Сенбі, 20 сәуiр, 00:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Тәуелсіздік – тұғырым

19.01.2021

6636 0

«Өткенсіз – бүгін жоқ, бүгінсіз – ертең жоқ» демекші сәл кейінге көз жүгіртіп көрейікші. Қазақ халқы бүгінгідей мамыражай күнге бір күнде жеткен жоқ. Бұған дейін небір нәубет жылдарды басынан өткерді. Соқтықпалы сүрлеу жолдармен жүрді. Азаттық деп қаншама ата бабаларымыз алтын басын бәйгеге тікті. Атаның қаны, ананың жасымен жеткен тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтай білу ләзім.

Биыл осы ұлық мерекемізге 30 жыл толып отыр. Бұл – ел үшін ең жоғары мерейтой. Егемен ел атанып еңсе тіктедік. Өз алдына дербес мемлекет қалыптастырдық. Осы отыз жылда жалпақ әлемге Қазақстан деген мемлекет барын таныттық.

30 жыл тарих үшін аса ұзақ уақыт емес. Дегенмен адам өмірімен салыстырып қарасаңыз, «орда бұзар» жас өткеніне есеп беріп, келешегіне болжам жасай алатын жас.

Егемен еліміз осы жылдар бедерінде бұрын – соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізгенін айта кету керек. Шекарамыз шегенделді. Елтаңбамыз елдігімізді айқындап, көк байрағымыз көк аспанда желбіреді. Әнұранымыз әлем аспанында шырқалды. Осылайша тәуелсіздігіміз Алаш елінің мың жылдардан келе жатқан арманын орындады.   

Түп тамыры ежелден бастау алған қазақ халқы өз тағдырында Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» ел. Сондай қиын кезеңдерді көзбен көріп, басынан кешсе де өз дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын ұмыт қалдырмады. Еркіндік сүйген еліміз бір қуаныштың боларын білді. Сол жолда жігерін жаныды, қайратына мінді. Мұның барлығы сайып келгенде қазақтың қайсарлығы. 

Қазақ мемлекетінің негізі сонау Сақ заманынан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ дәуіріне дейін жалғасқанын тарихтан білеміз. Бертін келе Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.

Қазақ елінің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін болған көтерілістер тарих сахнасында сайрап тұр. Солардың бірі Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі. Сонымен қатар «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманынан бастап, қынадай қырылған 1930-1933 жылдар тарих бетінен ұлт болып жойылып кету қаупі төніп тұрған кезеңдер еді. Алайда бойымызға біткен қайсарлығымыз бен ертеңгі күнге деген сеніміміздің арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Осындай ел қорғауды ұран еткен ерлеріміз ел құрметіне бөленіп есімдері алтын әріппен тарихта қалды.

Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін, жерін қорғаған бабалар рухынан қуат алған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиетті жылнамасы болды. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздік таңын тарту етті.

Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы жүзеге асты. Дүние дидарына жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін естіртіп, өркениет көшіне ілесті.

«Тәуелсіздіктің бір ғана жетістігін Қызылордадан көруге болады» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі бар. Расыменде бүгінде шаһарымыз жыл сайын жаңарып, жаһандану дәуіріне ілесіп ілкімді істер легі атқарылып жатқаны көз қуанышымызды еселеуде. Аймағымызда атқарылған істер аз емес, әлі де жасалатын жұмыстар жеткілікті.

Біздің тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Бұл қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі.

Мақаламды мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың сөзімен қорытындылағанды жөн көрдім. «Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай бермек».

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: