Бейсенбі, 13 маусым, 08:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46-2056
11.06.2024
PDF мұрағаты

«Тоғызқұмалақ төзімділікке үйретеді»

29.05.2024

897 0

Сан мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойыны-қазақ ұлтының әлемдік өркениетке қосқан жарқын үлесінің бірі. 4 мың жылдық тарихы бар бұл ойын қазіргі таңда әлемдік деңгейде өркендеуде. Тоғызқұмалақ ойынының көп жабдықты қажет етпейтіндігі халық арасында кеңінен таралуына жол ашты. Бұл ойынның мәні – адамның ақыл-ойын шыңдау, ми қызметін дамытумен қатар төзімділікке баулу.

Тоғызқұмалақ – республиканың барлық өңірлерінде дамып келеді. Оның ішінде туған жеріміз Сыр өңірінде қарқынды дамуда. Бұл сөзіме «Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы» ЗТБ-нің 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда «Ең үздік облыс» номинациясының иегері атанғаны және үш жыл қатарынан республикада Қызылорда облысы бірінші орында тұрғаны дәлел. Біздің өңірімізде қалай дамып жатыр екен бұл туралы тоғызқұмалақтан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР спорт шебері, Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының атқарушы директоры Біржан Мектепханұлы жауап берді.

– Тоғызқұмалақ – ұлттық құндылығымыз. Бұл ойын жасөспірім балалардың ойлау қабілетін дамытатын ғылым мен тәрбие құралы. Облысымыз республика бойынша «үздік үштік» қатарында. Атап айтатын мықты спортшыларымыз, әлем чемпиондары, бірнеше дүркін Азия чемпиондары бар. Атап айтар болсақ, облысымыздың құрама команда мүшелері Бостандықов Бексұлтан, Кенжебекова Ақерке, Маханбетамин Ұлдана, Ахметов Дамир секілді спортшыларымыз мерейімізді үстем етіп жүр. Олардың ізін жалғаушы Азия чемпиондары, спорт шеберлері Әмір Бекзат, Ғаниқызы Нұрай, Қалдыбек Самат, Кенжебек Ырыскелді шеберлігін шыңдап жүр. Өскелең жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпиондары Қашқынбаев Құлмұханбет, Мектепхан Фариза сынды жас спортшыларымыз өсіп келе жатыр, – дейді директор.

Спортшылардың жетістіктері де сан алуан. Олар топ жарып, дүбірлі додаларда алдына жан салмай келеді. Айбынды елдің арда туған ұландарының қатарында туған елдің даңқын асырып жүрген әрбір жастың кеудесінде ұлттық ойынды ұлықтаймын деген ұран бар. Міне, оларды жетістікке жетелейтін де осы болса керек.

– Спортшылардың жетістігі тек бір ғана жаттықтырушының еңбегі емес, бұл әрине үлкен қолдауды қажет етеді. Спортшыларымызды қолдап отырған Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын, Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығын атап өткеніміз жөн. Барлығының қолдауының арқасында осындай үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз. Жалпы Қызылорда тоғызқұмалақ ойындағы спортшыларды өз деңгейінде қолдап келе жатыр. Ұлттық құндылығымыз, мәдени мұрамыз тоғызқұмалақты «Мен – қазақпын» деген әрбір азамат қолдайды деп сенемін. Ендігі кезекте жоғарда айтылған мықты спортшыларымызды, өскелең жас буын спортшыларымызды ынталандыру мақсатында марапаттауды жолға қойсақ, алдағы уақытта ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақ қарқынды дамитынына мен сенемін! – дейді Біржан Мектепханұлы.

Қортындылай келе, ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақты тарихтан өшірмей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің барысты парызымыз. Академик М.Жұрыновтың пікірін ойға алсақ, болады. «Тоғызқұмалақтың орны бөлек. Бұл ойын адамды тапқырлыққа үйретеді. Миды шыңдайды» дейді академик.

Иә, тоғызқұмалақ ойыны – адамға сабырлылықты, тәуекелшілдікті, шыдамдылықты, дұрыс шешім қабылдауды, сондай-ақ алға мақсат қоя білуді және сол мақ­­сатқа жетуді үйретеді. Ең бастысы, тоғызқұмалақ «ЮНЕСКО» ұйымының материалдық емес мәдени мұралар тізіміне еніп, адамзат ойлап тапқан озық ойын ретінде мойындалды.

Аида АМАНЖОЛ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің студенті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: