегі дербес

зейнеткер» мәртебесі берілген. Ал 2019 жылы Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Кейіпкеріміздің зайыбы да күрішші еккен. Олар отбасында үш қыз, екі ұлды өсіріп, тәрбиеледі. «Жақсы әке балаға 40 жыл азық» демекші бүгінде қария ұрпағынан тараған 18 немере, 11 шөберенің ортасында солардың қуанышын көріп отырған бақытты жан. Ескі екі бөлмелі тас тамда тұратын атақты диқаншы облыстан көмек берілсе деген өзінің жүрек жарды тілегін де жасырып қалмады.

– Ұстазым Ы.Жақаевтың мына сөзін қазіргі жастарға үлгі қылып айтар едім. «Күріш ең көп еңбекті қажет ететін дақыл. Оны өсірудің тәсілін үлкен төзімділікпен жалықпай үйрену керек. Егер шын диқан болғың келсе, егін өсірудің сан алуан тәсілін көп іздену қажет», – деп сөзін тәмәмдады.

Расында, «Егіншілік – ежелгі кәсіп, еңбекшіге нәсіп» деп білген диқан атаның өсиеті мен өнегелі еңбегі бүгінгі һәм ертеңгі ұрпаққа үлгі боларлықтай.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: