Жұма, 03 мамыр, 05:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Қызылжармадағы қызу тірлік

05.08.2023

246 0

Бүгінгі біздің  бағытымыз – Қызылжарма ауылдық округі. Орайы келгенде айта кетелік, «Ауыл –  ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қалаға қарайтын ауылдардың тыныс-тіршілігін жазуды дәстүрге айналдырдық. Мақсатымыз – ауылдың  тіршілігін көзбен көріп, көңілге түю, шынайы ауылдың бейнесін сол қалпында оқырманға жеткізу.

Тарихты түгендесек

Қызылжарма ауылдық округі 1929 жылы құрылған. Орталығы – бұрынғы Комсомол, қазіргі Қызылжарма ауылы. Ауылдың көнекөз қарияларының айтуынша, Сырдария өзені сағасынан ауылға қарай қолдан канал қазылып, су жеткізілген. Канал қазғанда шыққан топырақ кып-қызыл болып үйіліп жатады екен.

Осыған қарап, ауыл адамдары кетпенмен қазылған жарманы «Қызылжарма» деп атапты, оның бойында орналасқан ауылдық кеңес те осы атауды иемденген.

1950 жылға дейін ауылдық кеңес аймағында «Қарауылтөбе, «Тереңсай», «Колос», «Кооператор» колхозы болған. 1961 жылы наурыз айында Комсомол совхозы құрылған. Совхоз қала халқын сүтпен, көкөніспен қамтамасыз етіп тұрған.

1964 жылы ауылдық кеңестен құс фабрикасы ашылып, ұзақ жылдар облыс халқын құс еті мен жұмыртқамен қамтамасыз етіп келген. Өкінішке қарай, құс фермасы 2007 жылы тамыз айында банкрот болған.

1971 жылы Қазалы ауданынан Қызылжармаға ауылшаруа­шылық техникумы көшіп келіп, 1977 жылы совхоз-техникум болып құрылған.

1992 жылы «Агрофирманың» құрылуына байланысты, техникум шаруашылықтан бөлінген. Ал 1997 жылы қаладағы бірнеше техникум біріктірілген. Солардың қатарында Қызылжармадағы совхоз-техникум да бар.

Ал ауылдағы шаруашылық 1992-1997 жылдары Қызылжарма ұжымдық кәсіпорны болған. 1997-2003 жылдары «Қызылжарма Сервис» ЖШС болып құрылып, 2003 жылы банкрот болады.

1992 жылдың 4 мамырындағы халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесінің қаулысымен Қызылжарма ауылдық кеңесі Комсомол, Геолог, Александровск елді мекендері, қаланың әкімшілік-аумақтық құрамына енгізілген.

2005 жылы қаңтар айында ауылдық округ аумағынан Геолог, Александровск елді мекендерінен, Талсуат ауылдық округі құрылып, жоғарыда аталған елді мекендер соның құрамында болған.

Тұғыры биік,

ғұмыры үлгі жандар

«Туған жер – Мысыр шаһары» демей ме,  дана халқымыз. Сол бір аталы сөзді өмірлеріне үлгі қылған текті жандар бұл елді мекенде де көптеп кездеседі. Ол да қасиетті топырақтың киесі болар. Елдің тарихын хатқа түсіріп жүрген зейнеткер Сәрсенкүл апайда көп мағлұмат бар екен. Сол кісіден біраз жайды ұғындық.

–  Қызылжарма ауылдық кеңесін 20 жылдай басқарған «Еңбек Қызыл ту» орденді Қалмақ Сексенбаевпен, 1975-1980 жылдары Комсомол совхозын басқарған Совет одағының батыры Нағи Ілиясовпен, 1980-1985 жылдары Қазақ ССР-ына еңбегі сіңген агроном, экономика ғылы­мының кандидаты, «Еңбек Қызыл ту» орденді Әшім Ибраевпен, 1985-1990 жылдары совхоз-техникумды басқарған, екі мәрте  «Еңбек Қызыл ту» орденін алған  Жақсылық Зимановпен қалай мақтанса да жарасымды. Себебі олар еңбегімен ел құрметіне бөленген жандар, – дейді осы ауыл­ға еңбегі сіңген зейнеткер, қоғамдық кеңес төрайымы Сәрсенкүл  Смайлова.

Бұған қоса атақты сауыншы, 6-шы шақырыл­ған Қазақ ССР-ының жоғары кеңесі депутаты Қазақ ССР-на еңбегі сіңген ауылшаруашылығы қызметкері, «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің ие­гері Баян Піржанованы, егінші, батыр ана, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Қатшагүл Аралбаева­­ны, озат құс өсіруші «Еңбек Қызыл ту» ор­денінің иегері Несібелі Ибраеваны тек қызыл­жар­малықтар ғана емес, тұтас ел құр­меттейді екен.

Білім көкжиегі

Ауылдағы алғашқы мектептің негізі 1928 жылы қаланған. Колхоз бастығы Баймағамбет Нысанбаевтың басшылығымен 1961-1962 оқу жы­лында 8 кластық бастауыш мектеп болып ашыл­­ған. Араға 3 жыл салып, 1965 жылы он жыл­дық болған.

Мектеп директоры Жұмакүл Сейдахметова­ның айтуынша, 1997 жылы ауылдағы ауыл­шаруа­­шылық техникумының қалаға көшуіне бай­ла­нысты №144 орта мектеп осы ғимаратқа көші­рілді. 2009 жылы ауылдан 1200 орындық жаңа типтегі мектеп  пайда­лануға берілген. Бүгін­де сол білім ұясында 2853  бала оқып білім алуда. 2022-2023 оқу жылында білім ошағын 67 түлек бітіріп, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. 6 оқушы «Алтын белгі» және 4 оқушы «Үздік аттестат» алды.

– 1500 бала оқуға негізделген мектепте бала саны көп болатын. Соған байла­нысты биыл жаңадан  600 орындық «Жайлы мектеп» құры­лысы басталмақ. Білім ордасы пайдалануға беріл­ген соң оқушы саны талап­қа сай  болмақ, – дейді мектеп басшысы.

Имандылық үйі

Жердегі мұсылман қауымы­ның қасиетті мекені ол – мешіт. Ал мешіт салу – аса сауапты іс. Қызылжармалықтардың тілеуі орындалып, 2007 жылы  заман талабына сай, сәулетті «Алдажар жәме»  мешіті салынды. Бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылда қоғамдық-саяси ахуал бүгінгі күні тұрақты. Имандылығы ұйыған ел­дің береке-бірлігі баянды болуын мақсат етіп, мешіт жамағатының ұйымдастыруымен жастар ара­сындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша іс-шара тұрақты өткізіліп келеді.

Өнерлінің өрісі кең

2013 жылы ауыл орталығынан типтік жобада ауылдық мәдениет үйі бой көтерген. Өнерлілер қанат жайған ауылда «Қуаныш» әжелер ансамблі, «Қожабековтердің» отбасылық ансамблі талан­тымен тамсандырып жүр. Олар қалалық, об­лыстық, республикалық байқаулардың жүлде­герлері. Жастардың бос уақытын тиімді ұйым­­дастыру, оларды өнерге баулу  мақсатында ауыл­дық мәдениет үйінің жанынан құрылған құра­мында 97 өнерпазы бар 13 үйірме жұмыс жасауда. Оның ішінде домбыра, қолөнер, сурет салу, би,  көркемсөз оқу, «КТК Қызылжарма қыран­­дары», «Сымбат-Қобыз», «Ертегілер еліне саяхат» және «Ошаған» әзіл сықақ отауы, «Нұр­ару», «Балқаймақ»  үйірмелері жұмыс істейді.

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №17 мобильді кітапханада барлығы – 13 926 кітап қоры бар. Күнделікті ауыл тұрғындарына тұрақты қызмет көрсетіп келеді.

Кітапхана меңгерушісі  Мира Оразбекова бізді кітаптар әлемімен таныстырды. Ұзынша келген бөлмеде кітап сөрелері  қаз-қатар орналасыпты.  Күлайша Жұмашқызы рухани байлықтарды рет­теп жатыр екен.

– Күнделікті жұмыс барысы кітаптарды рет­теу, жүйе бойынша орналастыру, кітап қорын тексеру сияқты тірліктен басталады. Барлығы өзінің тәртібі бойынша тұруы қажет. Мәселен, мына сөредегі кітапты әр сала бойынша қойып жатырмын. Бұрын әріптік жүйе болса, қазір салаға қатысты орналастырылады. Одан бөлек мына жерде кітап қорын түгелдеймін. Қандай дүние қажеттігін анықтап, тиісті орынға сұраныс жіберемін. Әзірге ел сұранысындағы керекті кітаптан тапшылық жоқ. Ауыл оқырмандарының іздегені табылуда, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Әжелер ансамблі

Қуаныш Ахметқызының ұйымдастыруымен жергілікті өнерпаз аналардан құрылған «Қуаныш» әжелер ансамблі халықтың көз­айымына айналып келеді. Ансамбль 2014 жылы өткізілген «Дәстүрімнің бал қаймағы әжелер» атты қалалық байқауға қатысып, жүлделі ІІ орынды еншіледі. Ал  «Асыл ана-келінге пана» атты қалалық ене мен келін арасындағы байқауға Бидаш Ермағанбетова келіні Айым Бекболатқызымен қатысып, жүлделі І орынды иемденді.  С. Майқанова атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты қалалық әжелер байқауына қатысқан ансамбль мүшелері Сәнтай Нұрмаханова жүлделі І орынды, Гүлжан Иманғалиева алғыс хатпен марапатталды. Облыстық байқаудан Бидаш Ермағамбетова жүлделі ІІІ орын, Ұлбике Еділова алғыс хат алды.  Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Ізет, иба-парасат» атты ене мен келін арасындағы қалалық байқауға Гүлжан Тәшенова келіні Айжан Исламбекпен қатысып, жүлделі ІІ орынға қол жеткізді.  Алматы қаласында өткен «Өнерлі елдің өресі биік» атты ҮІІІ  республикалық 50-90 жас аралығындағы талантты жандарға арналған өнер байқауында «Қуаныш»  әжелер ансамблі  «Хормен ән айту» жанры бойынша  І орынды иемденсе,  «Ән салу» жанры бойынша Гүлжан Тәшенова   ІІ орын, Бибіқадиша Рахымжанова ІІІ орынды еншіледі. «Дәстүрлі ән» жанры бойынша  Гүлжан Иманғалиева  І орын, Бидаш Ермағанбетова  ІІ орынға лайық деп танылды.

Биыл ақ жаулықты әжелер қала әкімі  А.Шәменовтің алғыс хатымен марапатталды.  «Ұлағатты әже» облыстық өнер фестивалінің қалалық іріктеу турынан бас жүлде иемденді және облыстық байқауға жолдама алды. Облыстық «Ұлағатты әже» атты әжелер ансамбльдері арасындағы байқауда алғыс хатқа ие болды.

Денсаулық –

зор байлық

2014 жылы Қызылжарма ауылдық округінде жалпы құны 78,0 млн теңгені құрайтын жаңа амбулатория  пайдалануға берілген. Қазіргі таңда бір мезгілде 120 келушіге қызмет көрсететін орталықта алғашқы көмек көрсету, үйге шақыру, жүктілікті есепке алу және әйелдердің қалыпты босануын қадағалау секілді жұмыстарды қамта­масыз етеді. Ауылда ана мен бала денсаулығы басты назарға қойылған. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда бала туу саны да артқан.

Кәсіп түбі – береке

Қызылжарма ауылдық округінде жеке кәсіп­кер Жеңісбек Бердешов өз қаражаты есебі­нен жоба құны 25 млн теңгені құрайтын «Green house» жылыжай кешенін іске қосып, кәсібін жалғастыруда. Бүгінгі күні 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылыжайдан маусымында күніне 140 кг дейін өнім алып, қала, ауыл тұрғындарының қажетін өтеуде.

 Жеке кәсіп иесі Сұлтанбек Сексенбаев өз қаражатымен  жалпы құны 230 млн теңгені құрайтын спорт кешенін салуда. Қазіргі уақытта спорт кешенінің 2-ші қабатының құрылысы жүргізілуде. Спорт кешені 2023 жылы пайдалануға берілмек.

Әлеуметтің 

әлеуеті қандай?

Әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытында ауыл­да бірқатар шаралар қолға алынған. Осы жылғы 6 айдың қорытындысымен ауылдағы аз қамтылған 483 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, жалпы сомасы 90 млн  теңгеден аса қаржылай қолдау көрсетілген.

Жыл басынан бері қайырымдылық, қамқор­лық акциясы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және жалғыз басты 300-ден аса отбасына азық –түлік үлестірілген. Қалаға жақын орналасқандықтан  қызылжармалық тұр­ғындардың көп бөлігінің жұмыс көзі қалада екен.

Ауылдағылардың басым бөлігі мал өсіру, бау-бақша егумен айналысады.

Бүгінгі ауыл келбеті

Бүгінде қалаға қарап бой түзеп әлеуметтік мәселелердің шешімі табылған, ынтымағы мен бірлігі жарасқан Қызылжарма ауылы тоғыз мыңға тарта  тұрғынға құтты қоныс.

 Шаруасы жылдан жылға көркейген елді мекенде қазір 487 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 247-сі мал шаруашылығы, 16 шаруа қожалығы, 45 дүкен, 3 монша, 4 шаштараз,  1 кондитерлік цех, 2  ауызсу өндірісі, 2 дәріхана, 1 мейрамхана, 1 асхана,  2 пластикалық есік- терезе шығаратын цех, 6 тігін, 5 дәнекерлеу цехы, 11 көлік тасымалы, 2 оқу орталығы, 2  АӨК кооперативі, 2 сауда саттық, 2   жеке балабақша жұмыс істеп тұр.

Жалпы 487 кәсіпкерлік нысанының 1 ЖШС, 468 жеке кәсіпкер, 16 шаруа қожалығы және 2 ауылшаруашылық өндірістік коопе­ративі бар.

Мемлекеттік бағдарлама игілігі

Биыл ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарлама көмекке келуде. Айта кетейік, «Жұмыспен қамтудың 2021-2025 жылдарына арналған жол картасы» аясындағы «Іскер» бағдарламасымен 47,8  млн  теңгені құрайтын 9 жоба қаржыландырылып, қызылжармалықтар өз кәсібімен айналысуда.

Ауылдық округ әкімі Медет Сейіловтің айтуынша, «Қызылорда» өңірлік инвестиция­лық орталығы» микроқаржы  ЖШС  өз қара­жаты есебінен жалпы құны 2 млн теңгені құрайтын 1 жобаны  қаржыландырған. Биылғы маусым айында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяны іске асыруға арналған мемлекеттік грантпен 22,1 млн теңгені құрайтын 16  жобаға қаржы бөлінген. 2023 жылдың маусым айына «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы ая­сында 19,0 млн теңгені құрайтын 5 жоба қаржы­ландырылды. Аграрлық несие корпорациясы  арқылы 2,5% несие бойынша 10,0 млн теңгені құрайтын 2 жоба мақұлданған. Төрт түлік мал шаруашылығы бойынша берілген несие  арқасында, ауылдық округте  өткен жылмен салыстырғанда мал басы 30% өсіп отыр. Сондай-ақ ауыл халқының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округі маңынан әлеуметтік маңызы бар көкөніс, картоп бақша дақылын егуге 10 отбасына  жер беріліп, бау-бақша өнімін өсіруде. Ауылдық округ бойынша барлығы 100,9 млн теңгені құрайтын 33 жоба қаржыландырылды. Сонымен бірге ауыл тұр­ғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеу­меттік мәселелерін шешу мақсатында  «Ауыл аманаты» жобасымен қаржыландыратын 2,5 пайыздық несиеге 45 жоба ұсынылып отыр. Осы жоба қаржыландырылса, 81 жаңа жұмыс орны ашылып, 161 адам жұмыспен қамтылмақ.

– Бүгінгі күні  демалыс скверін қайта жаң­ғыртуға жоба-сметалық құжаты әзірленіп, облыстық бюджетке ұсынылды. Ауылда 101 көше бар. Оның ішінде асфальт төселгені – 43, тас төселгені – 47, қара жол – 11. Бұдан бөлек, ауызсу жүргізілгені – 85, газ жүргізілгені – 77, электр желісі орнатылғаны – 62, жаяу жүр­гінші жолы бары – 5 көше болса, бес көшеге аялдама орнатылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 5 көшеге жаяу жүргінші жолын салуға облыстық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Өткен жылы  «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Сайлыбаев, №4А және Абай тұйығы көшесіне тас төселді. Қалалық құры­лыс бөлімі арқылы Қызылжарма-1 және Қызылжарма-2 ауданындағы 35 көшеге тас төсеу жұмысына қомақты қаржы қаралып, қазіргі уақытта 25 көшеге тас төселуде, – дейді ауылдық округ әкімі.

Әль-Фараби көшесінен Қарауылтөбеге бара­тын 1,6 шақырым жолға  асфальт төселген. 2023 жылы облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 23 көшеге орташа жөндеу  жұмысына қомақты қаржы қаралып, қазіргі уақытта  8 көше асфальтталуда. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 24 көшеге түнгі жарық бағанасын орнатуға облыстық бюджеттен қаржы  қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.

Шындығында алақандай ауылда атқарылған жұмыстар көңіл көншітерлік. Ауыл  көшелеріне жаңа асфальт төселіп, жарқырап жатыр. Қараңғы көшелерді жарықтандыру жұмысы жүргізілуде. «Көгілдір отынның» игілігін ауыл тұрғындары көріп жатыр.  Аяқсу, ауызсу мәселесі шешілген.  Күннен-күнге халық саны өсіп жатқан ауылда тағы білім ошағы бой көтермек.  Жаңа қоғамдық көліктер қала мен ауылдық округ арасын жол қылуда. Халық тұтынатын заттар дүкен сөрелерінде тұр. «Ерінбей еңбек еткенге бақыт басын иеді» демекші, әрекет жасап талаптанған қызылжармалықтардың шаруасы шалықтап, еңбегінің жемісін көруде. 

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: