Сенбі, 27 сәуiр, 04:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ораза 29 күнге созылады

21.03.2023

1041 0

Сурет: yesiltopuklar.com

Биыл Рамазан айы Наурыз мерекесінен кейін басталады. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу мен өз-өзіңе есеп беру айы. Осыған орай облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.

– ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астана қаласында өткізген баспасөз мәслихатында хабарлағандай, шариғаттың барлық талабын негізге ала отырып, еліміздегі астрономиялық зерттеу орталықтарының ғылыми мәліметіне сүйене келе, биылғы жылы Рамазан айы 23 наурызда басталады. Ұзақтығы 29 күнге созылады. Ал Айт мерекесі 21 сәуірге тура келеді. Қасиетті Қадір түні 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түнге сәйкес келеді.

Сонымен қатар еліміздегі азық-түліктің оның ішінде 2 келі ұнның орташа есебін ала отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің шешімімен жан басына шаққандағы пітір садақаның мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Садақаны мешітке келіп беруге немесе Kaspi.kz, Halyk Homebank, Fortebank, Банк ЦентрКредит, Сбербанк, Astana-Plat мобильді қосымшалары және Қазпочта арқылы аударуға болады, – деді бас имам.

Сондай-ақ дәстүр бойынша мешіттерде ауызашар дастарханы жайылып, 22 наурыздан бастап жамағатпен тарауық намаздарын оқитын болады.

Рамазан – сауап жасау, мол мүмкіндік, рухани тұрғыдан өз-өзіңді жаңарту, жаңғыру айы. Берекелі айдың құрметіне орай, әлеуметтік желілер арқылы уағыздардың үздіксіз айтылуы, сабақтардың өткізілуі, тікелей эфир арқылы Хатым Құран оқылу, Ауызашар қоржыны сынды қайырымдылық акциялары және түрлі форматтағы іс-шаралар онлайн режимде жарыстар өткізу жоспарлануда.

Оған қоса «Қош келдің, Рамазан!» атты рухани кеш, Рамазан айының қасиеті жайында кітапшалар тарату қолға алынса, «Рамазанда мешітке кітап сыйла», «Рамазанда бір тал ек», «Көршіңе қарайлас» акцияларымен бірге «Рамазан рахымы» атты жалпы халықтық эстафета ұйымдастырылмақшы. Сонымен қатар қасиетті айда түрлі марафондар өтпек. Айталық, мешітке келуші әйелдер арасында «Рамазанда әр күніңді әсемде», «Бір айда Құранға түс» атты марафоны өтетін болады.

– Жас отбасыларға тәрбиелік кеңес беру мақсатында «Отбасындағы ихсан» атты шара өткізу, «Рамазан айында ішімдік сатылмасын!» акциясы, «30 күнге 30 видео уағыз» әлеуметтік желі арқылы Рамазан айының қадір-қасиетін бұқараға насихаттау, «Рамазан және Бас имам сағаты» айдарын қолға алға отырмыз. Дайындық басталып кетті. Бұл шаралармен қатар түрлі байқаулар және қайырымдылық шаралар өткізіледі.

Алла Тағала мың айдан да қайырлы болған қасиетті айда ұстағалы жатқан оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүние бақытына бөлегей. Берекелі айда халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырысын молынан еткей, – деп түйіндеді баспасөз мәслихатын.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: