Жұма, 29 наурыз, 04:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Тағы құрғақшылық бола ма?

16.07.2022

950 0

Былтыр еліміздің Қызылорда, Маңғыстау секілді өңірлерінде қуаңшылық болғанын жұрт ұмытқан жоқ. Аталған өңірлерді жұт жайлап, төрт түліктің қырылып қалуына ауа райының қолайсыздығы, яғни жауын-шашынның аз түсуі себеп болған. Өз өңірімізде шөп шүйгін шыққанымен, шілденің шіліңгір ыстығында егіс даласында ағын су тапшылығы туындап, кейбір шаруалар шығынға батқан еді. Әсіресе Аралдың ахуалы мәз емес еді.

Ал биылғы жаз қалай өтпек? Тағы да осы мәсе­ленің қайталанбасына кім кепіл береді? Жаздың қақ ортасына келдік. Оған қоса соңғы кезде мамандар шілде айында елімізде құр­ғақшылық болуы мүмкін деп дабыл қағуда. Керек десеңіз, қай облыстың ау­мағында өтетіні де белгілі дейді синоптиктер. Оның ішінде біздің Сыр өңірі де бар. Мәселенің бір ұшы біздің аймаққа келіп тірелген соң анық-қанығын білуді жөн көрдік. Құрғақшылық – қоғам үшін толғандыратын тақырып. Бұл жайт орын алса, шығынымен қоса адамға да, нарыққа да кері әсер ететіні белгілі. Еңсенi езген қымбатшылық пен қаржы дағдарысына енді климаттағы қуаңшылық қосылуда. Жалпы біз құрғақшылықпен күресуге дайынбыз ба? Бұл жайында тиісті сала мамандары не дейді?

«Қуаңшылық, су тапшылығыел үшін де, әлем бойынша да күрделі мәселе»

Бұл – ақпарат саласының үздігі, тәуелсіз сарапшы-журналист Айткүл Шалғынбаева­ның пікірі.

– ХХ ғасыр адам баласы үшін ғылым мен техниканы дамытып, өркениет көкжиек­терін кеңейткен дәуір болса, ХХІ ғасырда адамдар сол ғылым мен техника мүмкіндіктерін Жер планетасын аздыруға жұмсап, тіршілік атаулыны тығырыққа тіреп отыр.

Алда қуаңшылық күтіп тұр. Климаттың өзгеруі, еліміздің бірқатар аймақтарында температура + 50-ден асуы, барлық өңір­лерде аңызақ жел, жиі соққан аптап ыстық құмды дауыл өсімдіктерді күйдіріп жіберуде. Жерасты суларының да алыстауы топырақтың құрғап, тұздануына әкеледі. Бұл – мал жайылымдары күйіп кетеді деген сөз. Демек егіс шықпайды, мал қырылады. Алла одан сақтасын. «Сақтансаң сақтайды» деген де тәмсілді ұмытпайық.

Табиғи орта балансын жоғалтты. Көк тесілді. Азон жыртылды. Күннің қызуы артты. Мұздақтар еруде. Жерастының да балансы өзгерді. Кеніш қорлары қалдықсыз игерілуде. Мәселен, Мұнай сарқылды. Жер-Ананың қан тамырындай жерасты тепе-теңдігін ұстап тұрған мұнайды сарқа соруға экологиялық талаптар тиым салады. Алайда айдаһар деп, алдына түскен көршіміз мұнай компанияларының 100 пайыз акцияларын иеленіп, бүгінде білгенін істеп отыр. Мұнайы алынған жер қойнауының босап қалған кеңістігін немен толтырады, әрине сумен. Ол суды мұнай компаниялары қайдан алып жатыр? Сол босаған кеңістікті толтыруға кететін судың көлемі туралы мағлұмат бар ма? «Байқоңыр» ғарыш айлағы әр ұшырылымға қажетті суды қайдан алады, оның көлемі қандай? Млрд-таған тонна судың есебін кім біледі?

Ал ХХІ ғасыр табиғи су айдындары мен жерасты суларының тартылып, көрер көзге азайып бара жатқан заманда, елі­міздің су ресурстарының потенциалын, оны пайдалану, оны сақтау, оны реттеу мәсе­лелері кімнің құзырында? Әр министр­­ліктің қомында ілдалап жүрген Су коми­теті ме? Тіпті керек болса, Су коми­тетінде осы мәселелерді бес саусақтай біле­тін, су проблемасы үшін күресетін маман да қалыптаспаған. Министрлікке судың жағ­дайын білетін вице-министр барып еді, оны да көп көрді. Осынша жыл­дар ішінде аймақтық деңгейде су маман­дары­мен біте қайнасып, тіпті Ташкеннің сушы­ларымен сөз салғастыруға батылы жететін, көрші облыстың да арпа­лысқан мүддесіне қарсы тұра алатын, аймақта жинаған тәжірибесі мол, көп жылдар облысымыздың су мәсе­лелерімен айналысқан Серік Қожаниязов елге қай­тып келді. Оған біз қуандық. Алайда ми­нистрлікте бірқатар бастамаларды ұсы­нып үлгірген, мән-жайды толық түсінетін, еліміздің су проблемаларына жетік, өз по­зициясына табанды басшы ретінде Серік Салауатұлы сол жоғарыға керек еді. Өйткені министрлік тарихында дәл Қожаниязовтай еліміздің су саясаты мәселесін, трансшека­ралық су проблемасын, суды сақтау, пайдалану, реттеу мәселесін кө­терген бұған дейін не бір вице-министр, не бір комитет төрағасын көрме­­дім. Көргендер болса, мені кешіріп қойыңыз.

Осы уақытқа дейін комитеттің бар бас ауруы – гидроқондырғыларды жөндеу, каналдарды аршу, егіс науқанында Тәшкен­ге барып, қол жайып су сұрау болды. Иә, ол да маңызды шаруа. Шындығында, елі­міз бойынша тағы да сол мемлекеттік бағ­дарламамен аршылған, жөнделген канал­­дар бар болса, бүгінгі проблема бол­мас еді. Қуаңшылықты жеңіл өткізген болар едік.

Өзбектер суға келгенде, өз мүдделері үшін жан пида халық. Оған дәлел көп. Мәселен, САРАТС жобасының 1-ші кезеңі жү­зеге асырылды. Ал екінші кезеңді 15 жыл дегенде бір сілкіп, қолға алғанда, тө­менгі ағысқа еш қатысы жоқ Өзбекстан, «бізбен келісілмеген жоба» деп ДЖ Банкке шағынып, қаражатты тоқтатып тастады. Сон­да Комитет не министрлік, не Үкімет басшысы мемлекетаралық мәселеге арала­сып, не өзбекке, не ДЖ Банкке шығып, өз позициясын дәлелдемеді. Өзбекстанның су мәселесіне Сырдың төменгі ағысының зәре­дей де әсері жоқ екені айдан анық болса да, бас көтеруге мәймөңке қазақтың батылы бар­мады. Сөйтіп, су мәселесін шешетін маңыз­ды жобаны қорғай алмады. Міне, Кіші Аралды құтқаратын жобаның жайы − осы.

Комитеттің бар қолынан келгені – Сыр­дарияның төменгі ағысына қатысты жобаларға тағы да килікпесін деп, САРАТС жобасының атауындағы Сырдария арна­сын реттеу деген сөзді алып тастады. Комитеттің бар қауқары осыған ғана жетті. Табиғи бассейндер тартылып, судың тапшылығы сезілген 4 жыл ішінде өзбекпен дипломатиялық мәдениетті қоя тұрып, ортақ суды бөлісуде уағдаласқан келісімді талап ету керек еді. Көршілердің бәріне мәймөңкелеп, жәдігөйленіп болдық. Енді қалыптасып отырған жағдайға байланысты нақты талап қою керек. Өзбекстанның 9 су қоймасының біреуін жапқызбасақ, жағдай қиын.

Ол Сардоба су қоймасы болуы тиіс. Қайсыбір жылы ашкөздікпен суды шамадан тыс көп жинап, судың екпіні мен салмағы қойманы жырып жібергенін ұмытқанымыз жоқ. Сонда да өзекеңнің түгі кетпеді. Зардап шеккен қазақ ауылдары. Өзбек бірде бір су қоймасын бізбен келіскен жоқ. Қойманы салып, Сырдарияның суын ешкіммен келіс­пей-ақ, жинап алып жатыр. Бұл бассыздыққа беймарал қарап отырған қазақ Үкіметі, трансшекаралық су мәселесінде әлі бейқам. Су комитеті Өзбекстанға қыдырып барып, қол жайып, егіске ғана қажетті суды сұрап алуды үлкен жұмыс бітірдік деп есептейді.

Қуаңшылықпен күресте алдағы 20 жыл­ға еліміздің су мәселесін кешенді қарас­тырып, Қазақ суының саясатын нақтап, мықтап қолға алу қажет. Олай болмаса, қымбатшылық жайына қалады. Ақшаңа тамақ таппай, ауыз су мен аяқ суды көрші өзбектен долларға сатып алуымыз ғажап емес. Ең оптималды жол – жерасты су көздерін аршу деп, Үкімет тонын пішіп те қойған болар. (ол мәселені советтер өз заманында шешіп қойған, Қарақұм мен Қызылқұм, Сарысуда дайын скважиналар бар, ежелгі жайылым алқаптарын біреу жекешелендіріп алмаса, малдың жаны да, саны да сол құмдарда) Әйтсе де әр аймақта тіпті жер асты суының мол қоры болғанның өзінде, ол қор болашақ ұрпақтыкі.

Үкімет қуаңшылыққа байланысты ең болмағанда алдағы 10 жылға кешенді мем­лекеттік бағдарлама қабылдағаны жөн. Оның компоненттерінің ішінде басты приоритетте:

1. «Байқоңыр» ғарыш айлағының жұ­мысын уақытша тоқтату.

2. Трансшекаралық су мәселесін басым­дыққа шығару.

3. Өзбек елі уағдаластықты бұзуды жал­ғастырса, қойылған талапқа келіспесе, желкелейтін жолдарын бұған дейін де бірнеше мақаламда жазғанмын. Өзбекстан­ның жанды жері – әуе қатынас жолы, теміржол, автобан. Өзбек экономикасына қан тамырдай қажет әлеует. Соларды шектеу керек. Егер өзбек Сардобаны жап­паса, ультиматум сол. Қуаңшылық өзбекті айналып өтетініне өз басым сенім­дімін. Өйткені олар суды жинап, сақтап отыр. Жинаған үстіне жинауды бір минут тоқтатпайды да.

Ал біздер көрекөзге қауіпті ситуацияға кіріп тұрып, қуаңшылықпен күресті күріш көлемін азайтып, малға шөпті өздері қақсып отырған аудандарға өзара бөлісуді талап етіп отырмыз. Бұл күрес емес, бұл уақытша тығырықтан шығу. Күріш дақылының көлемін азайтса, жер одан сайын тұзданады, батпақтанады. Бұл – экология. Оны да ескеруіміз шарт.

Биыл жағдай ел бойынша да, әлем бойынша да күрделі. Мәселені шындап қол­ға алмаса, алдағы жылдары млн-даған халықтың азық-түлік проблемасы шие­ленісе түспек. Үкімет бір жылғы қуаң­шылыққа млрд-таған қаржы бөлуі мүмкін, десек те ол желге ұшатын қаржы. Өйткені қуаңшылықпен күреске тек кешенді мем­лекеттік бағдарлама ғана дес бере алады. Ол бағдарлама шұғыл қабылдануы тиіс. Қуаңшылық, су тапшылығы төрткүл дү­ниені жайлап келе жатқаны туралы әлем қоғамдастығы әлдеқашан дабыл қақты. Және бұл бір жылдық емес, – дейді Айткүл Шалғынбаева.

Иә, біраз мәселенің басын қайырған Сырдың экологиялық ахуалын бірталай жылдан бері көтеріп, жазып жүрген әріптесіміздің пікірі өте орынды. Жалпы экожүйедегi ауытқудың адамзаттың тұрмыстық-әлеуметтiк жағ­дайы­на тiкелей әсер еткенi байқалады. Мамандар мен сарапшылар осының бәрiне ауа райындағы ауытқушылық себепкер деп пайымдап отыр.

Синоптиктер сақтандырады

Синоптиктер шілде айында еліміздің қай өңірлерінде құрғақшылық болатынына болжам жасады.

«Қазгидромет» РМК ұсынған жауын-шашынның стандартталған индексі болжа­мына сәйкес жауын-шашын тапшылығы Қызылорда облысының басым бөлігінде болуы мүмкін. Сондай-ақ облыстың Қар­мақшы, Қазалы аудандары тұсында құр­ғақшылық болады деп болжанды.

Ал қалған аумақтар бойынша ауа райы­ның ылғалдану жағдайы қалыпты.

Индира Байжанова, «Казгидромед» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының гидрометеорология­лық мониторинг бөлімінің бастығы:

– Биыл «Қазгидромет» маусым айы­ның бірінші онкүндігіне Қармақшы және Қазалы аудандарында дабылды ескерту жариялады. Оның себебі жауын-шашынның болмауы (5 мм-ден аспайтын), ауаның ең жоғары температурасы 25-30°С-тан асатын және ауаның ең төменгі салыстырмалы ылғалдылығы 35%-дан төмен болатын атмосфералық құрғақшылықтың болуынан. Қазіргі уа­қытта ауыл шаруашылығы және жайылым өсімдіктерінің жағдайы негізінен жақсы және қанағаттанарлық.

 Стандартты жауын-шашын индексінің есебі, жауын-шашынның ықтималдығына сүйене отырып, шілде айында Қызылорда облысының басым аумағында ылғалдану жағдайлары жауын-шашын тапшылығымен күтіледі: Арал ауданында (Арал теңізі МС), Қазалы ауданында (Қазалы МС), Қармақшы ауданында (Жосалы МС), Жалағаш (Жалағаш АМС), Шиелі (Шиелі МС) аудан­дары мен Қызылорда қ. (Қызылорда МС). Қазіргі қуаңшылық Қармақшы (Шірік-Рабат АМС) ауданында орын алған.

– Негізі құрғақшылық облыста жыл сайын қайталанып тұра ма?

 – Қызылорда облысы аумағы өте құрғақ және ыстық климаттық аймақта орналасқан. Сол себептен вегетациялық кезеңде жыл сайын құрғақшылық байқалады.

– Құрғақшылықтан қалай сақтануға болады? Маман ретінде айтарыңыз…

– Құрғақшылықтан аулақ болу үшін ауыл шаруашылығындағы өсімдік шаруашылығы дамыған аудандардағы топырақтағы ыл­ғал қорын сақтауға мүмкіндік беретін агротехникалық тәсілдер мен топырақты өңдеу әдістерін қолдану қажет. Өсімдіктерді өсіру үшін ол дақылдардың қуаңшылыққа төзімді сорттарын қолдану, ал жайылымдық мал шаруашылығы аймағы үшін жайылым­дарды ротациялауды (ғылыми негізделген) қолдану және жайылымдық шөпті сақтау, оларды малдың таптауынан сақтау үшін малды уақытылы айдау қажет, –  деп жауап берді маман.

Құрғақшылық Һәм қымбаТшылық

Халқымыздың тірлігі төрт-түлікпен, егінмен байланысты. Соңғы жылдары мал азығын дайындаудың тіпті қиынға түскенін жұртшылық жақсы біледі.

«Қуаңшылық деп қолдағы малдың санын сонша азайту, жаппай сату, сою ақыл­дылық болмаса керек. Одан да қандай жағ­дай болсын, төрт түлікті сақтап қалудың, ол үшін жем-шөп қорын нығайтудың жол­дарын қарастырған жөн», – дейді былтырғы құрғақшылықтан зардап шешкен тұрғын Әли Іскендіров.

– Негізі бұл мәселе облыста жылда қайталанып келеді. Былтыр өте қиын бол­ғаны бәріміздің есімізде. Қаншама отба­сының малы қырылды, жем-шөп тап­пай қи­налды. Дәл осындай проблема батыс жақта да кездесті. Қарап отырсақ, екі аймақтың да климаты қолайсыз. Бірақ солай екен деп қарап отырған халық жоқ. Әркім қолдан келгенше, кәсібін жалғастыруда, күресуде.

Оған қоса бұл мәселеге Үкімет те мықтап тұрып жұмыс істесе деп ойлаймыз. Өйткені құрғақшылық тек біздей шаруаларға ғана емес, халықты да қымбатшылықпен қинап отырғаны анық. Себебі азық-түлік бағасы шарықтап барады. Енді оған еттің бағасы да қосылады, – деді кейіпкеріміз.

Тілші түйіні: Шілденің шіліңгір ыстығында арық-атызбен шаруаға жетем дегенше су буға айналатыны белгілі. Бұл ретте су үнемдеу технологиясын қолданып отырған шаруа қолда бар суды тиімді жұмсайтыны анық. Түптеп келгенде Алладан жауын тілеп, тасаттық беру арқылы құрғақшылықтан құтылуды ойлап қол қусырып отырғаннан гөрі нақты бір іс-əрекетке көшетін кез келді. 

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: