Сенбі, 04 мамыр, 03:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

 Газетке жазылу жорналшының ғана міндеті ме?

28.10.2023

209 0

 Қазақтың ардақты ұлы Міржақып Дулатов айтқандай, газет шығару оңай іс емес. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін жауапкершілігі зор жұмыс. Бүгінде қоғам арасында «газетті кім оқиды?», «жазылудың не керегі бар?» сынды әрқилы пікірлер айтылып та жатыр.

Әрине, қоғамда қанша адам болса, сонша пікір болатыны да сөзсіз. Жұрт айтқандай, бүгінгі газеттің оқырманы бар ма? Жанашырлары қалды ма? Осы сұрақтың жауабын іздеп көрелік…

Газет оқу – зиялылықтың белгісі

Қазіргі күні ақпарат алмасудың заманауи тәсілі де көп. Айтылған ақпарат көзді ашып-жұмғанша сол мезетте- ақ ғаламтор, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы әлемге тарап жатады. Бірақ газет оқу мәдениеті – қашанда талғамы жоғары оқырманның талабы. Газеттің де өз ерекшелігі, артықшылығы бар. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық осы.

Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын газет бетінен табуға болады. Газет ешқашан өлмейді. Неге десеңіз, талай жыл бұрын шыққан дүниелерді тапқыңыз келсе, газеттің мұрағатын ақтарсаңыз, бәрін сол күйінше тауып алуға болады.

Газет шығару оңай ма?

Шындығында, газет те адам іспетті. Ал онда жарияланған әр мақала журналистің өз баласы секілді. Дүниеге кeлeді, өсeді, eр жeтеді. Бірaқ қaртаймaйды. Себебі oл тaбиғат зaңына сай ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, жалғасып, жaңарып, жaсарып отырaды.

Газет тізгінін ұстаған басшыдан бастап, тынымсыз қалам тербеген қосшыға дейін маңызды да, ортақ іске тек құлшына-ынтыға жұмылғанда ғана діттеген міндеттен табылса керек. Сондықтан болар әріптестеріміздің аузынан «Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деген тамаша тәмсілді жиі естиміз. Шындығында солай.

Газет шығару тек тілшілердің ғана жұмысымен шектелмейді. Бір басылымның артында бірнеше сала мамандарының еселі еңбегі мен үлкен үлесі жатыр. Сонымен, газет қалай басылады? Ең алдымен газеттің редакторы әр бетке кететін мақалалар бойынша әр тілшіге тапсырма береді. Тапсырмадан бөлек, жиналыс, шаралар болады. Әрбір журналист өзіне жүктелген жұмыс барысын тиянақты орындап, өткізеді. Әрине, әр тапсырманың өзіне бекітілген уақыты бар.

Жазылған мақала бірнеше рет тексеріледі. Журналист жазды, бітті, мақала дайын деген сөз емес. Жан-жақты оқылып, қатесі салынып, әбден піскен соң ғана мақала бетке жолданады. Ал бетті әрмен қарай әзірлеу – дизайнердің ісі. Ол маман тілші тапсырған мақаланы суретпен қойып, бетті бірден баспаға жібере салмайды. Бет қайтадан редакция құрамына ұсынылып, тақырыптық, мазмұндық қателері қаралады, сараланады. Суреті сай ма, бетті ашып тұр ма? Оған да аса мән беріледі. Қатесі салынып, редактордың қолы қойылғаннан кейін ғана қайта жөндеуге кетеді. Беттің қатесі салынып, әбден тексерілгеннен кейін ғана баспаға басуға рұқсат етіледі. Ал әрмен қарай баспаханадағы қызметкерлердің жұмысы жалғасады.

Олар түнімен газетті басып шығарған соң беттеп, пошта бөліміне жібереді. Ал поштадан кейін газет оқырманға жол тартады. Неге, газеттің шығуына тоқталдық? Өйткені «газетті ешкім оқымайды» деген көзқарастағы адамдарға газет шығару оңай секілді көрінеді. Ал жоғарыда айтып өткендей, бір газеттің жаңа нөмірін шығару үшін оңдаған адам еңбек етеді.

Газетке кімдер жазылады?

Иә, «газетке ешкім жазылмайды немесе қинап жаздыртады» деген пікірге кімдер жазылатынына тоқтала кетейік. Газетті жақсы көретін жанашырлары, бұрыннан оқып қалыптасқан оқырмандары, көзі ашық, көкірегі ояу, жанына рухани азық жинағысы келетін жандар жазылады.

Әрине, бәріне бірдей жағу да оңай емес. Себебі кейбірі «газет оқығанша интернет ақтара салған артық» деп жатады. Содан да болар, қоғамда жастар арасында жазу мәселесіне келгенде сауатсыздық жиі кездеседі. Мәселен, қысқартып жаза салу, тыныс белгілерін қоймау немесе қалай қою керектігін білмеу, әріптері шашырап, сөз тіркестері дұрыс емес сөйлемдерді көргенде жылағың келеді… Ал сол жастар газетті қолына алып, бір оқып шықса, қай сөз қалай жазылу керектігін білер еді. Жазудағы, сөйлеудегі сауатсыздық жайын университет қабырғасында білім берген ұстазым Аягөз Әбдіразақова жиі көтеріп жүр. Оған толығырақ тоқталамыз.

Жалпы баспасөзге жазылу – ерікті. Бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезде сенімді әрі шынайы ақпарат алғысы келген, елінің ғана емес, өзінің де тағдырына бейжай қарай алмаған кез келген азаматтың газетке жазылудан қалыс қалмайтыны анық.

Тоқсанға таяған оқырманды тауып алдым

Сыр елінің танымал журналисі бар. Есімі – Әлібек Байшүленов. Бірде әріптес ағамыз анасының газет оқитынын айтқан еді. Соның ішінде «Ақмешіт апталығы» газетінің тұрақты оқырманы екенін біліп, қуанып қалған едік. Осы мақаланы дайындау барысында біз ақжаулықты әзиз жанмен тілдесуді жөн көрдік.

Орын Өтешова, қала тұрғыны, зейнеткер:

– Біз кеңес заманында өмір сүріп, еңбек еттік. Ол кезде бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде газеттің беделі өте жоғары болатын. Газет- журналдарға шыққан сын материалдарға тиісті орындар міндетті түрде жауап беріп, шара көретін. Сауатты жандардың бәрі газет оқитын.

Өзім де жастайымнан газет оқып келемін. Бүгінде 88-ге келсем де газет қолымнан түспейді. Көзілдірікпен оқимын ғой. Соның ішінде қазақ тіліндегі басылымдарды оқығанды ұнатамын. Әлібек балам бірнеше газет әкеліп тұрады. Арасынан «Ақмешіт апталығы» газетін жібермей бір қарап шығамын. Өйткені онда тарихи дүниелерді жақсы жазады. Кейде қай мақала ұнағанын балама айтып, ой бөлісеміз.

Негізі газет-журнал, кітап оқып, радио тыңдап, теледидар көріп дағдыланған біз сияқты жандар үшін газет оқудың пайдасы зор. Айта кетейін, менің қатарластарым да, кезінде жасы үлкен аталарымыз бен апаларымыз да газет-журналдың келуін асыға күтетін едік. Біздің қатарымыз аз емес-ті, ең кемі екі-үштен, тіпті оншақты басылымды жаздырып оқитындар да болатын. Қалай дегенде де газет-журналға жететін дүние жоқ қой. Газет керек. Сондықтан еңбек ете беріңдер. Өйткені біз секілді оқырмандарың бар. Әлі де оқырман көбейе берсін, – деп бізге ақ батасын берді аяулы оқырманымыз.

Сауатсыз жазатын студент көп

Аягөз Әбдіразақова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, баспа ісінің магистрі:

– Сөз – үлкен өнер. Халық асыл сөзді ардақтап, бағалай білген, кестесі келіскен әдемі сөздерді қасиеттеп, өнер тұтқан. Сөз зергерлері сөзді бағалау, сөзден мағына іздеу адамды мәдени қоректендіреді дей келіп, тілге тірелмейтін еш нәрсенің жоқ екендігін білген, өйткені инедей өткір икемді тіл – ойдың тікелей шындығы, тіл – ойдың көркі, ал сөз – тілдің көркі. Сондықтан да «тіл тіліп түсер наркескен, сөз – өткір жебе тау тескен» немесе «тереңнен шыққан сөз темір есікті ашады», «жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады» деген. Бұл әр сөздің жаны, бояуы, мың түрлі әуені бар екендігін көрсетеді. Сондықтан қаламды оңды-солды, қалай болса, солай сілтеуге, сөзді қалай болса солай бұра салуға болмайды.

Менің өмірлік ұстанымым, Бөлтірік шешеннің баласына айтқан мына сөзі:

Не сөйлейтініңді біл.

Кімге сөйлейтініңді біл.

Қай жерде сөйлейтініңді біл.

Қай кезде сөйлейтініңді біл.

Қалай сөйлейтініңді біл.

Оны білмесең, сара сөзің шала болады.

Арты жала болады.

Әкең қапа болады.

Осы кезде жүздің үстінде студентім бар. Әрқайсысымен ортақ чаттар, пәнге, тәлімгерлік ететін топтар бар. Несін жасырайын, кейбір жастар сауатсыз. Жазылу нормасын білмейді, қысқарту жазулары көп, қай жерде қалай сөйлеу керектігін білмейтін жастар да баршылық. Қиын. Бірақ мен күреспесем, мен талап етпесем, солай кете береді емес пе?..

Әрдайым оларға «Алдарыңнан шығады. Журналист болып, мекеме басшысымен сұхбатқа барғанда немесе жазғандарыңнан жұрт сенің қаншалықты сауатты екеніңді байқайды. Сол кезде кім оқытты? деген сұрақ та болады. Міне, соңында жаман аты бізге, ұстаздарға тиеді» деп айтып отырамын.

Одан бөлек, фейсбук парақшамызда «Журналист Қорқыт ата» деген арнайы тобымыз бар. Ол парақша біздің мамандықта білім алатын журналистердің шығармашылығына арналған. Соған өздеріне қатысты ақпарат, жаңалық, түсіндірме жұмыстары жарияланған болса, сол жарияланымның соңына пікір жазуды талап етемін. Оны да өте сауатты жазуын қадағалап отырамын. Бұл сабақтан тыс уақыттағы жұмысымыз.

Қазір екінші курстарға «Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі мен стилі», «Сөйлеу мәдениеті мен техникасы» деген пәндерден сабақ беремін. Ол кезде де мына мерзімді басылымдардың тілін, электронды ақпарат және телеарнадағы журналистердің қате айтқан сөздерін талдап, талқылап, болашақта өздерінен де сондай өрескел қате кетпесе екен деп, сабақ болсын деген мақсатта үйретудеміз.

Қазір мені кейбір жастардың, студенттердің өте сауатсыз жазатыны ойлантады. Сол себепті студенттер маған ұялы телефон арқылы хабарлама жазғанда тыныс белгілерін дұрыс қойып, қазақша жазу керегін, болмаса мен жауап бермейтінімді біледі. Сауатсыздықпен күресудің осы жолы өз нәтижесін беріп келеді. Мені қынжылтатын тағы бір мәселе, мектеп мұғалімдерінің ата-аналар чатына сауатсыз жазатын хабарламалары, тыныс белгі дегенді мүлдем қолданбайды. Сонымен қатар біз сәлемдесу әдебі мәселесімен де күрес бастадық. Міне, әр студентпен осылай жұмыс істеймін. Қиын, көп уақытымды алады. Бірақ нәтиже бар, – деді студенттер болашағына алаңдаған аға оқытушы.

Гаджетке үңілме, газет оқы!

Бұл – Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сандуғаш Рамбердінің пікірі.

– Технология қарыштап дамыған кезде газетке жазылу төмендейді деген орынсыз пікір бар. Алайда мен бұл ойды мүлдем жоққа шығарар едім. Себебі газетке шыққан әр мақала зерттеліп, зерделеніп барып, оқырманға жол тартады. Ондағы құнды деректер мен қызықты мәліметтер адамды өзіне баурап алады. Кейде ғаламтордан таппағанды тілшілердің тыңғылықты зерттеуінен, яғни газет беттерінен табамыз.

Газет адамды ұқыптылыққа баулиды. Олай дейтінім, өз басым оқушы кезімде сол газет беттерінен сабағыма керекті мағлұматтарды іздеп, оны қиып алып, арнайы папкаға кейс етіп жинайтынмын. Сол кезде ұстазым мені үнемі көтермелеп, өзгелерге үлгі етіп жүретін. Сол тыңғылықты еңбек менің мерейімді өсіріп, газетке деген құрметімді, көп оқысам, көбірек білсем екен деген құштарлығымды оятты.

Қазір ата-аналардың көбі күні бойы жұмыста. Үйге шаршап келіп, баламен сөйлесуге де кейбір отбасылар уақыт таппайды. Бұл – қоғамның ащы шындығы. Ал осындай заманда өмір сүріп жатқанымызды, ғаламның ғажабынан қалмауымыз керектігін, сонымен қатар оқу мен білімді кенже қалдырмауымыз керектігін саналы түрде түсінемін. Сондықтан да мұғалім ретінде оқушыларыма газет мақалаларын жинатамын. Тапсырманы орындау барысында балалар ізденеді, ата-анасынан сұрайды. Бір жағынан өлеңге құштар балалар газет беттерінде тырнақалды туындыларын жариялай алады. Денсаулыққа зияны көп гаджеттен сәл де болса бас тартуына ықпалын тигізеді. Міне, мұның өзі мұғалімнің де, оқушының да шығармашылығын шыңдауға сеп әрі оқуға қызықтырады, – деген ойын ортаға салды Сандуғаш.

Газет сауаттылыққа үйретеді

Руслан Нұрғазыұлы, «Әділ» массаж орталығының массажисі:

– Оқушы кезімізде қоңырау болғанда сыныптастармен жүгіріп, жарысып мектеп кітапханасына барамыз. Сонда кітапханаға қандай кітаптар түскенін, ол қызық болса жарысып оқып отырамыз. Оны білген сынып жетекшіміз үйінен қысқа да нұсқа әңгімелер, қазақ ертегілері кітаптарын әкеліп беретін.

Алғашқы ұстазым Мираш Қибасова болды. Ол кісі мені кітап оқуға қызықтырған адам. Екінші сыныпта оқып жүргенде қазақ ертегілерін әкеліп беретін.

Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Облыста шығатын «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт апталығы», «Ақмешіт жастары» басылымдары арқылы өңірдегі болып жатқан жаңалықтарды баспасөз беттерінен оқып, біліп отырамын. Облыстың тыныс- тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін халыққа жүйелі жеткізуші, мазмұны бай басылымдар бетінде мәдени-рухани дүниелермен қатар, саяси, тарихи, танымдық мақалалар үзбей жарияланып келеді.

Заман алға озып, әлеуметтік желі қаншалықты жедел дамығанымен, газет өз маңызын жоймайтыны белгілі. Оған дамыған елдердегі газет оқу мәдениетін мысалға алсақ та жеткілікті. Жапонияның ұлттық басылымы «Асахи симбун» газеті 10 миллион таралыммен шығады. Ал Қытайдың «Жэньминь жибао» газеті миллиондаған таралыммен күніне екі рет және бірнеше тілде жарыққа шығады. Ресейдің «Вечерняя Москва» басылымын халық баспадан шықпай жатып сатып алып кетеді. Бұл басылым 1923 жылдан бері шығып келеді. Аталған мысалдар бүгінгі күні озық технологияларды ойлап тауып, интернетпен барынша қамтылған елдердің өзінде әлі күнге дейін газеттің орны бөлек екенін дәлелдейді. Газетті ақпараттық сайттар да, әлеуметтік жедлілер де ығыстырып шығара алмайды. Технологияның дамыған заманында адамдардың руханиятын сақтап қалу үшін де газеттің рөлі зор.

Газет – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы. Тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Ал әлеуметтік желі тек ақпарат берумен ғана шектеледі. Сол үшін республикалық, облыстық және жергілікті газет- журналдарды оқу керек. Ішінде тәлім-тәрбие туралы мақалалар көптеп беріледі.

Мектепте ұстаздарымыз реферат, өзіндік жұмыс, мазмұндама берсе, алдымен «Ұлан» газеті мен «Балдырған» журналын парақтайтын едік. Ұстазымыз айтпаған қандай мәліметтер бар деп, қызыға оқитынбыз. Ал қазір еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін газет оқымай, күні-түні ұялы телефонға телміріп отырғанына қарның ашады. Соларды көріп баяғы «Балдырған», «Ұлан» сынды газет-журналдарды парақтап отырған балаларды сағынасың.

Газет оқу арқылы әлемді танисың, айналаңда не болып жатқанын білесің. Жақсы жақтарын аласың. Ұялы телефонның зиянды тұстары аз емес. Сол үшін қазіргі таңда газет-журналдарды үзбей оқу керек. Сонда болашағымыз жарқын болады деп сенемін, – деді Руслан. Сондай-ақ ол «біз қашанда республикалық, облыстық, аудандық газеттердің тұрақты оқырманы, жанашыры болуға тиіспіз» деген ойын да жеткізді.

Тілші түйіні

Газет те адам сияқты қолдауды, қолпаштауды күтеді. Газет үнемі сұранысқа ие болып, оны халық үзбей жылда жазылып отырса, ол жойылмай, әрі қарай халық үшін қызмет етіп, адам өміріне бір қажетін табады. Бүгiнгi таңда тілімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы ана тiлімiзде шығатын газет-журнaлдaрдың беделін көтеру, кеңінен насихаттау – біздің міндет болса, сол газеттің құндылығын сақтап қалу – көзі ашық, көкірегі ояу әр азаматтың міндеті.

Бір нәрсені түсінейік, газет жоғалса, қоғамда сауатты, қатесіз жазатын адам қалмауы да мүмкін.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: