Сейсенбі, 28 мамыр, 05:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 – 2051
25.05.2024
PDF мұрағаты

Облыс әкімі қазалы ауданының әлеуметтік нысандарын аралады

11.08.2023

341 0

               Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова, Руслан Рүстемов және Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев пен облыстық мәслихаттың төрағасы Наурызбай Байқадамовпен бірге Қазалы ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

               Алдымен Нұрлыбек Машбекұлы аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектептің құрылыс алаңына барды. Мердігер мекеме «SCS инжиниринг» ЖШС жұмысты қазан айында аяқтайды деп жоспарлануда. Аймақ басшысы аталған мердігер компанияның тек осы мектеп ғана емес, облыстағы бірнеше нысан құрылысын кешіктіргенін сынға алды. Халық игілігіне бағытталған жауапты жұмысты мерзімінде, сапалы етіп аяқтау – мердігердің міндеті. Осыны ескерткен облыс әкімі сыннан қорытынды шығару керектігін айтты. Жоба құны 1 млрд. теңгеден астам.

               Айта кетейік, биыл ауданда апатты жағдайда деп танылған 1 мектептің мәселесі шешілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп бой көтермек. Мұнан бөлек, ұлттық жоба аясында кент пен қала ортасынан 600 орындық білім ошағының іргетасы қаланады.

               Әрі қарай аймақ басшысы Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Бас мердігер «Қаз Құрылыс Сервис» ЖШС нысанды биыл қыркүйек айында пайдалануға бермек. Мұнда 80 адам жұмыспен қамтылған. Бұл нысанның құрылысы да бірнеше жылға созылған. Өңір басшысы мердігер мекеменің жауапсыздығы халыққа қажетті құрылыстардың мерзімінде аяқталуына кедергі келтірмеуі тиіс екенін қатаң ескертті. Биыл Кәукей ауылындағы 100 орындық клуб іске қосылады. Ал Бірлік, Майдакөл, Шәкен ауылдарынан 100 орындық клуб құрылысын салу үшін тиісті құжаттар әзірленді.

               Мұнан әрі облыс әкімі Абай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылыс барысымен танысты. Мердігер мекеме «Аман-Құрылыс» ЖШС жұмысты шілде айында бастаған, қазан айында аяқтайды деп жоспарлануда. Айта кетейік, мұндай амбулаториялар Бозкөл, Кәукей елді мекендерінде де салынбақ.

               Аудандық аурухана ғимаратына жапсарлас 46 төсектік қосымша құрылыстың (МРТ бөлімі, кардиология және инсульт орталығы) жоба-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Мұнан бөлек, 25 төсектік инфекциялық корпус құрылысының жоба-сметалық құжаттары да әзірленуде. Бұрынғы емхана (қазіргі Жетес би дәрігерлік амбулаториясы) және Ұлттық сараптама орталығы Қызылорда облысы бойынша филиалының Қазалы аудандық бөлімшесі ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

               Сапар соңында Нұрлыбек Нәлібаев «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектепті күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мектеп жаңа оқу жылында шәкірттерді қарсы алуға дайын болады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: