Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 22:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасы қатаң

27.12.2022

917 0

Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетіндер көбеюде. Бұл жөнінде ақпарат құралдарынан естіп те, көріп те жүрміз. Әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заңбұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселеге айналды. Отбасындағы жанжалдың кесірінен бала мен ана өміріне қауіп төнген жайттар да кездесіп жатыр. Сондықтан да бұл мәселеге қоғам алаңдаулы. Алаңдайтынымыздың да жөні бар. Әлеуметтік желіні ашсақ отбасындағы ұрыс-керістің кесірінен жағымсыз жайтқа тап болғандар жиілеп кетті. Сондықтан да отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Бұған көзіміз жетіп отыр.

Мәселен, қылмыстық статистика соңғы үш жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әлім­жеттік көрген әйелдердің көр­сеткіші 25 пайыздан асқанын көрсетеді. Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе елдегі пандемия кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өскен. Оның ішінде отбасылық жанжалдан бастап, әйелдерге ерінің тарапынан қысым көрсетіліп, тіпті бала-шағасымен қоса өртеп жіберген жағдайларды естіп жүрміз.

Осы орайда отбасындағы әйелдер мен балалардың тұрмыстағы зорлық-зомбылығына қарсы елімізде нақты шаралар қолға алына бастады.

Бұл тұрғыда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керектігін айтқан еді.

– Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға бол­майды.  Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді.  Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Алдағы уақытта қабылданатын заң жобасы, тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқығы сақталып, тұрмыстағы қысымды болдырмауға көмек болатыны сөзсіз.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбіне қоғамның әлсіз топтары әйелдер мен балалар немесе қарттар ұшырайды. Көп адамның пікірінше, әйел мен күйеуі арасында орын алады дейді. Алайда қарт анасы мен әкесін сыйламай, былапыт сөз айтып, ұрып-соғатын жайттар да өкінішке орай болып жатыр.

Атап айтқан жөн, жаңа жылдан бастап ішкі істер министрлігі отбасылық және зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатады. ІІМ басшысы Марат Ахметжановтың айтуын­ша, тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықты арызсыз анықтау енгізіледі.

– Бұл полицияға жәбірленушінің өтінішінсіз тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді, – деді министр.

Сонымен қатар зорлық-зомбылық қайта­ланған жағдайда, тараптар сотта татуласа алмайды.

Бұдан бөлек кінәлі адамды әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері бекітіледі. Қазір он тәулікке дейін ғана болса, енді 10, 15, 20 тәулікке қамауға алынады. Қайталанған құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік қамау­ға алу мерзімі 20-дан 25 тәулікке дейін ұзартылады. Министрдің айтуынша, осы тү­зетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді. Қазір олар президент әкімшілігінің қарауында жатыр.

Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан зорлық-зомбылық әрекеттері бізді қатты толғандыруы тиіс. Себебі әрбір ата-ана баланың өсіп-өнуіне, тәрбиесіне жауапты. «Баланың теріс қылықтары отбасындағы зорлық-зомбылықты көріп өскеннен басталады», – дейді мамандар.

– «Қамқорлық» дағдарыс орталығына ана­лар отбасылық, тұрмыстық кикілжіңнен, зорлық-зомбылықтан күйзеліске ұшырып, тығырыққа тірелген соң келеді. Күнделікті күйбең тірліктен де әйелдің жүйкесі сыр береді. Күйзелістегі адам ішіндегі ашу-ызасын, ренішін бірінші кезекте өзінің жақындарынан алады. Сол себепті көптеген ана балаларына жекіп сөйлеп, қол көтеріп, баласын өзіне бағындырады. Ұрып-соғуды тәрбие құралына айналдырып алған. Бұл балаларға кері әсер етеді. Сондықтан отбасындағы зорлық-зомбылыққа көніп жүре беруге болмайды. Мұндай жағдайда әйелдердің барлығы құқық қорғау органына барып шағымданбайды. Әсіресе қазақ отбасындағы әйелдер зорлық-зомбылыққа төзіп жүре береді. Кейбір әйелдер сол мезетте ашуын біреуге айтып алады да, әрі қарай сол өмірді сүре береді. Өзгертуге тырыспайды. Олар өз балаларының әкесін жаманатты қылғысы келмейді. Дегенмен оны түсінетін ер адамдар бүгінде сиреп барады. Сондықтан заңның күшейгені де дұрыс болар, – дейді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының заңгер-маманы Жанар Алтынбасова.

Зерттеулерге сүйенсек, балалық шағында зорлық-зомбылықты бастан кешкен балалар­дың денсаулығы нашар болып және өзін-өзі баға­ламайды екен. Ал зорлық-зомбылықсыз тәрбиеленген балалар ересек өмірде табысты, сенімді және бақытты адам болу мүмкіндігіне көбірек ие. Ғалымдар зорлық-зомбылықтың салдары қатерлі ісік, диабет, депрессия және тағы да басқа ауруларға әкелуі мүмкін екенін айтады.

Күн сайын қатыгездіктің, зорлық-зомбы­лықтың күшейіп, жағдайдың ушығып бара жатқанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Отбасылық ұрыс-керіс, адамдардың бір-біріне қастандық жасауы азаймай тұр. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық болғанымызбен қатыгездік қаптап барады. Үлгілі отбасын құру, жібі түзу жан болу адамның өз қолында емес пе?! Олай болса бір-бірімізге қорлық көрсетуге неге асықпыз?.. Қоғамда зорлық пен қорлық болмасын.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: