2026 жылдың 1 шілдесінде жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Оның аясында 138 нормативтік-құқықтық акті өзектендіріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, – деп хабарлайды KAZINFORM
– Құрылыс саласы цифрлық технологияларды енгізу арқылы жобалаудан бастап пайдалануға беру және қайта өңдеуді қамтитын жаңа деңгейге өтуде. Осы жаңалықтарды бекіту және саланы әрі қарай дамыту үшін жаңа Құрылыс кодексі қабылданып, биыл 9 қаңтарда қол қойылды. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін салаға қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтіліп, лицензияларды электронды тексеру және инженерлерді кезең-кезеңімен сертификаттау енгізіледі, – деді министр.
Оның айтуынша, құрылыс нормаларын жетілдіру үшін халықаралық стандарттарға сай келетін Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады. Кодексті іске асыру аясында 138 нормативтік-құқықтық актіні өзектендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Қала құрылысы құжаттарының сапасын күшейту мақсатында барлық құрылыс жобалары, оның ішінде нақты жобалау жоспарлары міндетті сараптамадан өтетін болады. Аталған шара сапасыз жобаларды уақытылы анықтауға, жобалау қателері мен жемқорлықты болдырмауға және құжаттардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Қосымша кодексте нақты жобалау жоспарларын тек екі жылда бір рет түзетуге рұқсат етілді. Бұл құжаттардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
