Жаңа салық кодексі толыққанды күшіне енуіне бір ғана апта қалды. Осы ретте Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет кулуарында елде өзін-өзі жұмыспен қамтушылар көп тіркеле бастағанын айтты, – деп хабарлайды kursiv.media
Азамат Әмрин 1 наурызда жаңа салық кодексіне байланысты кәсібі бар азаматтардың қайсысы жалпыға ортақ салық жүйесіне немесе қаншасы жеңілдетілген жүйеге көшкені туралы мәліметтер айқын болатынын айтты.
«Бізде өзін-өзі жұмыспен қамтушылар деген жаңа салық режимі барын білесіз. Қазір сол санаттағы азаматтар көбірек тіркеліп жатыр. Бұл – бір салық режимінен екіншісіне ауысқан азаматтар емес. Олар бұрын салық жүйесінде мүлде болмағандар. Бір сөзбен кәсіпкерлік қызмет заңдастырылуда», – деді ол.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға жаңа режим енгізілді. Бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген ел азаматтарына және қандастарға қолжетімді.
Арнайы режимге ауысу үшін келесі талаптарға сай болу қажет: айлық табыс – 300 АЕК-ге дейін (2026 жылы 1 297 500 теңге), қызметкерлер болмауға тиіс және белгілі бір қызмет түрлері бойынша ғана кәсіп жүргізу керек.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден босатылған. Олардың жалғыз міндеттемесі – тапқан табысының 4%-ы мөлшерінде бірыңғай әлеуметтік төлем аудару (МЗЖ – 1%, ЖМЗЖ – 1%, ӘТ – 1%, МӘМС – 1 %).
Интернет платформаларда жұмыс істейтіндер үшін (мысалы, Яндекс, InDrive, Glovo, Wolt) әлеуметтік төлемдерді есептеу мен аударуды әр платформаның операторлары жүзеге асырады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
