Сенбі, 21 желтоқсан, 20:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Өкілдің жолы ауыр…

20.08.2022

1758 0

Бала күнімізде Зида апайды атамның туған қарындасы деп ойладық. Себебі оған бәрінен артық құрмет көрсетіліп, үнемі төрге шығатын. Атам күзде астық жиналғанда қабымен картоп, жуа, сәбіз беретін. Мал сойсақ бір бөлігі сонда жеткізілетін. Оның балаларын да ерекше жақсы көрді. Үйге қонақ келсе, отбасымен шақырады. Кейін есейіп, оң мен солды танып, жан-жағымызға қарай бастағанда ол кісінің атамның өкіл қарындасы екенін білдік. Апамыз ерте жастан ата-анасынан жетім қалған көрінеді. Жалғыздықтың ащы дәмін татқан оны атам өз қамқорлығына алса керек.

Бүгінде атамыз арамызда жоқ. Десе де біздің отбасында Зида апайымызға бәз-баяғы қалпында сый-құрмет көрсетіледі. Ол – қазір әулеттің қадірлі адамы әрі ақылшысы. Балалары да бізді туған нағашысы санайды.

Кейде пендешілікке салынып, туыс­қандық деген ұғымды адамдар арасында тек қан бойынша жақындық деп түсінеміз. Ежелден бір-біріне бауырмал бола білген халқымыз қашанда адамгершілік үлгісін көрсетті. Ата-бабамыз, танымайтын құ­дайы қонақты да үйге кіргізіп, төрге отыр­ғызып, хандай сыйлаған. Оның қа­сында ағайын-туыс, құда-жегжат, көрші-көлем, жора-жолдасты ерекше құрметтері анық. Солардың бірі – өкіл әке, өкіл аға, өкіл бала, өкіл қарындас, өкіл қыз. 

Қазіргі кезде бұл атау кей жерде сақталғанмен көп жерде қолданыста жоқ. Қазақ қашанда жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған ел. Өкіл әке – ағайын­нан немесе досынан жетім қалған балаға өкілдік жасап асырап алу. Оларға туған ата-анасындай қамқорлық танытып, өз баласынан кем көрмей, мейірімге бөлеп өсіру. Тіпті өкіл туысының қуанышын бөлісіп, қайғысын бірге көтере білген жөн. «Өкілдің жолы ауыр» деген тәмсіл осыдан қалса керек.

– Бала күнімде әкемнен, одан кейін анамнан айрылдым. Сол уақыт бір за­манның қиын кезеңі еді. Ағайын-туыс өз баласын әрең асырап, өлместің күнін кешіп отырғанда біреудің баласын бағып қайтсін. Сондайда иманды болғыр Мырзабай көкем мырзалық танытып өз қамқорлығына алды. Ауыл ақсақалдарының алдынан өтіп, келісім бойынша маған өкіл қарын­дасы ретінде туыстық атау берді.  Міне, содан бері 38 жыл өтті. Уақыт деген қолға ұстатпас сағым секілді зымырап өте шықты. Арамызда өкпе-реніш деген мүлдем болмапты. Көкемнің жары Ағайраш марқұм да жарықтық бір қыңқ етпейтін. Үйіне барсам, бәрін алдыма қойып, өбектеп жүруші еді. Мені өздері тұрмысқа берді. Қазір жолдасым екеуіміз бес бала өсіріп, жеткіздік. Көкемнің өзі жоқ болса да ұрпағымен етене араласамын. Олар да біздің отбасымызға қамқорлық танытып, үлкеніміз деп алдымнан кесе өтпейді, – деді Зида апай.

Осылайша атам бір отбасының құрылуына, бес баланың өмірге келуіне себепкер болды. Міне, мұндай жандар бүгінгі қоғамға да керек сияқты. Десе де бұл дәстүрді қайта жаңашалап, жаңғыртып жүргендер де жетерлік.

– Біздің Сыр өңірінде өкіл аға, өкіл қарындас деген ұғымды ғана естуші едік. Ал өкіл ата-ананың барын Алматыға тұр­мысқа шыққаннан кейін білдім. Бұл салт-дәстүр ежелден келе жатқаны анық. Алматылықтар қазір оны жақсы жағынан жандандырып жүрген секілді. Мәселен, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыға алдын-ала өкіл әке мен өкіл ана тағайындайды. Әрине, жастардың өздеріне жақын адамдары болса, соларды таңдауға құқы бар. Көбіне жігіттің ата-анасы өзара келісіп, шешім шығарады. Жас жұбайлар үшін олардың орны ерекше. Себебі арадағы түсініспеушілік, кикілжің, ұрыс-керіс туындаса ақыл айтып, үлгілі отбасы болуға тәрбиелеу осы кісілердің жауапкершілігінде. Балалы болғанда да көп көмегі тиеді. Дүниеге келген сәби­ді перзентханадан алып шығу да осы жандарға тиесілі. Бізге жолдасымның немере ағасы мен женгесі өкіл ата-ана атанды. Жақында қызымыздың тұсауын сол кісілерге кестірдік. Олар қазақтың салт-дәстүріне сай барлық кәдесімен келді. Біз де жолымыздан жығылмай қарсы алдық. Өзімнің туған ата-анам алыста екенін білдірмей, маған үнемі қамқорлық танытып жүреді. Кейде қиналғанда қасымыздан табылып, қуанғанда қуанышымызға ортақ бола білетін осындай жандардың болғаны қандай жақсы деп ойлаймын, –  деді Айдана Нұрланқызы.

Расында, «Дәстүрдің озығы бар, то­зығы бар» демекші өмірмен бірге біте қайнасып кеткен осындай салттың дені заман талабына сай жаңғырып отыр. Бұл да болса ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізудің бір парасы деп білеміз.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: