Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 19:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлттың ұлы ұстазы

06.09.2022

1493 0

Қыркүйектің 5 жұлдызы –  ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Алаш арысы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі» тақырыбында мәжіліс өтті.

Пленарлық мәжіліске зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдары, облыстық басқармалар, аумақтық депар­таменттер мен инспекция басшылары, тіл жанашырлары, мәдениет және өнер қайраткерлері, этномәдени бірлестік төрағалары қатысты.

Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Ақкөл ауы­лында дүниеге келген. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, халқымыздың бейбіт те берекелі өмір сүруі үшін аянбай еңбек еткен. Сол жолда басын бәйгеге тігіп, «тар жол, тайғақ кешуден» өткен қайраткер. Сонымен қатар Алаш баласының сауатын ашып, елімізді өркениетті мемлекеттердің қатарына қосуды мақсат тұтқан. «Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын. Ел – бүгіншіл, Менікі – ертең үшін» деген Ахмет Байтұрсынұлы болашақ ұрпақ үшін қызмет еткен.

Алқалы жиынды облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов ашып, жылы лебіз білдірді.

Пленарлық мәжілістің күн тәртібі бойынша «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат «Аймақтағы мемлекеттік тілдің мәселелері» бойынша баяндама жасады.

– Президент Қасым Жомарт-Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруымыз керек» деп ана тіліміздің мәртебесін одан сайын көтеретінінімізді біл­дірді. Сондықтан  тілімізді құтқаруға кірісіп, ұлтаралық қатынас тіліне көтеруге бәріміз бір адамдай атсалысайық. Ол үшін әрқайсысымыздың бастамаларымызға қолдау көрсету қажет. Жас ұрпақтың ұлтымыздың тарихына, салт-дәстүріне, ана тіліне жас кезінен уызына қандырмай, ұлтымыз рухтанбайды. Ал рухсыз ел өзінің алдына қойған мақсатына жете алмайды. Мұндай тұжырымды алаш зиялылары айтып, жазып кеткен. Қазір ұлттық мемлекеттердің барлығы дерлік осы қағиданы ұстанып, өз елдерін көркейтіп ел қатарына қосқан. Бүгінгі жиынымыздың қазақ тілінің мәртебесін көтеруге ықпал етуге септігі тисін, – деді Сәдуақас Аңсат баяндамасында.

Рас, Қазақ тіліндегі ең тұңғыш тіл маманы, қазақтың жанашыры Ахмет Байтұрсынов еді. Ол артында өшпес мұра қалдырған. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Қазақ тілін терең зерттеп морфология, синтаксис, лексика, фонетика жайында пікірін білдіріп, ғылыми еңбектерін ұсынған филолог деуге болады. Атап айтсақ «Тіл құрал»,  «Оқу құралы», «Әдебиет танытқыш» еңбектері өміршеңдігімен, ғылымилығымен құнды. Байтұрсынұлы қазақ тілінің тазалығын сақтау жолында қам қылды. Жаһандану тілімен айтқанда   Ахмет Байтұрсынов қазақ  тіл білімінің  негізін   салушы. Ұлттық жаңғыруда ел болашағын  ойлаған Ахмет бабамыздың еңбегі осылай  тарихқа таңбаланды.

Сондай-ақ жиында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауым­дастырылған профессоры, ф.ғ.к., доцент Аман Абасилов «А.Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси және ғылыми қызметінің Қызыл­орда кезеңі» тақырыбында  баяндама жасады.

– Баяндамада үш мәселеге көңіл бөлгенді жөн көрдім. Бірінші – А.Байтұрсынұлы кім? 150 жылды­ғы тойланып жатқан тұста Ахметті тани алдық па? деген мәселе. Сонымен қатар Ахметтану деген жаңа пән енгізілуде. Сол сала бұрын, қазір қалай дамыды? және Ахмет Байтұрсынұлының Қызылорда кезеңі» тақырыбында сөз қозғайтын боламыз. Ахметтану ғылымының негізін өзінің замандас інілері М.Әуезов, М.Дулатов, С.Сәдуақасұлы, С.Сейфуллин, Т.Шопанов сынды қазақ тарландары қаласа, А.Байтұрсынұлының еңбегін жан-жақты бағалаған орыс түркітанушы­лары Е.Поливанов, А.Самойлович, А.Кононовтар болды. Мұхтар Әуезов аз сөзбен Ахметтің бүкіл болмысын ашуға тырысқан. Оның жекелеген еңбектеріне тоқталып, қайраткерлігін, кейінгі жастарға жол салғанын айшықтап көрсетеді. Ахмет Байтұрсынұлы жанын аямай қазаққа еңбек еткен. Халықтың ар-намысы үшін өзінің басын бәйгеге тіккен. Әбіш Кекілбаев ұлт ұстазына мынадай баға берген. «А.Байтұрсынұлы ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға». Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану болып көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби, Йассауи, Қорқыт, Асан қайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті десер. Ол – рас. Бірақ Ахмет Байтұрсынов оларға ұқсайды да, ұқсамайды да,  – деді Аман Абасилов баяндамасында.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық дамудың талай жыл тот басып қараусыз қалған тегершігін айналдырып, үздіксіз қозғалысқа қосып берген ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз қызмет етіп, мәңгі ескірмейтін мол мұра қосқан қайраткер қазақ даласында кемде кем.

Мәжілісте сондай-ақ облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Нұрсәуле Мұсаеваның «Ұлттық руханияттың негізі – тіл», ақын, облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тіл­шісі Дүйсенбек Аяшұлының «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл қолданысы»,  Шиелі ауданын­дағы «Самғау» жеке мектебінің  орыс тілі пәнінің мұғалімі Т.С.Нуштаева «Мемлекеттік тілді құр­меттеу – парызымыз»  деген тақырыпта баяндама жасады.

Шара барысында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлы жайлы  бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар өңірде тілдерді дамыту саласы бойынша үлес қосып келе жатқан бірқатар тіл жанашырлары мен сала мамандары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: