Топ-баннер2

Сейсенбі, 10 наурыз, 10:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№18 (2230)
07.03.2026
PDF мұрағаты

Үкімет тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесін қарайды

10.03.2026

42 0

Фото: Александр Павский/Kazinform

Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері тұрғын үй құрылысын дамыту мен цифрландыру мәселесін пысықтайды, – деп хабарлайды KAZINFORM

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Онда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселеге қатысты БАҚ өкілдері тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларының қорытындысында пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 2024 жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артып, 20 099,1 мың шарщы метрді құрады.

Оның ішінде:

— 13 523,7 мың шаршы метр — көппәтерлі тұрғын үйлер;

— 6 416,2 мың шаршы метр — жеке тұрғын үйлер.

Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша көшбасшы өңірлер:

— Астана — 4 812,5 мың шаршы метр.

— Алматы — 2 607,7 мың шаршы метр.

— Шымкент — 1 381,9 мың шаршы метр.

2024 жылмен салыстырғанда ең жоғары өсім Жетісу (+11%), Алматы (+10,2%) және Қарағанды облыстарында (+9%) тіркелді.

Тұрғын үйлердің негізгі бөлігі, яғни жалпы көлемнің 90 пайызы немесе 18 098,8 мың шаршы метр жеке құрылыс салушылар тарапынан пайдалануға берілді. Сонымен қатар халықтың өз күшімен салған тұрғын үйлерінің көлемі 7 120,6 мың шаршы метрді құрады.

Жалпы, өткен жылдың 12 айында 37 219 тұрғын үй ғимараты пайдалануға берілді, оның ішінде — 2 591-і көппәтерлі тұрғын үй (185,8 мың пәтер).

Жыл басында құрылыс саласын цифрландырудың 2026-2027 жылдарға арналған жоспары бекітілді. Құжат құрылыс саласын цифрлық трансформациясының негізгі мақсаттарын анықтайды және құрылыс жобаларының бүкіл өмірлік циклін — жоспарлау мен жобалаудан бастап құрылысқа, пайдалануға беруге және ғимараттар мен құрылыстарды кейіннен пайдалануға дейінгі кезеңдерді қамтиды.

Жоспарда құрылыс процестерін жеңілдетуге және жеделдетуге бағытталған бірқатар практикалық шаракөзделген.

Басымдық бағыттарға мыналар кіреді:

• міндетті BIM жобалауын енгізу,

• құрылыс саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру,

• нысандардың цифрлық паспорттарын жасау,

• құрылыс нормалары мен стандарттарын машина оқитын форматқа түрлендіру.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында автожол саласын дамыту мәселесі жан-жақты талқыға түсті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың дерегінше, Қазақстанда 95 мың шақырым автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 25 мың шақырым — республикалық жолдар. Бұл жолдар Көлік министрлігіне қарайды. Нормативтік жағдайы 94 пайызды құрайды. Ал 70 мың шақырым облыстық және аудандық жолдар жергілікті органдарға қарайды. Оның нормативтік жағдайы — 91 пайыз. Республикалық маңызы бар жолдарда нормативтік жағдай шамамен бір деңгейде сақталған. Ал жергілікті жолдар бойынша батыс өңірінде жолдардың нормативтік деңгейі төмендеу.

— Келе жатқан үш жылдың ішінде жергілікті органдармен бірге өңірлік жолдардың жұмыстарын 5 есе көтереміз. Жұмыстың нәтижесінде 32 мың шақырым өңір жолдарын нормативтік деңгейін 95 пайызға дейін көтереміз. Бұл жұмыстарды атқару үшін ведомстволық нормативтерге тиісті өзгерістер қабылданды. Қазіргі уақытта стандарттарға өзгерістер енгізу жұмысы аяқталып жатыр. Сонымен қатар, өткен аптада әкімшіліктердің өкілдерімен жиналыс өткізілді. Түсіністік бар, жергілікті органдар жұмыстарына кірісіп жатыр, — деді Нұрлан Сауранбаев.

Оның айтуынша, Қарағанды-Жезқазған және Орталық-Батыс бағыттарын дамыту да ерекше назарда. Аталған жобалар бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың мамыр айында басталады. Қызылорда-Ақтөбе ең маңызды дәліздің ішіне кіреді. Бұл участок Батыс-Еуропа — Батыс-Қытай және Ресей мен Орталық Азия бағыттарының қосылатын арнасы болып есептеледі.

— Қызылорда-Ақтөбе жобасы 3 учаскеге бөлінген. Ақтөбе-Ұлғайсын және Сексеуіл-Қызылорда құрылысы осы жылы басталады. Ал Ұлғайсын-Сексеуілді келесі жылы бастаймыз. Жоспар бойынша үш учаскінің жұмыстарын бір уақытта бітіруіміз қажет, — деді ол.

Ал «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаевтың сөзіне қарағанда, былтыр жол құрылысы технологиясының бұзылуына қатысты 4,2 мың дерек анықталды. 

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының жол құрылысы жұмыстарын қамтуы 99 пайызды құрады. Кәсіпорын 47 мыңға жуық материал сынамасын өткізді. Оның ішінде 32,5 пайыз немесе 15,3 мың сынаманы қолдануға жол берілмеді. Сондай-ақ, 4,2 мыңнан астам жұмыс технологиясының бұзылуы мен ақаулар анықталып, 3,5 мыңы жойылды. Орташа жөндеу объектілеріне арналған ведомстволық сараптама аясында 1,7 мың оң қорытынды берілді. Оның ішінде республикалық желі бойынша — 79 жоба және жергілікті жолдар бойынша — 1,6 мың жоба, — деді орталық басшысы.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Ақтөбе-Ұлғайсын, Сарыағаш жəне Қызылорда қалаларының айналма жолдарын қайта жаңарту бойынша отандық мердігер ұйымдар анықталғанын атап өтті.

— Биылғы жол-құрылыс маусымында шамамен 12 мың арнайы техника, 25 мың жол маманы жəне 193 асфальтбетон жəне бетон зауыттары жұмылдырылады. Президент тапсырмасына сəйкес биыл 3400 шақырымды құрайтын жаңа құрылыс жəне қайта жаңарту жобалары жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе–Ұлғайсын, Сарыағаш жəне Қызылорда қалаларының айналма жолдарын қайта жаңарту бойынша отандық мердігер ұйымдар анықталды, осы айда құрылыс жұмыстары басталады, — деді Қазавтожол басшысы.

Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов жол қауіпсіздігі мәселесі өзекті бола түскенін, 1 мамырға дейін жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын жаңарту қажеттігін ерекше атап өтті. 

— Көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту жүргізушілерге қолайлы жағдай жасаумен тікелей байланысты. Көлік министрлігі әкімдіктермен бірге тиісті стандарттар мен бизнесті ынталандыру шараларын қамтамасыз етіп, 1 мамырға дейін әр өңірде жол бойындағы сервисті дамытудың егжей-тегжейлі картасын әзірлесін, — деді Олжас Бектенов.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: