Жуырда Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі ынтымақтастық байланыстар аясында Түркістан облысы, Шымкент қаласындағы музейде «Жаңғырған жәдігерлер» атты көрме өтті. Онда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған, қазіргі таңда сирек кездесетін, ұмыт болып бара жатқан құнды жәдігерлер көрсетілген.
«Жаңғырған жәдігерлер» көрмесін ҚР Қарулы күштері ардагерлері кеңесінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серікбай Оңбаев ақ тілегімен ашса, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Баян Айтымбет жаңғырту жұмыстарына байланысты озық тәжірибеге оң баға беріп, көрме жұмыстарына сәттілік тілеген. Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Бахтияр Спанов жаңғырған жәдігерлердің маңызын, ұрпаққа берер мол тәрбиесін айтып, жылы лебізін білдірген. Сонымен қатар көрменің ашылу салтанатында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілерінің орындауында дәстүрлі әндер орындалған.
Музейдегі құнды жәдігерлерді қайта қалпына келтіру мен жаңғырту жұмыстары «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімі қызметкерлерінің бастамасымен, музей директоры Сапар Көзейбаевтың қолдауымен жүзеге асқан. Оның ішінде қазақтың музыкалық аспаптары – аша домбыра мен археологиялық қоссаз домбыра және қазақтың қуыршақ өнерінің бастауында тұрған ортеке жасалған. Одан бөлек қазақтың ұлттық ойыны – жамбы ату атрибуттары мен тоғызқұмалақты реконструкциялап, малшылар пайдаланған бұйымдарды да қалпын келтірген. Ислам діні бойынша екі жастың некесін қиюға пайдаланған неке кесесі, тазалық бұйымы – шашқап, Сыр өңіріне тән күміс әшекей бұйымдар мен әулие-әмбиелердің және ахун-ишандардың тұтынған мөр көшірмелері т.б. құнды жәдігерлер реконструкцияланып, қайта жасалған.
Қайта жаңғырған жәдігерлер топтамасы қазақ халқының тұрмысы мен кәсібі және қолөнерінен сыр шертеді. Көрмеге қойылған бұйымдар XVIII-XIX ғасырлардан тін тартқан. Бұл төл тарихымызбен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Қасиетті Сыр бойында зерделі зергерлер, қолы алтын ұсталар, өз ісінің шеберлері көп болған. Бүгінде көрмеге қойылған жаңғыртпа жәдігерлер ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі Бекзат Жақыповтың қолынан шыққан. Ол Сыр елінің тумасы, елге белгілі ұста-шебдет.
Көрменің басты мақсаты – қала қонақтары мен тұрғындарына Сыр қазақтарының тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын, салт-дәстүріндегі ерекшеліктерін, қолөнері мен көшпелі және отырықшы шаруашылығын насихаттау арқылы әр қолданылған жәдігердің құнды екенін көрсету.
Н.АЛТЫН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!