Бейсенбі, 02 мамыр, 01:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Құмар ойынмен байығанды көрмедік

11.09.2023

187 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, құмар ойынды шектеуді тапсырды. Президент төрағалығымен өтетін мемлекеттік деңгейдегі жиынның күн тәртібіне қойылды деген сөз мәселе күрделі дегенді білдіреді.

Бала күнімізде пәленше картаға үйін тігіп жіберіпті, машинасын картадан ұтылыпты дегенді еститінбіз. Сорақысы сол, әйелін картаға тігіпті дегенді де естідік. Өкінішке қарай картаның құрсауына түскендер әлі де азаяр емес. Оған түрлі интернет казинолар мен букмекерлік кеңселер, гаджеттер арқылы ойнайтын ойындар қосылды. Қапшағай мен Бурабайдағы казиноларды айтпағанның өзінде әр қалада жасырын жұмыс істейтін казинолар бар. Ол аз десеңіз, әлеуметтік желілер арқылы құмар ойынға шақыратындар көбейген. Алдымен Президент төрағалығымен өткен қауіпсіздік кеңесіне тоқталайық.

жақсылыққа апармайтын жол

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып бара жатқанын, кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жаман әдетке, әсіресе жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды.

– Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс, – деген Мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.

Қазақстан Президенті елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ойын бизнесі саласындағы қаржылық және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жандандыру қажет екеніне назар аударды.

Президент пәрмен берді, демек арнайы органдар іске кіріседі. Бұған шүбә келтірмей-ақ қояйық. Тек журналист ретінде өзімізге жүктелген міндетті орындайық деп, әлеуметтік желі арқылы көпті алдап, құмар ойынға шақыратындармен байланысып көрдік.

Халықты арбағандарға тосқауыл қойылса…

Несін жасырамыз, бүгінде жұрттың басым бөлігі алтын уақыттарын әлеуметтік желіде өткізеді. Былайша айтқанда, өз уақыттарын өздері ұрлайды. Сол әлеуметтік желіде қарапайым жұрттың санасын улап, шырмауықша шырмайтындар бар. Олар: «Сенің несиең бар ма? Жабуға көмектесеміз», «Бауырым, алған айлығың, тапқан табысың жетпей ме, бізге хабарлас», «Кімде несие бар, жабуға көмектесемін» деген секілді сөздерді айтып, түрлі айла қолданады. Бірде банкоматтан қыруар қаржы шешіп жатады, бірде адамның түсіне де кірмейтін ақшаны санап отырады. Сөйтеді де «Сен де осындай табыс тапқың келе ме, төмендегі сілтемеге өт» дейді.

Бір арбаушымен уатсап арқылы байланыс орнаттық. «Сәлеметсіз бе, менің есімім А…. (есімін әдейі жазған жоқпыз). Мен ақшалай көмек беремін. Яғни сіз салған ақшаны букмекерлік келісілген ойындар арқылы 1 сағат ішінде көбейтіп беремін», деген ол 10 мың теңге салсам, 750 мың теңге ұтатынымды айтып, кәдімгідей шыдамымды тауысты. Осыншама қаржы ұтасың деп тұрғанда әлгіге нанып қала жаздайды екенсің. Айтқан қаржысын тігіп жіберуге сәл-ақ қалдық. Тағы 100 пайыз ұтатынымды айтқанда, есепшотымда қанша қаржы бар екенін де тексердім. 10 мыңға жетпеді, «мың теңге бола ма?» дедім сөзге тартып, ол болмайтынын айтты.

Тағы бір арбаушы телеграмм арқылы жұмыс істеп отыр. Өзінің оқырманы да көп. Сілтемеге өт дейді, өтсең интернет казиноға тап боласың. Алдымен «Үйде отырып табыс табу» деп тақырып қойып, «Қосымша табысты барлығымыз аңсаймыз. Ешқайда шықпай-ақ ақша тапқымыз келеді ғой? Ал ол мүмкін. Қалай екенін барлығын мен обучениемде үйрететін боламын» деп айқайлатып жарнамасын жасаған. Мұның да шырмауына талай адам түскен шығар?..

Мақаланы жазу барысында ондайлардың талайын көрдік. Сілтемесіне өтсең болды, ақылы ойынға немесе интернет казиноға кіріп кетесің… Қаншама жан осындайлардың кесірінен құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жүр. Осы мақаланы жазу үшін әлеуметтік желідегі арбаушылардың жетегіне де ердік. Олардың қандай айла қолданатынын, не дейтінін, не істейтінін көрдік. Шама-шарқымыздың қай жерге дейін баратынын бақыладық. Жетегіне ерсек те өзіміздің кім екенімізді айтпадық. Ондағы ойымыз, арбаушылардың өзін шошытып алмайық болды. Сөзіміз дәйекті шығу үшін әлеуметтік желілердегі диалогтарымыздың скрин-шотын жасадық. Құзырлы органдар қажет деп тапса, беруге әзірміз. Әйтсе де оларға тосқауыл қоймаса болмайды.

Үш карта үш жүздің түбіне жетпесе болғаны…

Біз өз кезегінде тұрғындарды да сөзге тарттық. Өзін Тұрсын Аманбайұлы деп таныстырған жігіт ағасы: «Күн-түн демей карта ойнайтын, тіпті апталап ұйықтамай соның соңында жүретіндер болады. Ондайларды Құдай аясын. Алла адамды бір жаңылдырмасын, жаңылдырды ма, таза жолға түсуі қиын. Бүгін ұтса, ертең еселеп ұтылып жататындар да аз емес. Құмар ойынға әбден еті үйреніп кеткендер көлігін, үйін картаға салып жібереді. Ондайлар бұрын да болған, қазір де бар», – деген ойымен бөлісті.

Бізге пікір білдірген тағы бір кісі өзін Азамат Талғатұлы деп таныстырды да: «Құмар ойын талай отбасының ойранын шығарды ғой. Қаншама адам құмар ойнаймын деп қарызға батты. Картаға, казиноға барын тігіп жіберетінін қайтесің олардың… «Алла балаға сана берсін, сана бермесе ала берсін деп осындайларға айтқан шығар?..» деп пікір білдірді.

Әдетте мұндай тақырыптарды қаузап, мақала жазарда әкеммен ақылдасамын. Ол кісі: «үш карта үш жүздің түбіне жетпесе болғаны…» деп терең күрсінді.

Иә, ауыр сөз. Бірақ шындық – осы.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: