Бейсенбі, 26 желтоқсан, 07:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қасіретті жылдар жаңғырығы

31.05.2022

1349 0

Қазақ ұлты қасіретті аз шекпеді. Саяси репрессия жылдары Қазақстанда 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшыраған болса, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Зұлмат заманда солақай саясаттың құрбаны болған боздақтарды жас ұрпақ есінде мәңгілік қалдыру мақсатында 31 мамыр қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып  белгіленді. Арыстарымыз атылып, тектілер тентіреген тауқыметке толы кезең бүгінде тарих қойнауында қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес қазір елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмыс жүргізуде.  Осы орайда облыс бойынша солақай саясаттың құрбаны болған боздақтарды ақтап алу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген комиссия мүшесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы Бақытжан Ахметбекті әңгімеге тартқан едік.

– Бақытжан Мұқарамұлы, саяси қуғын-сүргінді толық ақтау жөніндегі комиссияның зерттеу-зерделеу жұ­мыстары қалай жүріп жатыр?

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай қуғынға ұшыраған саяси құрбандарын ақтау жөнінде шешім қабылдап, тапсырма берді. Осы бағытта әр аймақта өңірлік комиссия құрылды. Біздің облыстан құрылған жұмысшы топ Сыр бойында 1930-1953 жылдары репрессияға ұшы­раған адамдарды қайтадан ақтау жөнінде зерттеу жұмыстарымен айна­лысады. Зерттеулерге жүгініп мен 72 адамды ақтауға ұсындым. Біз «Түркістан легионы» құрамында бол­ған  ақталмағандардың істерін және Сыр бойынан жер аударылғандардың, Қызылорда облысына өзге респуб­ликалардан жер аударылып келгендердің істерін қараудамыз. 2020 жылға дейін 2 мыңнан астам адамның ақталғаны туралы мәліметтерді архивтен кездес­тірдім. Архив қағаздарынан ұсталған 17 бай кісінің есімін таптым. Бұлардың барлығы сотталады. Алайда аман-сау келмейді.  Қолға түскен жандардың барлығын, ұрпақтарын атып тастайды. Қызылорда қаласы және Қазалы ауданы орталықтарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының жаппай жер­ленген жерлеріне экспедиция жұмыстары жүргізілді

– Зұлмат күндердің зобалаңында қанша қазақ құрбан болды? Әркім әртүрлі дерек келтіріп жүр. Зерттеу кезінде қандай мәліметтер кезікті?

– 1929-1937 жылдар аралығы – қазақ үшін қасіретті кезең болғаны белгілі. Тоталитарлық жүйенің теріс ықпалының әсерінен солақай саясат қолдан жа­салды. Саяси қуғын-сүр­гін халықты қан жылатты. Қазақ зиялы­ларының тағдырына ауыр соққылар Голощекиннің 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетіне келуімен басталды. 1929-1931 жылдары ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратқан репрессияның бірінші толқыны ұйымдастырды. 1932 жылы болған жаппай ашаршылықтан қаншама қазақ көз жұмды.  Сол кезеңде қазақ жерінде 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. Дерек бойынша 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Яғни, 1930-53 жылдары қазақтың 40 проценті қаза тапты.

– Сыр өңірінде болған көтеріліс жайлы айтып өтсеңіз. Қуғын-сүргінге ұшыраған жерлестеріміз жөнінде қан­дай деректер анықталды?

– Өз пікірін білдіріп, мемлекетке қарсы шыққан қайраткерлер қатарында сырбойылықтар болғаны да ақиқат. Көтеріліс бастаушылардың арасында белгілі әулет Сығай Алтын Созақбай батырдың баласы Қашақ мерген болған. Кейін ол ұсталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Сығай Алтын руынан шыққан Әбдіраман мерген де сонда болған. Бұл кісі қолға түскеннен кейін Қарауылтөбе ауылының маңайында атылады.

1930 жылы Қармақшы және Тереңөзек аудандарының жерінде мол­да Жұмағазы хан мен Қожбан батыр көтеріліске шығып, оны басқарады. Олар Қарақұмда жиналып, кеңестік жүйе­ге қарсы екендіктерін ашық жет­кізеді. Осыдан кейін халықты жазалау басталады.  Тергеу ісі бойынша 400-ден аса адам қамауға алынғаны туралы дерек бар.  Оның ішінде 118 адам ату жазасына кесілген. 108 адам бас бостандығынан айырылып, әртүрлі концлагерьге жібе­рілген.

– Егер ұлы адамдар қуғын-сүргін­ге ұшырамаса не болар еді. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде қандай қорытынды жасауға болады?

– Қазақтың мінезі – қазақтың руха­нияты. Әр қазақ ойын еркін айтатын болған. Елі үшін күрескен. Қазіргі таңда көбі ойын еркін айтуға қорқады. Ол кездегі аталарымыз елім деп батырлық танытты. Атып тастайтынын білсе де қайсар мінез көрсетті. Бізде санасына сіңген үрейден әлі арылмаған адамдар бар. Олар ата-бабасын халық жауы деп ойлайды. Турасын айтқанда олар нағыз қазақтың  батырлары.

– Репрессияға ұшырағандар халық жауы саналғаны белгілі. Жа­зық­сыз сотталғандарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл үдеріс қалай жүруде?

– Ел басына түскен қиындықтарға қарсы қаймықпай, білек түре еңбек етіп жатқан халқымыздың біртуар аза­маттарына да ұлтшылдықтың қамыты киіліп, «халық жауы» атанып, айдалып кете барды. Бұл сол кездегі қоғамның қатыгез басшысы И.В.Сталиннің жандайшабы Л.Берияның қолындағы ішкі істер халкомының жазалау шара­лары еді. Бұл тұста да қоғамның қаймағы дерлік, белгілі зиялы қауым өкілдерінен жазықсыз жапа шекпеген жан қалмады. Тіпті шалғай ауылдардағы шаруа баққан, екі әріптің басын қоса алмайтын сауатсыз, қарапайым адамдардың өзі осынау қатыгез кезеңнің құрбаны болғанын аңғаруға болады. Зерттеу кезінде ғалымдарымыздың, тарихшыларымыздың жазған мәлімет­терін қолданамыз. Ол кезде ұрып-соғып, зорлықпен қол қойдырып, «анау жапонның тыңшысы», «мынау немістің тыңшысы» дегізіп, жала жапттырған. Бірақ соның өзі құпия. Әлі құпиялылығы зерттеліп жатыр. Сол құпияны ашық, қолжетімді ақпаратқа айналдыру мақ­сатында жұмыс істеудеміз. Халықты қорқытып, үркітіп тастаған. Ұрпақтар ата-бабам жау деп өсті. Соны біз ақтауға тиістіміз. Сыр бойынан басқа жаққа жер аударылған қазақтардың құжаттары табылмай жатыр. Сотталған кісілер де қазақ болған. Қуғын-сүргін кезіндегі құжаттарды әлі де құпия ұстау ережесі бар. Себебі ел арасында арандатушылық болмасын, тыныштық болсын деген ниет қана. Мәселен, Ақмырза, Жұмағазы деген батырлар әлі ақталған жоқ. Олар неге ақталмай жатыр? Ол кісілер қайда атылды. Бізге де құпия құжаттар берілген жоқ. Зерттеудің «А» деген бөлімшесіндегі құжаттарды әлі берген жоқ. Халық жауы атанған Жұмағазы молда Бәйімбетов 1931 жылы Алматы қаласында атылады. Бұл деректер жабулы қазан күйінде тұр.

– Бүгінгі ұрпақ сол уақытта батырлық танытқан кісілер туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін қан­дай шаралар жасалуда?

– Жастарға тарихты бүкпесіз жеткі­зіп, жас ұрпақ жадына егемендігіміздің оңай келмегендігін дәріптеу қажет. Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтеріліске қа­тысқан қазақтың ардақты ұлдарының ерліктері еш уақытта ұмытылмауы тиіс. Олар ар-намысы үшін жанын пида етті. Кейінгі ұрпақ, яғни біздер қазақ деген намысшыл халық екенімізді, ата­ларымыздың нағыз батыр екенін мақтан тұтуымыз керек. Бүгінгі ұрпақ қандай қасіреттен, қандай зұлматтан, қандай қайғыдан қазақ елі аман қалғанын түсінуі қажет. Сталин үкіметі ашаршылықпен, қуғын-сүргінмен бір-бірімізді балақтан тартқызумен халықтың бойына, сана­сына үрей сіңіріп тастаған. Сол үрейден әлі арылған жоқпыз. Мамандардың айтуына қарағанда, ашаршылық ұлт­тың психологиясына да орасан әсер еткен. Сондықтан да халыққа сол кез­дегі істеген әрекеттер қылмыс екенін түсіндіріп, сол кездігі қуғын-сүргін көрген жандарды ақтау керек. Зерттелген дерегі анықталып, сол кісілердің ерлігі жөнінде кітап шығаруды қолға алу қажет. Себебі алдағы уақытта бұл сандар өзгеруі мүмкін. Қазіргі ұрпақ сол кездегі батырлардың еңбегін түсінуі қажет. Зерттеу арқылы анықталғандарға көше атауын беріп, «Деректі» фильм, «Көркем» фильм түсіру арқылы жазықсыз жандар ақталса нұр үстіне нұр болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: