Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 15:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Менің атам – Отан соғысының ардагері

09.05.2024

939 0

Әлемді әбігерге салған екінші дүние жүзілік соғыстың аяқталғанына биыл жетпіс тоғыз жыл. Адамзатқа өлеусіз қасірет әкелген алапат соғыстың бағасын адамзат әлі күнге бере алмай келе жатыр. Ел басына күн туған шақта Отанын қорғау үшін жүз мыңдаған ер-азаматтар майданға аттанды. Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сұрапыл соғыста миллиондаған жан опат болды. Арманда кеткен боздақтар қаншама?! Қазақстанда да соғыс қасіретін сезінбеген отбасы қалмады.
Жеңіс күні – әр адамды толқытатын ерекше, аса қастерлі де айтулы күн. Мен осы күнді ерекше сезіммен қабылдаймын. Өйткені, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жауынгерлер қатарында менің атам да болған.
Атам Қайырбайұлы Жүсіп 1907 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келді. Жасында ауыл молдасынан арабша сауат ашады. Кеңес үкіметі кезінде жадитше сауат ашу курсында білім алған. Колхоздастыру тұсында әкесі қайтыс болып, анасына қолғанат болып, соқа жегілген атқа мініп, жер жыртып егін екен. Қысқасы, өмір мектебін еңбекпен ашқан кісілердің бірі.
Қалалық әскери комисариаттың шақыруымен Қызылорда қаласында әскери жаттығудан өтіп, онда мергендігімен көзге түседі. Отыз төрт жасында, яғни 1941 жылы 23 шілде күні Қызыләскер қатарына алынады. Ресейдің Владивасток қаласында алты ай дайындықтан өткен соң қазақстандық жауынгерлерді 1942 жылдың 6 наурыз күні қанды шайқас жүріп жатқан Сталинград майданына жібереді. Одан әрі Ленинградты қорғауға қатысады. Революция бесігі атанған шаһар үшін шайқасқан, осы қалаға апаратын тасжолды фашистерден тазартуға үлес қосыпты. Айтуынша, соғыста снайпер болып, көптеген дұшпанның көзін жойған мерген атанған.
1943 жылдың жазында жараланып, ІІ топтағы соғыс мүгедегі болып елге қайтарылады. Әскери комисариат оны майдан үшін азық-түлік дайындауға жібереді. Ауылдық жерде «учхозда» егін бригадирі етіп қызмет етеді. Атам жасынан бақша егудің қыр-сырын толық менгерген, еңбексүйгіш жан болған. Жасы ұлғайған шағында су мұрабы болды. Жүйрік ат ұстап, оны бәйгеге қосып отырған. Бірнеше рет облыстық аламанға ат қосып, бәйгенің жеңімпазы болған.
Жауынгер Жүсіп Қайырбайұлы көрсеткен ерлігі үшін бірнеше орден-медалдармен марапаттталған. Ардагерге автокөлік сыйға берген. 1970 жылы Москва қаласындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне (ВДНХ) делегат болып барыпты. Бір ғажабы, атам батырлар жырын, қисса дастандарды көп оқыған, жатқа айтып отыраты. Бес уақыт намазын үзбеген, ауа райын болжап айтып отыратын қасиеті де бар еді.
Бақытты күндер мен шуақты таңдарды әперген барша соғыс ардагер аталарымызға басымызды иеміз. Майдангер аталарымыздың ерлігін ұмытпағанымыз жөн, себебі тарихын ұмытқан халықтың болашағы жоқ. Олардың қаhармандығы жас ұрпаққа үлгі болады деп сенемін.


Маржан ДАНЕНОВА,
№212 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: