Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Қыстың қамын жаз ойла»: отын-су қамдау, егін жинау науқанына дайынбыз ба?

26.08.2023

1345 0

Көзді ашып-жұмғанша үш ай жаз да аяқталып қалды. «Қазір уақыт қысқарған» деген дәйекті-дәйексіз пікірге сүйенсек, шынында, жаздың қалай өтіп кеткенін білмей қалдық. Енді міне, қыс қамын ойлап, шананы сайлайтын да кез келді. Осы аптада өткен Үкімет отырысы да қыс қамына арналды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы егін жинау науқаны, жем-шөп дайындау, жылу маусымына дайындық мәселелері пысықталды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдегендей, биыл егін орағын уақытылы бастауға мүмкіндік бар. Бүгінде республика бойынша 2,4 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе 14,1% өнім жиналды. Орташа өнімділігі гектарына 11,5 центнер болған 2,8 млн тонна астық бастырылды. Айта кету керек, республиканың барлық өңірінде жаппай егін жинау науқаны басталды. Биыл 24 млн гектар ау­мақтан ауыл шаруашылығы дақылдары жиналмақ. Оның 17,4 млн гектарынан дәнді дақылдар жиналады.

Биыл вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер құрғақшылыққа және судың болмауына байланысты бірқатар қиын­дықтар туындап, ол дақылдардың жай-күйіне әсер етті.

Мәселен, облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша бүгінде дәнді дақылдар егісінің 45,1%-ы жақсы, 46%-ы қанағаттанарлық және 7,5%-ы нашар күйде.

Жаппай егін жинау жұмыстарының басталуына байланысты ауыл шаруашы­лығы тауарларын өндірушілер барлық қажетті техниканы дайындады.

Жалпы егін жинау жұмыстарын жүр­гізу үшін республикада 149,9 мың трактор, 38,6 мың астық жинайтын комбайн, 13,5 мың орақ бар.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілерге егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, оның 58 мың тоннасы мал азығын дайындау жұмыстарын жүргізуге бағытталды.

Дизель отынының бұл көлемі Энер­гетика министрлігімен келісіліп, бекі­тіл­ген. Барлық шығындарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші­лер үшін орташа баға литріне 250 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15%-ға төмен. Министрлік элеваторлардың астық­ты қабылдау дайындығына қатысты тұ­рақты мони­торинг жүргізіп келеді.

Республикада астық сақталатын орын­дардың жалпы сыйымдылығы 29,9 млн тоннаны құрайды: астық қабылдау кәсіп­орындарында – 13,1 млн тонна, ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілерде – 16,8 млн тонна. Сақтау сыйымдылығының көр­сетілген көлемі өткен жылдардың ауы­сымын ескерсек, болжамды өнімді сақтау үшін жеткілікті.

Облыс әкімдіктері астық қоймаларының жаңа өнімді қабылдауға дайындығын қам­тамасыз етуі қажет.

Егін жинау науқанын сәтті өткізудің негізгі мәселесі – шаруаларды қаржымен қамтамасыз ету.

Өткен жылдағыдай «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көк­темгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландырудың жалпы сомасы 140 млрд теңгені құрады және 3,8 мың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қаржыландырылды.

Азық-түлік корпорациясының желі­сі бойынша оның ресурстарына астық жеткізудің қажетті көле­міне келісімшарт жасалды, ол үшін 81,2 млрд теңге, оның ішінде форвардтық сатып алу шеңберінде 21,2 млрд теңге және тауарлық кредит арқылы 60 млрд теңге бөлінді.

Қазіргі уақытта бірінші ке­зектегі міндет егінді шығынсыз жинау болып отыр, бұл ретте Қазгидрометтің болжамдарын ес­керу қажет.

Азық дайындауға келетін бол­сақ, өңірлерде жергілікті атқарушы ор­гандарының жедел деректері бойынша бүгінгі күні шамамен 1,2 млн тонна пішен дайындалды, бұл жоспарланған көлемнің 84,4%-ын құрайды.

Айта кету керек, сабан, сүрлем және құнарландырылған азықты дайындау негі­зінен қыркүйек айынан басталады.

Малдың негізгі азығы саналатын пішен дайындау 19,6 млн тоннаны немесе жоспардың 78,2%-ын құрады.

Министрлік тарапынан азықты сәтті дайындау үшін бірқатар шаралар қабыл­данып жатыр.

Жедел штабтың екі отырысының қоры­тындысына сәйкес, әкімдіктерге азық дайындауды субсидиялауға қосымша қара­жат бөлу тапсырылды. Нәтижесінде, жедел ақпарат бойынша әкімдіктер бұрын бекітілген 11,7 млрд теңге субсидия кө­леміне қосымша 10,1 млрд теңге бөлуді жоспарланған.

Биылғы 1 тамыздан бастап «ҚазАгро­Қаржы» АҚ желісі бойынша мал азығын дайындау техникасын сатып алу, агро­өнеркәсіптік кешен субъектілеріне одан әрі лизингке беру үшін қаржыландыру басталды. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 20 млрд теңге бөлінді. Азық өндірісін дамытудың жол картасын іске асыру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Өз кезегінде энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді (АШТӨ) дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша ақпарат берді.

Оның айтуынша, 17 тамызда әкімдік­тердің өтінімдері бойынша дизель отынын тиеп-жөнелтудің ай сайынғы графигі түзетілді. Оның ішінде, шілде-тамыз айла­ры­ның көлемдері азайтылып, керісінше қыркүйек айында көлем көбейтілді. Тиеп-жөнелтудің жалпы көлемі өзгерген жоқ – 426 мың тонна, соның бүгінде 28%-ы орындалған.

Мәліметке сүйенсек, ауыл шаруашы­лығы тауарларын өндіру үшін баға автожанармай құю стансасына қарағанда 18%-ға төмен. Егін жинау науқанында жанар-жағармай бағасы қымбаттамауы қажеттігін бақылау тапсырылды.

Өңірде егін жинау

25 тамызда басталады

Биыл сырбойылық диқандар 193,4 мың гектарға егін екті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, дәнді дақылдар 99,9 мың га, майлы дақылдар 4,5 мың га, мал азықтық дақылдар 69,2 мың га, картоп, көкөніс, бақша 19,8 мың га  егілді. Негізгі дақыл күріштің көлемі 89 мың гектарды құрады.

Егіс көлемдерін әртараптандыру бағы­тында 1192 гектарға дән жүгері, 1447 гектарға сүрлем жүгері, 179 гектарға күн­бағыс, 64 гектарға соя дақылы, 5 гектарға қант қызылшасы, 195 гектарға қант құмайы егілсе, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 872,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын екті.

Сонымен қатар 4239 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары 100 пайызға жөндеуден өткізіліп, күзгі егін жинау жұмыстарына қатысуда.

Биыл күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізуге 9,1 мың тонна мемлекет тарапынан арзандатылған дизель отыны бөлініп, 4 оператор арқылы ауыл шаруашылығы құрылымдарына бөлінген дизель отынының әр литрі 265 теңгеден берілуде.

Қазіргі таңда облыс шаруашылықтары егін жинау науқаны бойынша ерте егілген дақылдарды жинау (күздік бидай, жаздық бидай, арпа және қант құмайы дақылдары) жұмыстарын толық аяқтады. Қазіргі таңда 4,3 мың га күздік бидайдан 7 мың тн өнім жиналып, (орта өнімі 16,2 центнерді) құраса, 4,4 мың га жаздық бидайдан  3,2 мың тн өнім жиналып, (орта өнімі 7,2 цн), 365 га арпадан 209 тн (орта өнімі 6,0 цн) өнім алынды.

Аудандардан жинақталған жедел ақпаратқа сәйкес егілген 4,2 мың га мақсарының 3 мың га жиналып, 3,3 мың тн (орта өнімі 11,1 цн), 1,2 мың га дәндік жүгерінің 613 га жиналып, 1839 тн (орта өнімі 30,0 цн), 1,4 мың га сүрлем жүгерінің 93 гектары жиналып, 237 тн (орта өнімі 25,5 цн) өнім алынды.

Картоптың 378 гектары (9,1%) жиналып гектарына 112,4 центнерден,  көкөністің 3071 гектары (47,0%) жиналып, гектарына 206,8 центнерден, бақшаның 5516 гектары (60,2%) жиналып, гектарына 249,1 өнім алынды. Картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда.

Мал азықтық дақылдарын жинау жұ­мыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс бойынша барлығы 229 мың тонна жоңышқа шөбі жиналды.

Биыл күтімге алынған 46,2 мың гектар ескі жоңышқаның 3,1 мың га тұқымға қал­дырылып, 43 мың га жоңышқа шөбін дайындауға қалдырылған болатын. Орылуға тиісті көлемнің бірінші орымынан 109 мың тонна жоңышқа жиналып, орта өнім 25,3 центнерден айналды. Қазіргі таңда екінші орымы жүруде, жиналуға тиісті көлемнің 42,5 мың гектар орылып, орта өнім 26 цн айналуда.

Биыл егілген 21,2 мың гектар жаңа жоңышқаның бүгінгі күні 8,4 мың гектары жиналып, 9,4 мың тонна шөп дайындалды, әр гектарынан 11 центнерден орта өнім алынуда. 

Облыс бойынша күріш егісінің суын байлау жұмыстарын 1 тамыз бен  9 қыр­күйек аралығында жүргізу межеленсе, бүгінгі күнге дейін 59,1 мың гектар (66,4%) күріштіктің суы байланды.

Аудандармен бірлесіп алдын-ала жасалған кестеге сәйкес 25 тамыздан күріш жинау басталса, 10 қазанда аяқтау жоспарлануда.

Күз артынан қыс келеді, қаншалықты дайынбыз?

Үкіметте қаралған екінші мәселе – алдағы жылу маусымына дайындық барысы.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтің айтуынша, бекітілген кестеге сәйкес еліміздің электр станция­ларында 10 энергетикалық блок, 49 қа­зандық және 54 турбинаны күрделі жөндеу көзделген. Бүгінгі таңда 4 энер­гетикалық блок, 24 қазандық және 15 турбина жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Сондай-ақ 3 энергетикалық блок, 13 қазандық және 11 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.

Бұдан басқа биыл 25,3 мың шақырым электр желісін, 567 қосалқы станцияны, сондай-ақ 3,5 мың тарату пункті мен трансформаторды күрделі жөндеу жос­парланған. Бүгінгі таңда 13 мың шақырым электр желісі, 364 қосалқы станция және 2 мың тарату пункті мен трансформатор бойынша жұмыстар аяқталған.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жылу маусымының басталуына 1 айдан астам уақыт қалғанын және жалпы дайындық жұмыстары белсенді жүріп жатқанын атап айтты. Сонымен қатар Үкімет басшысы жыл соңына дейін Елордада 3-ЖЭО мен екі газ турбиналық станцияны жоспар бойынша іске қосудың маңызын атап өтті. Премьер-Министрдің айтуынша, өңірлерде 13 мыңнан астам автономды қазандық дайындау қажет.

Үкімет басшысы жалпы жылыту маусымына дайындық және оны өткізу барысы күнделікті маңызды мәселе екенін ескере отырып, әрбір өңірде жол картасын әзірлеп, бекіту қажеттігін айтты.

– Онда жылу желілерін дамыту, жаңа жылу орталықтарын салу мен қолданыстағы орталықтарды күрделі жөндеу жұмыстары нақты айқындалады. Сондай-ақ апат болған жағдайда Өңірлік коммуналдық қызметтер мен Жылу орталықтарының іс-қимылының әр қадамы жазылған алгоритм бекітілуі тиіс, – деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Министр осы сектордағы цифрландыру мен автоматтандыру деңгейін арттыру маңызды екенін айтты.

– Жылу желісі инфрақұрылымының жай-күйі, шығын деңгейі, тұтынатын жылу энергиясының саны мен сапасы туралы объективті деректер қажет. Бұл жылу жүйесін басқаруға және жылу беретін нысандардағы апат санын азайтуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Жалпы Үкімет басшысы белгіленген мерзімде барлық жоспарланған жөн­деу жұмысының аяқталуын және қажетті көлемде отынның алдын ала жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.

– Ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен 2 апта мерзімде көмірді дайындау және өткізу орындарының жағдайына, оның сапасына, жеткізу кестелеріне, бағалардың негізділігіне тексеру жүргізуі қажет, – деді Премьер-министр.

Жылу маусымына білім мекемелері дайын

Аймақта жылу беру маусымына дайындық барысы да пысықталуда. Әсі­ресе әлеуметтік нысандарды, білім беру ұйымдарының қысқа дайындығы назардан тыс қалмайды. Апта ішінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдеріне брифинг берген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов аймақта жылу беру маусымына дайындық және білім беру мекемелерінің дайындығы кестеге сай жүргізіліп жатқанын атап айтты.

– Облыс бойынша алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілуде. Нақты кезеңде аймағымызда 1067 әлеуметтік нысан бар. Оның 532-сі – білім беру нысаны. Білім беру нысандарының жылу беру маусымына дайындығы 95 пайызды құрайды. Биыл 12 қазандықты жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 11 білім беру нысанының қазандығы сыртқа шығарылады, – деді ол.

Жалпы 532 мемлекеттік білім беру ұйы­мының 77-сі жылумен қамтамасыз ету бойынша орталықтандырылған, автономды газ – 100, автономды сұйық отын – 199, автономды қатты отын – 124.

Биыл маусымды толық қамтуға білім саласына 3,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 1,8 миллиард теңгесі қаңтар-сәуір айларында жұмсалды.

– Жылу маусымының екінші кезеңіне 11097 тонна қатты және 7676 тонна сұйық отын қажет. Қазіргі таңда қатты және сұйық отынды жеткізу бойынша облыстағы барлық білім беру мекемесімен келісім-шарт жасалған. Қатты отын тамыз айынан бастап бекітілген кесте бойынша жеткізілуде. Ал сұйық отын білім беру нысандары резервуарларының көлеміне сәйкес бекі­тілген кесте бойынша жеткізілетін болады. Одан бөлек, жылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуге 216,1 миллион теңге қосымша қаржы бөлінді, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бақыт Дүйсенов.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: