Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тәуелсіздік толғауы: Алғашқы онжылдықтағы Сыр елі

20.11.2021

2004 0

Жыл өткен сайын тарихтың қатпары қалыңдай береді. Уақыт жүйрік деген осы… Қарап отырсақ, еліміз тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет атанғаны кеше ғана еді. Бүгін міне, 30 жыл толып отыр. Бұл кезең қазақ елі үшін алтын ғасырға тең жылдар десек, артық айтпаймыз. Осы жылдар ішінде еліміз бірілігі мен берекесі жарасқан мемлекетке айналды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен қазіргі кезеңді салыстыруға әсте келмейді. Өйткені екі уақыттың арасы жер мен көктей. Бүгінде заң да, заман да, қоғам да өзгерді. Ол кезде құлдыраған экономика, әлсіреген әлеуметтің жағдайы сол кездегі жас мемлекеттік халқы мен басшылары үшін үлкен сынақ болғаны анық. Десе де қандай қиындық кездессе де, сан түрлі тығырықтан жол тауып, Қазақ елі алға қарыштап қадам басты. Осындай кезеңде ел тізгінін ұстаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елді тығырықтан алып шықты. Бұл ретте еліміз таңдауды дұрыс жасай білді деуге толықтай негіз бар. Атап айтсақ, 1991 жылғы 1 желтоқсанда елдің тілегімен, халықтың қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Тұңғыш Президенті болып сайланды. Осылайша тәуелсіз мемлекетті басқару міндетін мойнына алған Елбасының қиындыққа қарсы тұратын табандылығы ел арасында жоғары бағаланды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен болды. Кеңес одағының ыдырап, жоспарлы экономиканың нарықтық қатынастарымен ауысуы тұсында Қызылордада өнеркәсіп қуатын арттыруы тиіс көптеген өндіріс орындары жабылды. Сонымен қатар аграрлық экономикаға басымдық берілген облысымыздың ауылшаруашылығы тұралап қалды. Өтпелі кезеңнің қиындығы мен бағалардың ырықтандырылуы, өнеркәсіп өндірісі көлемінің төмендеуі, әлеуметтік сала қызметкерлері жалақысының бірнеше рет арттырылуы облыс бюджетін көбейтуге мәжбүр етті. Осылайша қаржы тапшылығының күрт ұлғаюына әкеліп соқтырды. Сондай сындарлы сәтте халықты кедейшілік шегіне жеткізбеу өзекті болды.
Тарих беттеріне үңілсек, Елбасы Н.Назарбаевтың алғашқы қол қойған құжаттарының бірі – 1991 жылғы 12 желтоқсандағы «ҚР халқын әлеуметтік қолдау жөніндегі қосымша шаралар туралы» жарлығы. Осыған орай қала орталығында және аудандарда тұтыну тауарларын бақылайтын қоғамдық комитеттер құрылды. Нәтижесінде нарықтық экономикаға өту негізінде Қызылорда да жәрмеңкелер өткізу қолға алынды. Сондай-ақ әр жерден сауда-саттықтың ашылуына қолайлы жағдай жасалды. Осылайша 1993 жылдың жаз айында Қызылорда қаласында 12 рет жәрмеңке өткізіліп, 10 миллиард сомға жуық өнім мен тауар сатылды.
Дәл осы жылы Қызылордада Арал мәселесіне арналған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан басшылары қатысқан халықаралық конференция өтті. Онда осы өзекті проблеманы шешу үшін арнайы қор құрылып, маңызды шешімдер қабылданды. «Арал – ғасыр қасіреті» атты халықаралық конференция қатысушылары мемлекет басшылары атынан Біріккен Ұлттар Ұйымына үндеу жолдады. Осылайша халықаралық Арал қорын құру жөнінде келісімге келді. Азиядағы ірі мемлекеттерді Аралды қорғау қозғалысына атсалысуға шақырған үндеу қабылданды. Аралды қорғау Халықаралық қорының төрағасы болып, Н.Ә.Назарбаев сайланды.
«Ақмешіт апталығы» газетінде жарияланған профессор Қазыбай Құдайбергеновтің «Елбасы қамқорлығындағы Сыр өңірі» атты мақаласында Арал проблемасын кеңінен жазылған.
– Алғаш Тәуелсіздік алған жылдары Елбасы Н.Назарбаев бүкіл әлем халқының назарын Аралға бұрды. Орталық Азия елдері басшыларын Арал мәселесіне байланысты Сыр өңіріне кездесуге шақырды. Бұл мәслихаттың маңыздылығына тоқталып, біздің күшіміздің бірлікте, Арал тағдыры тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүние жүзінің қасіреті екенін, оны қазірден бастап қолға алмасақ, келешекте кеш болатынын нақты дәйектермен түйіндеді. Көп ұзамай Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор құрылды. Арал үшін Елбасының талай бастамасына куә болдық. Аралдықтарға таза ауыз су келуінің ашылу салтанатына ол кісі де қатысты. Ол да бір тарихта қалатын күн. Аралға келген бұлақтың суынан алғаш дәм татқан Президентіміз «Мынадай таза да, дәмді су Қазақстанда жоқ» деген болатын. Сол таза судың рахатын қазір Арал мен Қазалының барлық елді мекендеріндегі тұрғындар көріп отыр. Ал 1997 жылдың 24 ақпанындағы «Арал аймағы қазақстандық бөлігінің қазбалар кен орнын игеру туралы» Президент Жарлығының шығуы Арал өңіріне соны серпін әкелгеніне ешкім дау айта алмас, – деді профессор.
Еліміз қандай қиындықты бастан кешірсе де халықтың денсаулығын сақтау мәселесін басты назарда ұстады. Дегенмен тәуелсіздік алған алғашқы жылдары медицина саласында біраз қиындықтар кездесті. Өйткені емханалар қысқарып, жалақы төмендігінен мамандар басқа салаға ауысып жатты. Сондай-ақ өңірде дәрі-дәрмек тапшылығы сезіліп, медициналық құралдар жетіспей жатты. Алайда экологиялық апат аймағындағы халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында 1992 жылы облыстық диагностикалық кеңес беру орталығы іске қосылды. Осылайша Сыр медицинасынна серпіліс пен жаңашылдық келді.
Кеңес одағы кезеңінде басталып, аяқсыз қалған облыстық медицина орталығының құрылысын аяқтауға мән берілді. Осыған орай, Болгария үкіметімен қайта келісім жасалып, 1998 жылы ТМД елдерінде теңдесі жоқ орталық біздің өңірде ашылды. Ашылу салтанатына Елбасының өзі арнайы келіп, Сыр жұртшылығына тарту етті. Бұл медицина саласының әрі қарай дамуына даңғыл жол ашты. Сондай-ақ Қазақстан мен Жапонияның келісімі нәтижесінде облыстық медицина орталығына 3 млн 800 мың долларға құрал-жабдықтар грант түрінде әкелінді.
Бүгінде осы салада 40 жылға жуық қызмет істеген Құралбай Жүнісов қаншама адамның өміріне араша болған абзал жан. Ол медицинаның кешегісі мен бүгінгісін әсте салыстыруға келмейтінін айтады.
– Тәуелсіздік алғанға дейінгі және алғаннан кейінгі медицина саласының айырмашылығы жер мен көктей. Әрине, оған дейін де жаман болған жоқ. Десе де бұл саланың биік белестерді бағындырған кезі тоқсаныншы жылдардан кейінгі кезең. Мәселен, оған дейін медициналық құрал-жабдықтар тапшы болды. Сонымен қатар күрделі оталар еліміздің белді қалаларында ғана жасалды. Ал қазіргі кезде барлығы да түбегейлі өзгерген. Бүгінде әр өңір науқастың ауруын толық және дәл анықтап, күрделі оталарды өздерінде жасайды. Барлық ауруханалар мен емханалар медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Қазір халыққа сапалы қызмет көрсетуге толық мүмкіндік бар. Бұрын дәрігерлер білімін жетілдіру үшін еліміздің ірі қалаларына баратын. Бүгінде біліктілігін шет елдерде арттырып, тәжірибесін одан әрі шыңдауда. Мұның өзі тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктің бір парасы, – дейді дәрігер.
Сыр өңірі – облыстардың мәдени күндерін өткізудің бастамашысы болған біден-бір аймақ. Тәуелсіздіктің 5 жылдығына орай 1996 жылдың 6 қарашасында алғаш рет Алматыда Қызылорда облысының мәдениет пен өнер күндері өтті. «Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстарымызды бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген Елбасы Н.Назарбаевтың айтқан сөзі Сыр халқының еселі еңбегінің бағасы. Тоқсаныншы жылдардан бастап халықтық көркемөнер ұжымдарының мәртебесін көтеру мақсатында 29 ұжымға атақ берілді. Бүгінде өңірде барлығы 63 халықтық ұжым жұмыс істейді. Ал 1999 жылы облыстық кітапханаға ақын Әбділда Тәжібаевтың есімі берілді. 2000 жылы Қорқыт ата мемориалдық кешені жанынан Қорқыт ата музейі ашылды. Қорқыт ата ескерткіші ең алғаш 1980 жылы аудан басшысы Е.Көшербаевтың бастамасымен салынған. Кешен бірнеше ескерткіштерден құралған. Ескерткіш авторлары – архитектор Б.Ибраев, С.Исатаев. 1997 жылы кешенде қайта жөндеу жұмыстары барысында амфитеатр, қонақ үй салынып, мемориалды кешенге айналды. 2000 жылы кешен құрылысы аяқталып, Қорқыт ата дәуірінің мәдениеті мен тарихы жайлы сыр шертетін музей ашылды.
Экономикалық құрылымы жағынан жылдар бойына аграрлық аймақ болған Сыр өңірі тәуелсіздік алған кезеңнен бастап мұнайлы аймаққа айналды. Дегенмен Қызылорда халқы кеніштерде есепсіз жанып жатқан ілеспе газды жылдар бойы тұтына алмады. Қызылорда қаласын газдандыру жобасы кейіннен қолға алынды. Қазіргі кезде облыс орталығы мен аудандар көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Сонымен қатар «Қызылорда – Мәскеу» пойызы, облыстық теледидар іске қосылды. Өндірісте жаңа технология, егіншілікте тамшылатып суару сияқты шетел тәжірибесі пайдаланылды.
1996 жылы «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» құрылды. Оның бағдарламасы негізінде қалада жекешелендіру, акционерлендіру, инвестиция тарту секілді жұмыстар жүргізілді. Түрлі меншіктік жүйелер жасалып, шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен мекемелер ашылды. Өнеркәсіп, сауда, байланыс қатынастары реттелді. Экономиканың жандануы мемлекет және қала бюджетіне түсетін қаржы сомасын арттырды. Біз тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасадық. Бұл жерде айтылмаған дүние көп. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында әкімдік жүйе мен мәслихаттар құрылды. Білім мен спортта да ауыз толтырып айтарлық жетістік аз емес.
Республика көлемінде де тағдыршешті шешімдер қабылданды. Мемлекеттік рәміздер бекітіліп, шекара шегенделді. Күштік құрылымдар қайта құрылды. Ел астанасы Алатаудан Арқаға көшірілді.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: