Жексенбі, 13 қазан, 02:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№81-2091
12.10.2024
PDF мұрағаты

Қазақ журналистикасы: жетістік пен кемшілік

26.06.2021

3383 0

28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні. Бүгінде осы салада елеулі еңбек етіп, жаһан жаңалықтарымен дүйім жұртты хабардар етіп жүрген журналистер еңбегі ерен. Атаулы күні БАҚ өкілдері ыстық ықылас пен қошеметке бөленеді. Осы орайда біз де журналистиканың кешегісі мен бүгінін саралап көрмекпіз.

«Түркістан уәлаятынан» бастау алады

Қазақ журналистикасының тарихы 1870 жылы «Түркістан уәлаяты» газеті басылған кезден бастау алады. Ол қазақ тілінде басылған тұңғыш газет. Басылым қазақтың қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымының молаюына оң әсер етті.

Бұл басылым бетінде қазақтың ғалым-ағартушысы Шоқан Уәлихановтың ана тіліміздегі мақаласы жарық көрді. Қазақ хандары, қазақтың тегі, үш жүздің арғы түп атасы саналатын Алаш туралы деректер, жарлықтар, егін егу, мал шаруашылығы, қазақ елінің басқа елмен қарым-қаты­насы, теміржол, алғашқы телеграф, пошта қатынастары, кен қазу, металл, көмір өңдіру, саяси-экономикалық, оқу-ағарту мәселелері, алғашқы сын, зерттеу мақала­лары да газет бетінен табылды.

Газеттің тұңғыш редакторы – Шаһмардан Мирасұлы.  Ұлты башқұрт болса да, генерал-губернатордың тілма­шы болып патша өкіметіне қызмет ат­қарғанымен, қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс пен шығыстың көптеген тілінде еркін сөйлеген.  

1921 жылдың 29 қыркүйегінде респуб­ликада радиохабарлар тарату туралы ше­шім қабылданды. Бұл туралы шешімді Қазақ АССР Халық комисарлары Кеңесі қабылдады. Ал қазан айында сол кездегі астана Орынбордан республикаға хабар тарату басталды. Қазіргі таңда «Алтын қор­да» Қазақ радиосының 1948 жыл­дан бері сақталған 100 мыңнан аса фонограмма бар.

Ал қазақ журналистикасындағы теле­визия саласының бастау алуы 1958 жылғы 8 наурыз болып тарихқа енген. Сол күні ең алғаш рет Алматыдан тікелей хабар таратылып, оның алғашқы дикторы Ләзиза Аймашова болды.

1959 жылы Қазақстан баспасөз құрал­дары өкілдерінің шығармашылық ұйы­мы – Қазақстан журналистер одағы құрылды.

Журналистиканың жеткен жетістігі мен кемшілігі қандай?

Қазақ журналистикасының дамуы­­на зор үлесін қосқан жанның бірі – Намазалы Омашев. Ол тәрбие берген студенттер бүгінде журналистика сала­­сында беделді де белсенді қызмет етіп жүр. Намазалы Омашұлы 2003 жыл­дан Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық Ғылым Академиясының то­лық мүшесі, 2002 жылдан Қазақстан журналистикасы академиясының толық мүшесі, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қай­раткері, Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің бұқаралық ақпарат құ­рал­дары саласындағы сыйлы­ғының лауреа­ты. Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Бүгінгі қазақ жур­налистикасының жеткен жетістігі жоқ емес. Мәселен, «Егемен Қазақстанның» тербеп жүр­ген тақырыптары тамсануға тұрар­лық. «Қазір газет ұлттың тарихына Алашқа байланысты дүниелерді терең зерттеп, оқырман көңілінен шығатындай, тағылым мен білім алатындай дәрежеде беретін болды. Бұрын баспасөзде мұндай дүниелерге жиі оралмайтын. Қазір бұл тақырыптарды бүге-шүгесіне дейін тарқатып, ғылыми айналымға түсетіндей етіп беретін болды. Мұны баспасөздің жетістігі десек артық емес», – дейді Намазалы Омашұлы.

Одан бөлек, бұл салада экономикалық, қаржы мен халықаралық жағдайға бай­ла­­нысты салмақ­ты материалдардың жарық көруін де жетіс­тіктер тізіміне қосуға болатынын айтты.

Бірақ басылым бетінде саясат туралы қалам тербеу әлі де болса ақсап тұрғаны жасырын емес. Бұл туралы Намазалы Омашев: «Басылым бетінде саясат сыр­ғақ. Билік ондай мұрша бермейді. Билікке ұнамай қалмайын деп, ішкі саясат, әсіресе идеология мәселесіне кел­генде журналистердің тісі өтпей қа­лады. Бұл  – басылымның кемшілігі. Дегенмен қазіргі қазақ журналистерінің деңгейі шетелдік ба­сы­лым мамандарынан ешқандай кем еместігін де жасырмады.

– Телевизия – жеңіл-желпі материал­дарды көп береді. Сонымен уақыт өткізіп, рейтинг жинаймыз деп жұмыс істейді. Ал ұлтқа, ел мен жұртқа пайдалы, айтылуға тиіс, қоғамдық пікір туғызатын дүние­лерді аздау береді. Иә, «Ашық алаң» бағдарламасында дүниежүзін шыр­мап жатқан тажалға байланысты дүние ай­тылып жүр. Ал енді басқа қоғамдық мә­селе де бар ғой. Шынтуайтында, қазір телевизияда уақытты алатын, пайдасы жоқ дүниелер қаптап кеткен, – дейді Намазалы Омашұлы.

Радиода да осы кемшіліктер бар екен. Сағаттап эфирде отырғанымен, ел мен жұрттың рухын көтеретін дүниелер берілмейді. «Радио – опера­тивті құрал. Әлемде, елде болып жат­қан жаңалықты жедел беретін мүмкіндігі бар сала. Бірақ соның мүм­кіндігін пайдаланбайды. Мен мұны үлкен жиында осы мәселені талқы­лағанда да айтқанмын. Нәтиже шығып жатқан жоқ», – дейді ол.

Алайда Қазақ радиосының 100 жыл бойы сіңірген еңбегі мен жеткен жетістігін жоққа шығармаймын. Ол рас, ол бар. Қазір де қарап отыр деп айтпаймын. Бірақ қазір әлеуметтік желіде жалған ақпарат желдей есіп жүр. Осы ретте радиода 15 минут сайын әлеумет пен әлемнің жағдайын жиі беріп отырса қауесет пен өтірік әңгіме азаяды. Бұл мемлекетіміз үшін дұрыс болар еді, – деді Намазалы Омашев өз сөзінде.

Одан бөлек, ол қазіргі журналистер тікелей эфирге шығып, өз пікірін еркін айтатын жағдайға жеткенін айтты. Бұ­рын тікелей эфирге кез келген жур­на­лист шықпайтынын, тәжірибелі жур­налистердің өзі қаймығатынын жеткізді. Қазір жас­­­­тар тікелей эфирге үйреніп алды, тартыншақтамайды. Бірақ ай­тып отырған мәселелері баяғы жеңіл-жел­пі. Сон­дай-ақ сұхбаттан басқа да жанрлар бар екенін ұмытпау керектігін еске салды. Оқи­ғаның қақ ортасынын жүргізілетін репор­таж, сауатты және аузы дуалы адамдар комментарий беру керек.

Мен мұны айтып отырғанда оны сырт­тай сынап, өзімді көтермелейін деге­нім емес. Шынайы жанашырлықтан айты­ла­тын нәрсе. Жақсылығымызды ешкім алып кет­пейді, осындай кемшіліктер бар», – деп қорытындылады Намазалы Омашев.

Жақсы журналист болу үшін не істеу керек?

Журналист – бұл кез келгеннің қолынан келмейтін қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық. Бұл салаға келетін жан көп ойланып, нақты шешім қабылдауы керек. Осы ретте елімізде аталған маман иелерін дайындауда жоғары оқу орындары белсенді білім беруде. Дегенмен жақсы журналист болу үшін не істеу керек? Қазір журналистикада білім берудің ақсап тұрған тұсы қандай? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және сая­саттану факультетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, доцент Гүлмира Шайтмағанбетқызына жүгіндік.

– Журналист жұмысы жазса бітеді. Елдің сөзін сөйлейтін тілші ең алдымен жазуға машықтануы керек. Журналистің қаруы – сөз. Тіл байлығы жұтаң, сөз мағынасын, ой астарын ұқпайтын ма­ман­нан «проблема көтер» деп талап етудің өзі ыңғайсыз. Сондықтан жур­налист боламын деген студентке мәтін жазуды, ойды жүйелі жеткізуді үйрету керек. Ал тіл байлығын дамыту үшін көркем шығарманы оқытқан абзал.  М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетінің журналис­тика факультетінде әлі күнге әдебиетті оқытады. Еуропада академиялық жазы­лымды (эссе) үйретеді. Біздегі универ­ситеттің бір­қа­та­рында осы пән енгізілген. Меніңше нәтиже бар деп ойлаймын, – дейді ол.

Ал білім беруде теория мен тәжірибені үйлестіру жетіс­пейді. Мұның себебін Гүлмира Әшірбекова:

«Акаде­миялық адалдық, студенттің таң­дау ер­кіндігі бар. Дегенмен кейде кәсіби тәжі­рибе, кейде білім алушылардың нем­­құрайлылығы нәтижеге кері әсерін тигізеді. Бұл мәселенің айналасын қаза бер­сек, біраз проблеманы көтеруге бо­лады. Бір ғана оймен қорытқым келеді. Журналист мамандарын дайындауда қа­­зір­гі таңда 30-ға жуық ЖОО-лар 40-тан астам білім беру бағдарламасын жүзеге асырып отыр. Бағдарламаның сапасы мен нәтижесіне қатысты құзырлы орындар жауап берер. Байқағаным, ма­ман дайындаудағы кейбір кемшілік білім беру бағдарламасының сапасыз дайын­далуынан деп ойлаймын.

Одан бөлек жақсы журналист болу  адамның өзіне байланысты. Оның айтуын­ша, университет теориялық бі­лім мен негізгі практикалық дағдыны қа­лып­тастырады. Әрі қарай дамыту – шы­­ғар­машылық ортаға байланысты. «Сон­­­дықтан редакциядағы әріптестер жас маманды ортаға тартып тәрбиелесе, аға буынның қамқорлығын көрген жас мық­ты маман болары сөзсіз», – дейді ол.

Салалық журналистиканың сапасы қалай?

Қызметін бір салаға арнап, сол туралы қалам тербеп жүрген сала журналис­те­рі бар. Дегенмен осы салалық журналисти­ка­ның деңгейі шетелге қарағанда әлсіздеу екені жасырын емес. Алайда белгілі бір салаға бейімделіп, сол тақырыпта мақала жазып жүргендер жоқ емес. Осы орайда, салалық журналистиканың бүгінгі жай-күйі туралы республикалық қо­ғам­дық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Әбжанұлының пікірін сұрадық.

Неміс романшысы Томас Манның «Театр халықты ұлтқа айналдырады» деген сөзі бар. Мұны журналистикаға қа­тысты да осылай айтуға болады. Ол үшін журналистикада еркіндік керек. БАҚ-тың еркіндігі болмаса, қоғамды өзгертпек түгілі қара басын алып жүруі қиын болуы мүмкін екенін аға буын жазушы-журналистер жиі айтып келеді. Президенттің өзі де демократияны дамытуға баса мән беріп жатыр ғой. Қоғамның маңызды бөлігі ре­тінде бұқаралық ақпарат құралдарында да демократия, еркіндік болса, қолына қалам ұстаған әрбір журналистің өзіндік ой-пікірі, сараптамалық сүрлеуі, қоғамдық көзқарасы, түптеп келгенде, салалық сал­мағы сезілер еді.

Бір салаға бейімделіп жазу деген­нен шығады, дамыған елдердің журналис­тикасына көз салсаңыз, тілшілердің бір салаға бар ғұмырын арнап, сол бағытта ұзақ жылдар қалам тербеп жүр­генін байқауға болады. Ал біздің елде қалай? Бұдан бір жыл бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен өткен жиында ол қазір елде экономика, медицина, қаржы сынды күрделі тақырыптарда жазатын журналистер жетіспейді деді. Бұл, бір жағынан, ақиқат сөз болғанымен, соңғы отыз жыл ішінде елімізде са­лалық журналистика баяу болса да дамып келе жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, өте күрделі сала саналатын экономиканың қыры мен сырын толық меңгермесе де, сол салада қалам тербеп жүрген шо­ғырдың қалыптасқанына тәнтімін. Кезінде журналист Гүлзат Нұрмолдақызының, Берік Тұрғынбекұлының эко­номикалық сараптама жа­саған мақалаларына мән бе­ріп қарайтын едім. Біздің өңірде ардагер журналист Жолдасбек Ақсақалұлының өзі неге тұрады? Әлі күн­ге экономика, қаржы тақы­рыбында тәуір дүниелер ұсынып келеді. Өз басым жерлесіміз, «Егемен Қазакстан» газетінің тілшісі, жас журналист Абай Аймағамбеттің осы саладағы зерттеу, сараптамалық жазба­ларын жиі оқып, тіпті жеке әлеуметтік парақшамда бөлісіп тұрамын. Қалам сілтесі бөлек, тың тақырыптарды тауып алатыны сүйсінтеді.

Өкінішке қарай, қазақтілді баспа­сөзде салалық журналистиканың кен­желеп тұрғанын мойындау керек. Бұған жур­на­листикаға баулитын жоғары оқу орындарында баса көңіл бөлінбеуі, қазақ­тілді салалық маманның аздығы әсер етіп отыр деп ойлаймын. Ал орыс­тілді журналистикада бір ғана эко­номиканың банк пен қаржы, биржа, мұнай-газ, өндіріс, т.б, салаларының әр­қайсысына бейімделген журналистер бар. Ал бізде жалпылама жазу үрдісі бай­қалады. Негізі «Журналист көп біледі, бірақ бір нәрсенің түбіне тереңдемейді» деген сын жиі ай­тылады. Сондықтан журналистика деген жүйріктің әлеміне қол созған әріптестерімнің белгілі бір бағытқа бейімделуін, ұңғыл-шұңғылын жетік білуін құп көремін. Әрине, әмбебап болған да артықтық етпейді ғой. «Салалық журналистика дамымай, журналистика дамымайды» деген ұс­таныммен қараған­да, қазақ баспасөзі белгілі бір саланы сөй­лете алмайды деп айтуға негіз жоқ. Тек журналист үшін ең басты мәселе, ол – қай саланы қамтыса да, оқырманына өзі­­нің жеке көзқарасы мен субъективті ой-пікірін емес, объективті де шынайы мәлі­­метті беріп, сол саланың кәсіби ма­мандарының талдауы мен сараптауына жүгіне білгені жөн.

«Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Айжан Абдуллаева қазақ журналистерінің тіл үйренуге деген құлшынысына жоғары баға берді.

Маған бүгінгі қазақ журналистерінің тіл үйренуге деген құлшынысы ұнайды. Бұл өте дұрыс бағыт. Әсіресе, ағылшын тілін жетік білу бізді қандай да бір ақпараттық экспансиядан қорғайды деп санаймын, – дейді ол.

Сонымен қатар «Халыққа ұсынатын ақпарат не оған пайдалы болу керек, не оны таңқалдыру керек деген тенденция тұрғысынан келер болсақ, бізде эксклюзивті тақырыптар, танымдық тұр­ғыдан оқырманның не көрерменнің білім деңгейін көтеретін материалдар олқы соғып жатады», – деп саланың кемшін тұсын да атап айтты.

P.S. Кәсіби мерекеде мерекелік көңіл күй, құттықтау, мақтаудан бөлек, саланың кем-кетігін, жетістігіне шолу жасағанды жөн көрдік. Бұл ой түйіп, алға қарай қадам басуымыз үшін қажет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: