Сейсенбі, 21 мамыр, 04:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Мақсат – ортақ,  мүдде – бір

11.09.2023

293 0

Президент Жолдауынан ерекше бір қолдауды күтетін халқымыздың үміті ақталғандай болды. Расында,  Жолдауда халықтың әл-ауқатын көтеруге, тұрмыс жағдайын жақсартуға, елдегі өндіріс орындарын дамытуға, экономиканы нығайтуға ерекше тоқталды.

Алдағы жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болады.  Бұл 1,8 млн адамның жалақысының көбеюіне ықпал етеді. Оның ішінде 350 мыңдай бюджеттік қызметкер  бар. Халықты жылу, су, жарықпен қамтамасыз етуде инфрақұрылымды жетілдіру, апат­ты жағдайдың алдын алу қатаң тапсырылды. Су мәселесі өте өзекті екені белгілі. Су шаруашылығын дамыту үшін жаңа министрлік құрылады. АЭС  салу, салмау жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі. Көлік-ло­гистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрып,  жол инфрақұрылымын салумен  айналысу кезек күттірмейтін қадам. «Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаға белгілі. Көптеген метал­дың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Алайда жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, ден­саулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек» деді Мемлекет басшысы.

Сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасап, мем­лекетіміз отандық өнім өндірушілерді қорғау керек. Эко­номикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Ұлттық бизнестің мүддесі қорғалуы қажет. Үкіметке  «AMANAT»  партиясымен бір­лесіп «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ»  жобасын әрі қарай жалғастырып,  халықты қаржылық негізде сауаттандыру жұмыстарын кең ауқымда жүргізуді тапсырды.

Кәмелетке толмағандарға жа­салған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарламаны әзірлеу және психологиялық қол­дау қызметін күшейту керек­тігін айтты.

Ел болашағының тірегі – бі­лімді ұрпақты тәрбиелеу екенін де назарға салды. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғы­мас құқығы. Мұндағы ең түйін­ді сөз – сапа. Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Педагогтардың біліктілігін арттыру – оқыту және оқыту сапасын арттыру үшін жаңа білім алуға, сондай-ақ бұрын алған кәсіби білімдерін, біліктерін, дағдылары мен құзыреттерін қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны. Сондықтан біліктілікті арттыру саласының алдына жо­ғары міндет қойылу керек екенін қадап айтты.

Болашақта жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өсуін қамтамасыз ету мемлекетіміздің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған орай бес жас­тан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тап­сырды.

Бұл жинақтау жүйесі мемле­кет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы болып өскелең ұрпаққа болашақта қаржылық тұрақтылықты, сапалы және қолжетімді білім алуды қамтамасыз етеді.  

Президент «Реформалардың іске асырылуына негізінен ат­қарушы билік жауап береді. Сондықтан, ең алдымен, оның өзін өзгерту қажет»  деп атап өтті. Осы саладағы реформаның басты бағыттары нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүк­теледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Бұл – әкімдерге де қатысты мәселе. Экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, эко­номиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілін қолында ұстауға тиіс. Президент әкім­шілігі басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стра­тегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдырады.

Мемлекеттік аппаратты бюро­кратиядан арылту жолын­дағы жүйелі жұмыс жалғаса береді. Мемлекет басшысының жариялаған шешімдері қандай мұқияттылықпен қабылданса, алға қойылған міндеттерді дәл солай жүзеге асыру маңызды.

Ендігі мақсат – Жолдауда айтылған міндеттердің орын­далуы. Оған жауапты Үкімет пен Парламент жұмысының нық болуы.  Ең бастысы, Жолдауды іске асырудағы жауапкершілік, бірліктің маңыздылығы. Жергі­лікті депутаттар белсенді азамат­тармен, өңір жұртшылығын тарта отырып қимыл жасауымыз қажет. Жолдау бүкілхалықтық қолдауға ие болғанда ғана нәтижелі болады.

Іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел әділетті Қазақстан құру жолында адал еңбек етуге шақырамын.

Айгүл МҰСАБАЕВА ,

Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің директоры,

 қалалық мәслихат депутаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: