Жұма, 26 сәуiр, 13:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Мұраға кітап қалдырған…

12.04.2022

1048 0

Сөзбен айтып жеткізу қиын. Шынын да, кітабы көп үй өз­геше көрінеді екен. Жаныңды нұрға бөлейді. Тіпті қайсы­сын көреріңді білмей, қобал­жисың. Кітап әлемі – ой әлемі. Демек жеке кітапханасы бар үй ормандай ойымен бай, әрі білім теңізіндей терең мағыналы іспеттес. Үйді кітаппен толтыру үлкен еңбектің жемісі деуге болады.

– Әлиасқар Жамалұлы 1957 жылы дүниеге келген. Өте бі­лімді де білікті кісі болды. Ол рухани құндылықты әрқашан биік қойды. Әлиасқар саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан. 1974 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетіне оқуға түсіп, 1979 жылы бітірді. Еңбек жолын Қызылорда қаласында дәріханалар басқармасында инс­пектор болып бастады. 1980-1981 жылдары облыс­тық туберкулезге қарсы диспан­серінің 61 дәріханасының мең­герушісі қызметін атқарды. Ол жүрген жерінде кітапты на­си­хаттап жүрді. Оны жора-жолдастары «Тірі энцикло­­педия» деп айтушы еді. Жұбайым 1982 жылдан бас­тап, кітап жинауды бастады. Баста жаздырып алып, кейін сатып алатын болды. Әлиасқар дүние емес, білім қуып, байлық емес, кітап жинаған жан. Ол ұрпақтарына мұраға құнды кітап қалдырды. Сондай-ақ өзіне ұнаған, әрбір адам оқуға тиіс деген кітапты үйге келген қонаққа сыйлыққа беретін, – деп еске алды жары Фатима Сұлтанова.

Кейде көкейдегі сұрақтың жауабын айналаңыздағы адам­дар емес, кітап тауып беретіні жасырын емес. Иә, кез келген адам іздегенін міндетті түрде кітаптан алады. Бір өкініштісі, ғаламтор пайда болғалы қымбат қазынаның құнын түсінбей жүргендер көп. Тіпті аманатқа қиянат жасап, әкесінің өмір бойы жиған-терген кітабын қо­қысқа тастағандарды да көз көріп, құлақ естіп жүр.

– Қазіргі кезде бұл кітап­тарды жайлап өзім оқып бас­тадым. Алдағы уақытта оларды көпшілікке  оқуға ұсынғым ке­леді. Бірақ оны қалай жүзеге асыру керегін әлі ойланып жүр­мін. Бір сөзбен айтқанда үй кітапханасын дамытып, әрі қарай көпшіліктің қолданысына ен­гізу ойымда бар, – деді ұлы Абзал.

Бұл бастаманы қалалық орталық­тандырылған кітапхана­лар жүйесіне қарасты №1 кі­тапхананың кітапханашылары ұйымдастырды. Олардың бас­ты мақсаты – кітап білімнің қайнар көзі екенін ұғындырып, адамдардың кітапқа деген қы­зы­ғу­шылығын арттыру. Кітап жинаған қандай керемет. Біз де қатты қызықтық. Кітап са­тып алмақ түгілі, кітапханаға жылына бір рет те бас сұқпай­тындар да бар. Алайда үй-үй емес, кітапхана болғаны ерекше әсер етті. Кітап жинауға деген құлшынысым артып, екінші тынысым ашылғандай болды. Тіпті кітапханашылар мұндағы кейбір кітаптардың кітапханада жоқ екенін де айтып қалды. Осылайша үй иесі Абзал Әлиасқарұлы Дінмұхамед Қонаевтың кітабын кітапхана қо­рына сыйға тарту етті.

Расында, бұл жерден бар­лық жанрда жазылған туын­дыларды кезіктіре аласың. Атап айтсақ, кітап қорында медициналық, көр­кем әде­биет, балалар кітабы, түрлі ертегілер, діни кітаптар мен энциклопедиялар бар.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: