Бейсенбі, 02 мамыр, 02:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Сарыарқа төсінде, Сән беріп Есілге

05.07.2022

764 0

Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік бүлдіршіндер бүгінде бейбіт елде арман қуып өсіп келеді. Олардың әрбірі жоспар құрады, ертеңін ойлайды, болашаққа бағдар жасайды. Шындығында жас өреннің ойы, талап-тілегі жоғары. Болашақ ел азаматы ретінде алға қойған мақсаттары айқын әрі нық.

«Елордаға барып, Бәйтеректің биік шыңына шықсам, армандар орындалады. Мен оған сенемін. Үлкен азамат болғанда астанада жұмыс істеймін»… 8 жасар Нұрсезім Шәкірбектің бала тілегі осындай.

Шартарапқа шуағын шашқан шырайлы шаһар жайлы тілге тиек еткенде оған баруды арман етіп, өз мақсатын елордамен байланыстыратын жан көп-ақ. Әсіресе, жастар онда тұруды, қызмет етуді жоспарлайды. Жүрек түкпірінде елордаға деген ұмтылыс арта түседі.

Расында, көркіне қарасаң көз тоймайды. Бас қаламыз жылдан жылға сәніне сән, сәулетіне сәулет қосып келеді. Ұлт келбеті саналатын шырайлы шаһардың астаналық мәртебеге ие болғанына биыл 24 жыл. Елордамыз осы уақыт аралығында көз тартар көркемдігімен әлем жұртшылығын тамсандырып үлгерді. Соның нәтижесінде бейбітшіліктің мызғымас мекеніне айналды.

Бүгінгі бас қаланың тағдыры кешегі астаналар тарихымен сабақтасып жатқаны белгілі. Себебі қазақтың қай астанасын алсақ та, әрқайсысының ұлттың өсуіне, мемлекеттің орнығуына тигізген ықпалы зор.

Қазақстанның астаналары туралы айтқанда тарихқа тоқталмай кете алмаймыз. Ұлттың рухын айбындатып, ұлттық мақсат-мүддені айқындайтын киелі мекендер туралы айтпай кету мүмкін емес.

1920 жылы 4 қазанда Орынборда Қазақ өлкесі Кеңестерінің құрылтай съезі өтіп, Қазақ АКСР-і құрылды. 1925 жылға дейін қазақтың астанасы Орынбор болды. Орынбор қазақтың рухын көтерді, азат ел болуға деген үмітін үкіледі. Ал 1925-1929 жылдар аралығында қазақ астанасы Қызылорда болып өзгертілді. Аз ғана уақыт ішінде ел астанасы қазақтың білім ордасы, мәдени-рухани дамуна айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, Қызылорда астана болып тұрғанда, «киргиз» деген жасанды ат өшіп, қазақтың тарихи атауы өзіне қайтарылды.

1928-1998 жылдар аралығында қазақтың астанасы Алматы болып белгіленді. Алматы қазақ еліне тәуелсіздік алып беріп, егемен ел етті. Еліміз қаржы-экономикалық, мәдени-әдеби тұрғыда дами түсті. Астана болған жылдары Алматы қарқынды дамып, Қазақстанның атын дүниежүзіне әйгіледі.

1994 жылдың 6 шілдесінде тарихи шешім қабылданды. Ол Ақмола қаласын Қазақстанның астанасы етіп жариялау еді. Ал 1998 жылы 6 мамырда Астана атауы ресми түрде бекітілді. Сол уақыттан бері еліміздің бас қаласы үздіксіз дами түсті.

2019 жылғы 23 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы қайта атау туралы тиісті Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Онда еліміздегі тұрақты даму идеясын нықтаудың, одан әрі нығайтудың нақты көрінісі ретінде Астана қаласы Нұр-Сұлтан болып өзгертілгені айтылған. Бұл халық сенім білдірген оң шешім болды. Шынтуайтына келгенде елорда – жасампаздық пен үйлесімділіктің үлгісі. Алдағы уақытта да бас қала еліміздің тәуелсіздікке тән жаңа рухын қалыптастырып, өңірлердің дамуына серпін берген қозғаушы күшке айналары сөзсіз. Себебі, аз уақытта көз ілеспес жылдамдықпен бой түзеген елордамыз жұмыр жердегі әйгілі астаналарымен иық тірестіріп, салтанат жарастырып отыр. Көркімен де, көлемімен де қатарлас деңгейге жетті.

Расын айту керек, 24 жыл бұрын Арқа төсінде осындай үлкен қала бой көтереді деп ешкім ойламаған еді. Бүгінде сәні мен салтанаты жарасқан аймақта сәулет өнерінің озық үлгілері өмірге келді. Осы орайда, Арқа төсіндегі айшықты ордамызда өз қолтаңбасын қалдыруға ерінбей еңбек еткендер көп. Шет ел мамандарымен тәжірибе алмасу барысында өзіміздің сәулетшілер мен құрылысшылар көп нәрсені үйреніп, өз нәтижесін көрсеткен. Соның арқасында қаншама көркі көз тартар ғимараттар өмірге келгенін білеміз. Қазақ сәулетшілері Саматбек Бөкебай, Ақмырза Рүстембеков, Жандарбек Мәлібеков, Бақтыбай Тайталиев ұлан ғайыр ұлы даланың қақ төріндегі әсем шаһарды талайды тамсандырған көркем аймаққа айналдырды. Нәтижесінде көңіл көншітер кешендер бой түзеді. Ұлттық сәулеткерлік өнер қарыштап дами түсті. Мәселен, Ақорда, «Астана триумфы», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Бәйтерек», «Хан Шатыр» – бүгінгі кезеңдегі сәулет өнерінің озық үлгілері. Бұл тізімге соңғы жылдары «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» аркасы қосылды. Сондай-ақ жаңа тұрғын үйлерден де жаңалық байқалып тұрады.

Бас қаладағы ең ғажайып, әсем орынның бірі – «Бәйтерек» десек артық емес. Себебі тіршілік иелеріне тірек, сүйеніш, қорған, пана деген ұғымды білдіретін алып ғимарат еліміздің символына айналған. Елордаға қадам басқан әрбір адам оған барып, арман-тілегін айтуды әдетке айналдырған. Сарыарқаның сары белінде, ұланғайыр қазақ жерінің қасиетті орталығында осындай ғимараттың бой көтеруі жақсылықтың шоғырлануы деп тануға болады.

Қазіргі елордамыз – сәулет өнерінің теңдессіз туындысы. Ондағы түрлі-түсті кілем секілді көз алдыңда жайнап жатқан алқызыл гүлдер көңіліңе ерекше сезім сыйлайды. Мұндағы көкке ұмтылған бірегей, зәулім ғимараттар өзіне бірден баурай түседі.

Бүгінде Сарыарқа төсінде қоныс тепкен алып ордада әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, пікір алмасады. Шетелдік қонақтар Тәуелсіздіктің символына айналған елорда келбетіне көз тастап, өздерінің жоғары бағасын беріп келеді. Қысқа мерзім ішінде бұл аймақ ел мерейін асырды. Жаһанға танылды. Қазақ елінің әрбір тұрғыны осы шаһармен мақтанады. Себебі, ондағы жаңа бастамаларды, ғажайып сәулетті туындыларды көре отырып, болашаққа деген сенімділік ұялайды. Көркіне қараған сайын көз тоймайтын алып шаһар туралы қызылордалық белгілі ақын Махмұтпай Әміреұлының:

«Сарыарқа төсінде,

Сән беріп Есілге.

Жас қала – Бас қала

Астана өсуде» деген өлең жолдары ойға еріксіз оралады.

А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: