Бүгінде «Pfizer» вакцинасы балаларға салына бастады. Күні кеше бұл вакцинаны Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 16-17 жастағы студенттері салдырды. Бір айта кетерлігі, балаларды вакцинациялау кәмелет жасқа толмағандықтан ата-ананың рұқсатымен жүзеге асады. Сондай-ақ 15 қарашадан бастап, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер мен босанудан кейінгі 42 күннен бастап емізулі аналарға да салынады.
Қызылорда облысына Еуропа елдері мойындаған «Pfizer» вакцинасының 97 мың дозасы қажет. Соның 23400 дозасы қаладағы орталықтандырылған вакцина сақтау қоймасына жеткізілді.
– «Pfizer» вакцинасын дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдап отыр. Ата-анасының немесе заңды өкілдерінің рұқсатымен 12 жастан 18 жасқа дейін кезең-кезеңімен егіледі. Вакцина салдырушыларға профилактикалық егу, ықтимал реакциялар мен иммундаудан кейін жағымсыз жайттар туралы толық ақпарат беріледі. Бүгінде Қызылорда медициналық жоғарғы колледжінде 986 студент оқиды. Қазір 70 студенттің ата-анасы рұқсат беріп, соларға «Pfizer» вакцинасы салынуда, –деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.
Осыған дейін бұл вакцинаны шетелдіктер қолға алып, жүзеге асырды. Мәселен, Израиль, Франция, Италия, Испания, Германия, Бразилия, Қытай, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ тағы басқа дамыған елдерде алғаш балаларға салынды. Қарсы көрсеткіштеріне 12 жасқа дейінгі балалар, жүктіліктің 16 аптасына дейінгі кезең, вакцина компонентіне аллергиялық реакциясы бар адамдар кіреді. Алдағы уақытта «Pfizer» вакцинасы оқу орындар мен емханаларда жүргізіледі. Әрбір бала алғашқы 30 минут медициналық бақылауда болады. Сондай-ақ 3 күн бойы ата-анасы немесе заңды өкілі арқылы жағдайын бақылап отырады.
– Менің ұлым осы колледждің «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алады. Бүгін вакцинаны алғаш болып, балама салды. Әрине баста қобалжу болды. Дегенмен ұлым өзі бірден келіскен соң, менде еш ойланбадым. Ең бастысы халытың амандығы. Көзге көрінген ұл-қыздарымыз ауырмасын. Өзге де ата-аналарға балаларына вакцина салдыруға кеңес беремін, – деді Жанар Нақыпова.
«Pfizer» вакцинасы бірінші кезекте облыс орталығындағы емханаларға таратылады. Содан соң аудандарға жөнелтіледі. Жалпы облыста вакциналауға жататын халықтың 70 ппроценті екпенің толық компонентін қабылдаған. Ал кайта ревакцинациялау 22 қарашадан басталады деп күтілуде.
– Ревакцинация әр адамның өз қалауы бойынша жүзеге асады. Әлемде ушығып тұрған жағдайға байланысты әркім жауапкершілікті өзіне алып, шешім қабылдауы керек. Бүгінде вакцинаның негізгі дозасын алмағандар бар. Егер адамның иммунитеті төмен болса, жиі ауырса, әрине ревакцинация жасаған дұрыс. Қазіргі кезде ревакцинацияны қараша айының соңында басталады деп жоспарлануда. Бұл нақты ақпарат емес. Себебі бізге келген кейбір ақпаратта ақпан айынан басталады деп тұр. Осы айда басталу үшін біздің аймаққа аталған вакциналар әкеліну керек. Әзірге тыныш. Ешқандай хабар жоқ. Сондықтан толық дәл осындай уақытта басталады деп айта алмаймыз. Егерде қайта вакциналау басталса, ең алдымен медицина қызметкерлері, мұғалімдерге, ішкі істер органдары қызметкерлеріне, жабық мекемеде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлерге өз келісімімен салынады. Сонымен қатар векторлық «Спутник V», «Pfizer» салдырғандар 9 айдан кейін инактивті «Sinopharm», «CoronaVac», «Hayat-Vax», «QazCovid-in» вакцинасын алады. Ал инактивті вакцина алғандар 6 айдан соң, векторлық вакцина салдыру ұсынылады, – деді Қызылорда қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Гүлсім Жұмабекова.
Дүние жүзі ғалымдары «Вакцина» ата-аналар үшін балаларын жұқпалы аурудың ауыр зардаптарынан қорғаудың жалғыз, ең тиімді жолы деп айтуда. Десе де халықтың басым көпшілігі балаларға салынатын «Pfizer» вакцинасы және ревакциналауға қарсы. Тіпті салдырмаудың түрлі амалдарын да қарастыруды ойлап жүр. Ал сіз қалай қарайсыз?
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ,
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!