Сенбі, 04 мамыр, 01:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Қадіріңді кетірді-ау, қайран бесік…

25.02.2023

1010 0

Сурет: Н.НҰРЖАУБАЙ

Қоқыстан бесіктің суретін көргенде ішіміз қан жылады. Себебі «бесікті отқа жақпа, аяқасты етпе, қадірлеп ұста» деп естіп өскен ұрпақпыз. Киелі құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептелетін бесікті көшедегі қоқысқа тастай салған жан оның қадірлі екенін білмеді ме екен? Ата-баба дәстүрін аяққа тастайтындай не күн туды?  Қадіріңді кетірді-ау, қайран бесік….

Жаңа туған баланы бесікке бөлеу халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі екені белгілі. Ол нәрестені бөлеуге арналған киелі ағаш төсек. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасына ертеден тараған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болған. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін төсегіне жаймайды.

Шүмекті қойдың асықжілігінен жасайды. Бесік негізінен ұрпақ жалғастыратын қасиетті бұйым болып саналады. Бұрындары баласы көп үйдің бесігін жақсы ырымға балап, тек жақын туыстары қалап алып, жаңа түскен келіннің отауының төріне қоятын болған. Сондай-ақ бесікті ашық қалдырмайды, орап қояды. Бос бесіктің өзін анда-санда отпен аластап, отырған. Бұл сәбиді бәле-жаладан қорғағанның белгісі. Мұндай көріністер қазіргі уақытта таңсық болып бара жатыр.

Иә, бүгінде баланы бесікке бөлеу азайған. Бүгінгі ұрпақ бесік жырын естімей өсіп келеді. Алайда «әлди, әлди» әнімен балбырап ұйқыға кететін сәби санасына ұлттық ұғымның сіңуі де осы кезден басталады. Демек бұл ұлттық тәрбиеден алшақтап бара жатқанымыздың айқын көрінісі. Дамыған заманда түрлі жиһаздар шығып жатыр. Мәселен, сәбиге арналған түрлі керуеттер де көп. Оларды қызығып қарасаң, көзің тоймайды. Сәбиің сондай әдемі дүниеде жататын болса, керемет емес пе?! Міне, бүгінгінің жас келіндері осындай заманауи дүниелерге қызығады. Бұл сөзімізді екі баланың анасы Меруерт те қоштайды.

– Бесікке бөлегенде аяқ-қолын таңып қысып тастайды. Шынымды айтсам, баланы аяймын. Оның үстіне перзентханада дәрігерлер «сәби бос жатуы тиіс» дегені есімнен шықпайды. Сол үшін де екі баланы да бесікке бөлеген емеспін. Үйде бұрыннан келе жатқан бесік бар. О баста енем ренжігендей болды. Алайда бесік әкелу дәстүрі кезінде анама балаларға арналған керуерт алдырттым. Өзіме сол ыңғайлы. Әр адам өзіне қолайлы жағдайды жасау қажет деп ойлаймын. Бұрынғы заманда бесіктен басқа баланы жатқызатын мүмкіндіктер болмаған шығар. Қазіргі уақытта түрлі дүниелер шығып жатыр ғой. Неге мүмкіндікті пайдаланбасқа? Дегенмен бесікті лақтырып тастауға қарсымын. Үйде сақтаулы тұр,  – дейді ол.

Ал баланы бесікке бөлемеуге Базаркүл Байдалиева әжеміз мүлдем қарсы.

– Сәбиді қол-аяғын байлап, бесікке жатқызу қажет. Сол кезде тыныш ұйықтайды. Бос жатса қолын ербеңдетіп, ұйықтап жатқан сәби түнде шошынуы мүмкін. Яғни ұйқысы тыныш болмайды. Ал сәбиінің мазасыздығы анаға да әсер етеді. Ал бесік қауіпсіз, әрі мамық, жып-жылы. Қазіргі келіндерде «баланы бесікке бөлемеу қажет» деген түсінік қалыптасқан. Себебі перзентханадан шыққанда «сәби  бос жатуы қажет, бесікке орап тастауға болмайды» деп айтып жіберетін көрінеді. Келіндер сол себепті баланы бос жатқызуға әуестеніп алған, – деген ойымен бөлісті әжеміз. 

Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…», – деген ұлағатты сөзі күні бүгін ұранға айналуы тиіс. Әлдиі жоқ аналар ұрпағына қандай тәрбие бермек? Бесіктен неге безіндік?

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: