Алматы облысындағы Талғар ауданының тұрғыны халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен Нұрбол Каримов, Талғар ауданының тұрғыны барша қазақстандықтардан өзге танымал тұлғалардың атын жамылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілімін дегенім үшін кешірім сұраймын. Өз кінәмды мойындаймын және болған жайтқа қатты өкінемін»,- дейді бейнежазба арқылы кешірім сұраған азамат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі бұл азаматтың еш уақытта агенттікте істемегенін және оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын.
«Әлеуметтік желілерде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жалған қызметкерімен таралып жатқан видео фактісі бойынша келесіні хабарлаймыз. Аталған азамат ешқашан Антикор қызметкері болған емес және қазір де қызмет атқармайды. Ағымдағы жылдың 2 маусымында Шымкент қаласында бұл азаматтың кім екені анықталды. Қазіргі уақытта оған қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабының 3-бөлігі (құжаттарды қолдан жасау) бойынша қылмыстық іс қозғалды» делінген ведомствоның хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде жол патруль полиция қызметкерлеріне өзін антикор қызметкерімен деп таныстырған азаматтың видеосы жарияланған болатын.
Артынша құжаттың жалған екені анықталды. Бірақ жалған құжатты жас жігіттің қайдан алғаны белгісіз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!