Жұма, 29 наурыз, 16:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Той жарыс перзентханаға жеткен бе?

23.05.2023

638 0

Өмірге сәби келіп, шаңырақтың шат-шадыман  бақытқа кенелетіні рас.  Бір отбасы ұлды болдық деп қуанса, тағы бірі қызды болдық деп сүйіншілеп жатады.  Алайда сол қуанышты перзентханадан  шықпай жатып тойлау қаншалықты дұрыс? Перзентхана ауласында үлкен шоу жасап, түрлі әуенді даңғыратып,  у-шу  күлкі мен дүрмекке ай­налдыру  қазір сәнге айналып бара жатыр. Бірақ сен қуанғанмен, перзентхана ішінде бір ана перзентінен айырылып жылап отырса, немесе ауыр босанған әйел жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысып жатса, сол жарасымды ма? Қанша ойланғанмен, толғанғанмен  бұл әрекеттің дұрыс емес екенін бәріміз мойындаймыз. Ал камераға түсіріп, музыка қойып, мультфильм кейіпкерлерінің рөлін сомдайтын аниматорлар ақша табу үшін зыр жүгіріп жүреді. Ол түсінікті. Әйтеуір жас бөбекті перзентханадан шығарудың жөні бөлек болып барады.  Бұрын ондай жағымсыз әрекеттер көп кездеспейтін, тіпті байқамайтынбыз. Жас босанған әйел­дің тыныштығын ойлаған үлкендер отбасында да тыныштық орнатып, нәресте мен жас анаға, қамқор болған.  Перзентханадан шыққанда мал сойып, келінге қалжа жегізген. Қалжа – келінге арнап байланған қой. Баланы дүниеге әкелген ана өмірінде оның мәні зор. Қазақта босанған әйелге арнайы сойылған қойдың еті біткенше келінді жеке қалжалаған. «Жас босанған әйелдің тісі әлсіз болады, түсіп қалуы мүмкін» деп суық ас жегізбеген екен. Енелер келініне қойдың етін ұсақтап турап, жас сорпамен терлеткен. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, буындары жақсы, алты күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кеткен. Тіпті шілдехананы да келінінің белі қатайғасын, өз-өзіне келген  соң жасаған.  Өмірге сәби келгені қуаныш. Бірақ сол қуанышыңды өз үйіңде тойлау керек қой.

Дәрігерлердің айтуынша, сәбилерін сән-сал­танатпен қарсы алатындар перзентхана аула­сында әуен ойнатып, ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелдер мен шала туған балалардың тыныштығын бұзады. Күн сайын орталықтың алды би алаңына айналып, қымбат көліктерге толады. Түрлі мультфильм кейіпкерлерінің  киімін киген аниматорлар емдеу мекемесінде өз бизнесін жүргізуде. Ол аздай музыкалық аспапта ойнайтын әншілерді жалдап, дрон ұшыру да тұрғындар үшін үйреншікті жағдайға айналып барады. Бірақ жаңа босанған ана мен өмірге келгеніне бір апта болмаған сәбиге тыныштық керек дейді дәрігерлер.  Мұндай той-думан жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатқан немесе шақалағынан айырылып қалған аналарға ауыр тиетінін айтты.

– 500-600 граммен босанған нәрестелер 3 ай, 4 ай бойына өздерінің даму сатысынан өтіп жатыр. Оларға тыныштық – қатаң талаптың бірі. Бұл мамандардың, дәрі­герлердің жұмысына да кедергі келтіріп отырғанын жасыра алмаймыз. Емдеу орнының алаңында кішігірім той өткізіп кететін тұрғындарға тыйым салғанмен, олардың өздері түсініп, бас тартпаса бұл көрініс қайталана береді. Тойшыл халықпыз ғой, дегенмен әр нәрсенің өз орны, жолы бар. Бұрын мұндай болмайтын еді. Қайдан келген салт екенін білмедім. Біздің қазақта соңғы кезде ақылға сыймайтын осындай дүрмекті тойлар көбейіп кетті, – дейді дәрігер М. Әшірбекова.

Иә, дәрігер сөзінің жаны бар.   Бәсекеге айналған осы ерсі той жарысты тоқтатпаса болмайды. Қазір мерекені ойдан құрастырып, тойлай беру дәстүрге айналып барады. Қалтасы қалыңдардың ерігіп отырып шығарған дүрмегі тұрақты дәстүрге айналғандай. «Цветной вечеринка» деген мерекені де барлығы бірінен-бірі қалмай жасап жатыр. Ол мектептен әрі асып, балабақшаға жетіпті. Бірдей түспен киініп, алған тәттілері, сусындары да бірдей болу керек. Не көрсек соны бойымызға сіңіріп алып жатырмыз.

«Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей салттың да естісі бар, есері бар екенін ұмытпайық.

Осы орайда ұлы Абайдың «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті  надан адамның» деген сөзінің ақиқаттығын қай-қайсысымыз да күн сайын көріп, куәсі болып жүреміз. Тіпті өзіміз де сол топтың санатына еніп «көп айтса көндімен» тірлік кешеміз. Шындығында, мұн­дай әдет өзімізге де, өзгелерге де ешқандай пайда әкелмейтінін сезбейтініміз өкінішті.

Г. ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: