Жұма, 18 шiлде, 20:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52,2165
15.07.2025
PDF мұрағаты

Теңіз табанын да туристік аймаққа айналдыруға болады

18.07.2025

66 0

Арал ауданына қарасты Шижаға елді мекенінде туристік аймақ қалыптасып келеді. Қазірдің өзінде мұнда 4 кәсіпкер тіркеліп, он шақты үй тігіп үлгерген. Құмның үстінде түйемен серуендеуге қызығушылық танытқандар үшін барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта мұнда 40-қа жуық кәсіпкер жұмыс істейді деп күтілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев айтты.

– Ауданда туризмді дамытуға бағытталған жұмыс көп. Бұрын алдымен ауызға ілінетіні Қамбаш еді. Қазір Шижаға қосылды. Мұндай құм ауданға қарасты Ақеспе, Ақбасты тәрізді 7-8 елді мекенде бар. Шижағада мінем деген адамға жылқы да, түйе де дайын. Мұнан өзге теңіздің кепкен ұлтанын да туристік аймаққа айналдыруға болады. Осыдан 60-70 жыл бұрынғы 50-60 метр тереңдіктегі теңіздің табанын көзімен көргісі келетіндер көп. Теңіз табанындағы Кердері мәдениетіне жататын көне қаланың орны да қандай тарих десеңші. Су астында қалған мұнаралар теңіз кемесінің бауырына тиетіндіктен оны да қолдан құрылғылар арқылы жарып тастаған. Мұндай туристерге қызықты дүние көп. Мұның барлығы алдағы уақытта қолға алынатын ірі жобалардың ізі, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Ауданның дамуы 7 макроэкономикалық көрсеткіштегі өсімнен де айқын аңғарылып тұр. Жыл сайын жаңа жобалар қолға алынып, экономикалық өсім алға жылжып келеді. Биыл жалпы құны 13,1 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланса, оның біреуі мамыр айында жұмысын бастады. Жыл аяғына дейін бес жоба іске қосылмақ. Ал ауыл шаруашылығындағы өсім 101,8 пайызға жеткен.

– Ауданға қарасты Қарақұм, Сазды, Аққұм, Жіңішкеқұм және Қосаман елді мекендерінде жайылымдық және шабындық жерлерге біріншіден киіктер зиян тигізсе, кейін жаппай шегіртке басып мал шаруашылығына айтарлықтай қиындық тудырды. Біз қазір осы жағдайлардың салдарымен күресіп жатырмыз. Жоспар бойынша 2025-2026 жылдарға 181,5 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Осы кезде бұрынғы қалдық шөппен қоса есептегенде 3 865 тонна шөп дайындалса, 529 тонна жоңышқа пресі сатып алынды, – дейді аудан әкімі.

Таяуда ғана Ақбастының халқы бөркін аспанға ата қуанды. Ауызсуға қолы жетпей жүрген ауылдықтар бұл күнді талай жыл сарыла күткен еді. Бүгінде ауданнан шалғай жатқан мұндай елді мекендерді ауызсу желісіне қосуға байланысты қарқынды жұмыс басталып кеткен.

– Қазіргі таңда Тоқабай, Абай елді мекендерін ауызсу желісіне қосуға қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Мұнан бөлек, Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендеріне ауызсу желісін тарту жобасына барлығы 2,2 млрд теңге қаржы бөлініп, жұмыс қолға алынды. Осы бастамалардың нәтижесінде ауданды таза ауызсумен қамту көрсеткізі 95,9 пайызға жетеді, – деді А.Оңғарбаев.

Ауданда халықты баспанамен қамту мәселесі де жолға қойылған. Ұлттық жобалар аясында кейінгі 3 жылда 3,6 млрд теңгеге 286 пәтер салынып, пайдалануға берілді. Өткен жылдың өзінде мемлекеттік бюджеттен 2,2 млрд теңгеге салынған 150 пәтер өз иесін тапты. Биыл тағы 100 пәтердің кілті табысталмақ.

Аралда инфрақұрылым, білім, денсаулық сақтау салаларында да жаңашылдыққа толы бастамалар жетерлік. Білім саласына жасалған жағдайдың нәтижесінде білім сапасы жоғарылады. Өткен оқу жылында 59 «Алтын белгі» иегері, 88 «Үздік аттестат» иегері үмітті ақтады. Денсаулық сақтау саласында елді мекендер мен кенттерде жаңа нысандар пайдалануға берілді. Алда да жоспар жетерлік.

– «Ұлт саулығын нығайту» жобасы аясында орталық аурухана жа­нынан 17 төсектік нейро-инсульт, 35 төсектік кардиология бөлімше­леріне арналған жапсаржай құрылысы басталды. Оған МРТ және ангиограф қондырғылары орнатылмақ. Осы арқылы аудан тұрғындары ат арытып, өзге аймақтарға бармай, өз жерінде тиісті ем алуына мүмкіндік туады, – деді аудан әкімі.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: