Бейсенбі, 28 қараша, 04:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Қазақстан мен Түркия бірлесіп тарихи телехикая түсіреді

05.04.2021

1539 0

Қазақстан мен Түркия ортақ телехикая мен фильм түсіруге ниетті. Қос тарап оған қолдау білдіріп, жан-жақты көмек көрсетуге әзір екенін мәлімдеді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның Түркияның мемлекеттік TRT телерадиокорпорациясының басшылығымен болған кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.

Ақжолтай хабар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі Кеңесі бейресми саммитінде ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастыру қажет деген тапсырмасына сәйкес жүзеге аспақ.

«Қазақстан мен Түркия бірлесіп, тарихи фильм мен телехикая түсірмек. Бұл жобаны еліміздің және түріктің мемлекеттік телеарналары мен жетекші мамандары жүзеге асырмақшы. Көрерменге қысқа уақытта жол тартатын туынды Қазақстан мен Түркияда түсіріледі. Менің қазір аяқ басып тұрған жерім рейтингі жоғары «Селжук мемлекетінің жандануы» телехикаясының түсірілім алаңы. Тап осы секілді түсірілім павильондарын алдағы уақытта Ыстамбұл мен қазақ елінен көруге болады», деді тілші Меруерт Қанағат.

Түркияға жұмыс сапарымен келген министр Аида Балаева Ыстамбұлда орналасқан TRT телерадиокорпорациясының киностудия қалашығын аралады. Түсірілім мекендерін өз көзімен көрген министр, сала мамандарынан жан-жақты ақпарат алып, ортақ телехикая мен фильм түсіру бойынша пікір алмасты. Екі елге ортақ тұлғалар жайлы сөз қозғап, сапалы жобаларды жүзеге асыру қажеттігі айтылды. Түріктің белгілі продюсері Эмре Конук, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізіп, Қазақстанның тұмса табиғатында тарихи фильмдерді түсіруге қызығушылық білдірді.

«Алдағы уақытта 6 бөлімнен тұратын Алып-Арслан тарихи телехикаясын түсірмекпіз. Туындыдағы соғыс алаңдары мен жазық дала көріністерін Қазақстанда түсіруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі кездесуде министр Аида Балаевамен осы жобаны жан-жақты талқыладық. Сонымен қатар Қорқыт Ата жайлы фильм түсіретін кез келді. Төрткүл дүние ұлы тұлғаларымызды тануы тиіс. Ұрпақтары ретінде бұл біздің борышымыз», продюсер Эмре Конук.

Халықаралық «TRT» киностудия қалашығы шамамен 50 гектарға жуық алаңда орналасқан. Оның 12 гектары орманды алқап болса, қалған территориясына тарихи қамалдар мен шаһар тұрғызылған. Қазір мұнда бірнеше тарихи сериалдардың түсірілім тобы жұмыс істеп жүр. Олардың арасынан еліміздің каскадерлерін кездестіріп, домбыраның үнін тыңдауға болады.

Айта кетерлігі, соңғы жылдарда қазақтың домбырасы жергілікті кинотуындылардың саунтректерінде жиі естіліп жүр.

«Халықаралық «TRT» киностудия қалашығының құрылысын бір жыл бұрын бастадық. Бүгін бір бөлігін қазақстандық делегациямен аралап, ортақ жобаны жүзеге асыру жөнінде пікір алмастық. Қазірде қазақстандық «Nomad» каскадерлері мен «Хассақ» этно-фольклорлық ансамбльімен жұмыс істейміз. Тарихымыз бір. Сондықтан ортақ жобаны жүзеге асырсақ деп армандаймыз», деді TRT түсірілім қалашығының директоры Яхия Тайип Айдениз.

Түркия бүкіл әлем бойынша телехикая экспорында екінші орында тұр. 2018 жылы шетелге сатылған түрік туындыларының құны 500 миллион доллар болды. Тек қана «Сүлейман Сұлтан» телехикаясын 700 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Сонда да алыстағы ағайын бұл көрсеткішті еселеуге ниетті. Сала мамандары киноиндустриядан табысты 2023 жылы 1 миллион долларға жеткізуге бел буып отыр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: