Дүйсенбі, 25 қараша, 17:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Қыз тәрбиесі – ұлттың тәрбиесі

03.12.2021

1145 0

 Қазақ халқы ерте заманнан елдің қамын ойлап, кемел келешекті қалыптастыратын ұрпақ тәрбиесіне селқос қарамаған. Ұлттың болашағы саналған қыздар қауымына ерекше құрмет көрсеткен. Қыз баласын кішкентайынан мәпелеп, оған бар мейірімін көрсететін болған. Жұмыр басты пенденің басынан түрлі жағдайлар өтуі мүмкін, сондықтан қыздарын қайырымды әрі қажырлы, инабатты, ибалы болуына ерекше мән берген.

    Ұлттық құндылықтарды сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізу аналардың ролі орасан зор. Себебі ұрпақты өмірге әкеліп, оған тәрбие беретін де асыл аналарымыз. Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында: «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, бұл жердегі ой оның келешек ұрпаққа ана болып, оның бойынан жақсы қасиеттердің табылатындығы мен адамгершілігінің жоғары болу қажеттігін баса назарда ұстаған. Текті ұрпақтан тараған, түбі түркі халқымыз қызға ырымдар мен тыйымдарды да айта білген. Мәселен, «қызға қырық үйден тыйым», деп жатады. Оның да өзіндік мән мағынасы бар. Қыз баланың келешек бір отбасының келіні, анасы болатындықтан оны барынша сырттан қызғыштай қорғап өсірген. Сонымен қатар «Қыздың қабағында құт бар. Қыз қабағы күрен тартса – ел жұртқа шалдығады. Қыздың қабағы күлімдесе – құт қонады. Қызды жылатқаның қырсығы қырық есекке жүк болады», дейді дана халқымыз. Сондықтан жанарынан жас түсірмей, мәпелеп өсірген.  «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға қол көтермеген. Тіпті, отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз. Оң жақта отырғанда жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз», – деп жазады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» дегені қыз тәрбиесінің маңыздылығын ұғындырғандай.

Қыз – ол сенің балаң, ол сенің қарындасың, ол сенің анаң, ол сенің әйелің, ол сенің ақ жаулықты әжең. Бағзы замандарда ер адам түздің көркі, әйел отбасы мен ошақ қасында бала тәрбиесімен айналысатын болған. Дегенмен қазіргі таңда да солай, бірақ дәл сол кездегідей емес. Баланың тәрбиесімен 3 жастан кейін балабақшалар айналысуда, айта кетерлігі «Жігіттің жақсысы нағашыдан», деген сөз осы тұста айтылады.

«Алып анадан» деген нақылдың тамыры тереңде жатыр, қыздарымыз саналы болмай,ұрпағымыз сапалы болмайды.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: