Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Отбасындағы отағасының рөлі неге өзгерді?

13.03.2021

5864 0

Мақаланы мына мысалмен бастағанды жөн көрдім…
Осыдан бірнеше жыл бұрын бір танысым тұрмысқа шықты. Некесі қиылған күннен бастап келіншегі күйеуін атымен атамай, отағасы деп еріне лайық бар құрметті көрсетті. Көпшілік сырттай қарағанда сол отбасының жылылығына тамсанатындай еді. Одан кейін бірталай жыл өтті. Әлгі танысым үйіне қонаққа шақырды.

«Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» дегендей шақыруын қабыл алып бардым. Бір кездері патшадай құрметке ие болған отағасы ас үйде ошақ басында жүр. Алдында алжапқыш, қолында ыдыс, дастарқан дайындауда. Әйел адамның міндеті еркекке ауысқаны қалай деген ой қалды? Түсінбедім де…
Мендегі ойды құрбым сезгендей болды. «Орынбайдың мені алғанда қызметі бар еді. Қазір жұмысы жоқ. Енді үйде осылай тірлік етпеген де не істейді? Өзім болсам алаңсыз сыртта жүремін, жұмысбастымын. Қазіргі заманда ақша табу оңай емес» деді. Күйеуін де үн жоқ. «Мен пісірген тамақ қандай болыпты?» деп сұрағаннан басқа…
Біреудің отбасына араласа алмаймыз, араласқың да келмейді. Бірақ ақша қалай адамды өзгертеді десеңші. Кезінде табысты еркек патшадай болды. Жұмысы тоқтаған соң түздегі, үйдегі тақтан түсті. Отағасы емес ошақ басындағы Орынбай болып қалды. Мұндай көрініс кімге ұнасын? Сонда оның отбасындағы орнын табысымен бағаланатын заман болғаны ма? Мейлі ғой, ерінің басына қиындық түскен екен. Кімнің басында болмайды. Әйелі жұмысқа тұрып, ақша тапса, басқаның емес өз отбасын асырап жүр. Қанша жерден мол табысқа қол жеткізсе де, «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген емес пе…
Осындай сәтте көреген бабаларымыздың айтқаны еріксіз еске түседі:
Қилы-қилы заман болар,
Қарағай басын шортан шалар.
Сиыр пұл болар, қатын би болар…
Оған қоса «Алдараспан» театрының «Сүндет той» әзіліндегі Сегізбайдың бейнесін көргендей болдым. Онда да табыскер әйел мен ошақ басындағы еркек. Бүгінгі ащы шындықты әзілмен жеткізген көрініс арамызда да бар екеніне көзім тағы жетті.
Өкініштісі, осы күні төрдегі орнын босатып, босағадан сығалап жүрген әкелер қаншама… «Отбасындағы ерлердің рөлі өзгерді», «әкелердің беделі төмендеді», «бүгінгінің ерлері ұсақталып барады», «батыр тұлғалы бабамыздың ізін жалғайтын ерлер азайып кетті», «қожайын деп айта алмаймын», «еркектер – жалқау, жатыпішер» деген сан түрлі пікірді естіп жүрміз. Бәрімізді толғандырары анық.
Дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмаса да қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін. Әке тәрбиесі деген осы.
Сонымен отбасындағы ер адамның рөлi қандай? Шаңырақтың тұрақтылығы мен берiк қорғанысының кепiлi – әке өз мiндетiн мүлтiксiз атқарып жүр ме? Күйкi тiрлiктiң күйбеңi мен күйзелiсiне қазiргi еркек кiндiктiлердiң шыдамай, жүйкелерi жиi сыр беретiнi несi? Сараптап көрелік…

Қызым, саған айтам…

Алысқа бармай-ақ өз анамның тәрбиесінен бастайын. Бала кезімнен анам мына сөздерді құлағыма құйып келеді. «Ер адамның алдын кесіп өтпе», «Ер азаматтың сағы сынбасын. Егер сағы сынса, ол оны көтермеуі мүмкін. Ал «қыздың қырық жаны бар» деген. Нәзік жандар қанша нәзік болса да мықты келеді», «Ердің орны бір саты жоғары екенін ұмытпа. Мен тіпті төркініме барған кезде де әкеңнен төмен отырамын. Осыны есте сақта» дейді. Сол ұстанымдарды өзі ұстанып келеді. Әкемнің алдын кеспек түгілі көлігінің алдынан да өтпейді. Үйдегі мәселенің соңғы нүктесін әкем қояды. Үнемі «күйеуіммен ақылдасуым керек» деп отырады. Оған қоса өзі айтқандай ешқашан әкемнен жоғары шығып отырмайды, ондайға мүлдем қарсы. Қоғамда осындай дана аналарымыз көп болса екен деймін.
Иә, анам Зәуре Темірханқызының тәрбиесі темірдей болды. Содан да болар, мен әлгі танысымның табысы үшін ерін төмендеткен қылығын дұрыс көрмедім. Құптай алмадым. Құранда «Еркектерді биік қылып жараттық. Әйел еркектермен таласпасын. Олар несібесіне қанағат қылсын» дейді. Оны жоғары қылып жаратуының себебі табыс табушы еркек әрі табысын отбасымен бөліп жеу керек. Ал егер өзін еркек ретінде сезінбесе, жарытып жұмыс істеп, табыс таба алмайды екен.

Әйел мен ерді теңестіру – ақымақтық

Бұл – батыр атамыз Бауыржан Момышұлының ғана емес, қазақтың келіні атанған Зейнеп Ахметова апамыздың да сөзі. Бірде ютуб каналынан Зейнеп апамыздың мына сүбелі сұхбатын көріп, арнайы тыңдаған едім.
– Әкенің отбасындағы рөлінің төмендеуі – қоғамдық дерт. Қазақ даласына мұсылмандықтың келуімен ерлер қоғамда өз орнын айқын иеленді. Одан бергі тарихымызда да ерлер отбасының асыраушысы, негізгі тұтқасы ретінде сақталып қалды. Бұл үстемдік ХХ ғасырдың 40 жылдары Кеңес үкіметінің идеологиясы толық орнағанға дейін сақталып келді деуге болады. Өйткені ұлт зиялылары «Алашорда» идеясымен бой көрсеткен кезде де қазақ халқы үшін шешімді ер-азаматтар қабылдап отырды. Әке аты қасиетті «үлкен үй», «қара шаңырақ» деген ұғымдармен сыйлы да құрметті болды. Қазақ әкенің тәлімі мен тәрбиесін қашанда қадір тұтып келген.
Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы проблемалар қазақ отбасында ежелден қалыптасқан дәстүрді бұзды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жүйенің тұрақсыздығынан жер-жерде жұмыссыздық белең алып, оның арты үй ішіндегі кикілжіңді, ұрыс-керісті, дау-жанжалды ушықтырды. Сабырсыз, тәубәсіз әйел күйеуінің ақша таппағанын бетіне басып, бала-шағаның алдында намысын таптаудан тайынбады. Тамақ пен киімге жарытпаған әкесін іштей кінәлаған бала оған деген сенімін жоғалтып, құрметтемейтін болды. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де бұрынғы қазақы қалпымызға түсу оңай болмады. Әйелдер көбіне қызметтік сатыларда еркектерден жоғары тұратын болды. Үлкен-кішінің алдында күйеуінің беделін түсіріп, «қолыңнан түк келмейді» деп балағаттайтын келіншектер аз емес. Ал шешесінің осы сөздерін жиі естіген бала әкесін қалай сыйласын?
Жалпы әйелдер де басқарады. Бірақ нені? Үйдегі өзіне тиесілі шаруаны, ағайынның арасындағы сыйластықты, бала тәрбиесін қадағалайды. Оған қоса ерінің тапқанын бәріне жеткізіп, үйлестіріп отыруы тиіс. Тек соны басқаруға ғана құқы бар. Әйел мен ерді теңестіру – ақымақтық, – деді Зейнеп Ахметова.

Қытай қазақтарында ерлер институты сақталған

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарих және Қазақстан халқы Ассамблея кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Бақытжан Ахметбектің пікіріне сүйенсек, тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өседі дейді.
– «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бірауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды.
Бұқар жырау «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін» дейді. Өзіне қорған болған әкесінің арқасында алшаң басып, бар шаруасын бітіріп, алдына кездескен кез келген қорғанды бұзуға дайын болады. Ал әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, бірақ босағада қалады деген. Яғни жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Сондықтан біз бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл атқаратынын білгеніміз жөн. Ерін сыйламайтын әрбір әйел сол отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан ұл мен қыздың болашақ тағдырына кері әсерін тигізіп жатқанын білуі шарт. Әйел қанша жерден ақылды, білімді болсын, қызмет дәрежесі жоғары болсын балаларының болашағы үшін ерінің алдында иіліп тұруы керек. Сонда ғана қазаққа ғасырлар бойы мүлтіксіз қызмет қылып келген отбасы институты қалпына келеді.
Мен Қытайдың қазақтарына сабақ бердім. Сонда олардан сұрағаным бар: «Ол жақтағы отбасында әкенің орны қандай?» деп. Жауап мынадай болды: «Әкесінің мінезі ынжық болса да барлығы сөзін тыңдайды, құрметтейді. Айтқанын орындайды» деді. Сөздеріне қарап риза болып, ерлер институты әлі сақталғанын білдім, – деген ойымен бөлісті аға оқытушы.

Еркектің беделі оның өзіне байланысты

Мақала барысында біз жас отбасы иелерінің де пікірін білгенді жөн көрдік. Жас ана Айымкүлдің айтуынша, «еркекті құрметтеуді білетін халықпыз. Алайда кейде өздері өз беделін түсіріп алады» дейді.
– Жасыратыны жоқ, қазір сананы тұрмыс билеген заман. Отбасында кім мол табыс тапса, соның сөзі өтімді. Ал жұмыс істемейтін еркекті кім құрметтесін? Себебі халықтың көбінде әлеуметтік жағдай онша емес. Содан ұрыс шығады. Әркімнің басында несиесі бар. Соның бәрін үйдің еркегі ойлауы керек. Оның үстіне жұмысы жоқ болса да ішіп жүретін азаматтар да баршылық. Ал ішімдіктің салдарынан қаншама отбасы ойран болып жатыр. Баладан, әйелден, үйден, ағайыннан, абыройдан, бәрінен бір-ақ сәтте айырылып қалады. Кейін ойланған кезде кеш болады.
Сондықтан үй-ішінің жайлы өмір сүруі, бала-шағаның тәртіпті болып өсуі шаңырақтың темірқазығы саналатын отағасының ақылы мен еңбекқорлығына байланысты. Әйел үй ішінің берекесін келтірсе, сол берекеге берік негіз қалайтын ер адам екенін неге естен шығарамыз? – деді Айымкүл.

Психолог көзімен…

Райхан Аманбайқызы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, психология ғылымының магистрі:
– Шетел психологтарының айтуынша, бала тәрбиесіне көп уақытын жұмсайтын ер азаматтардың өмірге деген сүйіспеншілігі, өзіне деген сенімі артады. Ғалымдар ер адамның қызметте жақсы нәтиже көрсетуіне де отбасындағы атмосфераның тікелей қатысы барын дәлелдеген.
Сонымен қатар әке сырттағы негатив энергияны үйіне әкелсе, ол отбасы мүшелеріне беріледі. Мұндай жағдайда отағасы психологиялық тұрғыдан отбасы адамдарынан алыстай бастайды. Бұл өз кезегінде әкенің шаңырақтағы орнын ауыстыруға, мойындамауға әкелетін жағдайды кездестіреміз. Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін ер азамат отбасы мүшелерінің барлығына бірдей мейірім мен жылуын төге білуі тиіс. Жарына қамқор, балаларына дос болуы қажет. Өйткені өз үйінде сыйлы болған әке қоғамда да орны бар азамат бола алады, – деді психолог.

Әке – үйдің патшасы

Негізі бала тәрбиелеудің ата-бабамыздан жеткен, бірақ қаймағы бұзылғалы тұрған тағы бір әдісі бар. Ол – қас-қабақпен басқару, тәрбиелеу. Яғни «әке мысы», «сесі», «қатулығы». Бұл оның қаталдығы, талапшылдығы баласын жек көргенінен емес. Түздегі әке перзентін, ұрмаса да, ұрыспаса да, бала сезініп, құрметтеп өсуі тиіс. Еркек образының жиынтығын әкесінен көргені абзал. Ол үшін аналарымыздың да көмегі қажет. Олар балаларына «әкең біледі», «әкең шешеді» «әкеңмен ақылдас», «әкең ренжиді», «әкең рұқсат бермейді» дегенді жиі айтып, өзі де күйеуіне патшадай құрмет көрсете білуі керек. Әйел адам қанша табыскер болса да отағасын, отбасын ұмытпауы тиіс. Себебі әйелдің несібесі ерін құрметтеп, разылығын алумен арта түседі. Хадисте де солай делінген.
«Жақсы маман – жұмысын жақсы атқарушы емес, білгенін үйретіп, жақсы маман дайындай білуші» деген. Сол секілді еркек қандай әке бола алғандығымен де бағаланады. Ұлыңызға беретін ең жақсы сыйыңыз мәнді, берекелі, жемісті болсын. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген осы болар.
Жалпы еркектің тұрмыс қамымен түзде жүретіндігі рас. Бірақ оның бұл әрекеті жауапкершілікті әйелдің мойнына артуын ақтамайды. Өйткені балаға әйел беретін дәруменді еркек, еркек беретін дәруменді әйел ешқашан бере алмайды. Су оттегі мен сутегінің қосындысымен ғана кемелдігіне жететіндігі секілді әке мен ана өз орнында болғанда ғана бала тәрбиесі, отбасы иммунитеті жақсы көрсеткішке жетеді. Балаға теледидардағы біреу емес, өз әкесі үлгі болса ең үлкен жетістік – осы. Ал сіз әке ретінде өз балаңызға үлгі болып жүрсіз бе? Ойланып көріңіз…


Тілші түйіні:

«Жақсы әйел жаман еркекті хан қылады, жаман әйел жақсы еркектің басын даң қылады». Біз ойлап тапқан мақал емес, бабалардан жеткен дана сөз. Сондықтан ұлым ұлықты, қызым қылықты болып өссін десеңіз, Құдай қосқан қосағыңызды ұлықтаңыз. Сонда ғана қазақтың маңдайына басатын ұлағатты ұрпақ өсіп шығады. Отбасыңыз да жайлы болады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: