Бұл жолғы сапарымыз – қала іргесіндегі Қызылжарма ауылы. Жүйткіген көлікке жайлылық сыйлаған тақтайдай тегіс жол ауылдың сәулеті мен шырайынан сыр шерткендей. Ауыл деген аты болмаса мұнда зырылдап жүріп жатқан жолаушылар көлігі ауыл мен қала арасында ағылып жатыр. Біз маңдай тіреген Қызылжарма ауылдық округінен қалаға қарай 5 автобус дамылсыз қатынап тұр. Еңсе тіктеген елдің бүгінгі жай-күйі бізге ерекше шабыт сыйлады. Кәсібі өркендеген, бау-бақшасы жайқалған, төрт түлігі түгел ауылда екі қолға бір күрек таппай сенделген адам көрмедік. Өнерлінің өрісін кеңейткен ауылдық клуб, білім шырағын жаққан 2 мектеп, балақайларға жылы ұя болған балабақшалар ауыл өмірінің айнасындай қызылжармалықтарды рухани азықпен кемелдендіріп отырғанын көзбен көрдік.
Ауыл әкімі Шәріп Әбдірахмановпен тілдесіп, елді мекенде атқарылып жатқан жұмыс жайын білдік.
– Қалалық бюджеттен бөлінген 5 млн теңгеге ауылды абаттандырып, көгалдандырып жатырмыз. Бесарна, Тентекөзек, Қоңыртөбе көшелеріне жарық бағаналары орнатылды. Тазалық жұмысына қаржы қаралып, елді мекеннің көшелері уақытылы қоқыстан тазартылып тұр. Балалар үшін ойын алаңдарын салу кезек күттірмейді. Жергілікті бюджеттің қаржысына Ұстабаев көшесіне балалар ойын алаңының құрылысын «Ай-Дан» ЖК жүргізуде. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға ауылдық округтегі Мейірманов, Алмағанбетов, Ділдебаев, Абсадов, Ибраева, Құлжанов, Нақыпұлы, Қараарын, Төсбұлақ, Алтықұлаш, Терісақпай, Күркіреуік, Тереңсай, Қаратау көшелерін қайта жаңғыртуға 1,4 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда «Қызылорда жолдары» ЖШС, «Ақнұр Авто» ЖШС мердігер мекемелері жолды жөндеуге қызу кірісіп кетті.
Сондай-ақ қалалық құрылыс бөлімі арқылы ұзындығы 50 шақырым 67 көшеге 2025-2026 жылдарға республикалық бюджеттен 1 млрд 915 млн теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесімен «Сәт Сервис» ЖШС жеңімпаз атанып. Қазіргі таңда округтегі электр желісін жаңартып жатыр, – дейді ауылдық округ әкімі.
Шынында, жол құрылысы қарқын алғанына куә болдық. Ауылда қызу жұмыс жүруде. Орайы келгенде, жол жөндеп жатқан мамандармен сөйлестік.
– Мұнда келіп жұмыс істеп жатқанымызға 10 күн болды. Жаңа жайылған асфальт езілмеу үшін жолдың жиегін бекітудеміз. Жергілікті тұрғындар қуанып жатыр. Жұмысты бітірген соң сапаны қадағалайтын мамандар қабылдап алады. Мақсатымыз – сапалы жол салу, – дейді «Қызылорда жолдары» ЖШС құрылыс мекемесінің жол шебері Ерлан Аташов.
– Жол жөндеу жұмысын наурызда бастадық. Бүгінде 3 бригада дамылсыз жұмыс істеуде. 50 шақты жұмысшы жұмылдырылған. 5 көшеге қиыршық тас төседік. Жоспарымыз – 13 көшені жөндеу. Сапаға ерекше мән берудеміз. Ауылдық округтің шет көшелеріне дейін жөндеу қарастырылған. Шілденің соңында асфальт төсеп, жөндеу жұмысын бітірмекпіз. Қызылжармалықтар биыл жол қиындығын көрмейді деп ойлаймын, – дейді мекеменің бас инженері Болат Әліпбаев.
Ауылдық округ әкімі жол жөндеу бағытындағы болашақ жоспарларымен де таныстырды. Елді мекеннің жер көлемі үлкен болғандықтан көше саны да көп. Мәселен, тұрғындардың өтініші бойынша Батырбаев тұйығы, Бесарна, Тентекөзек, Қоңыртөбе көшелеріне тас төселмек. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен бөлінген 4 млн теңгеге орталық көшелерге 40 жол белгісі орнатылып, таңбаланбақ. 3,8 млн теңгеге бұрын салынған көшелердің ой-шұқыры тегістелмек. Абай көшесінен балалар ойын алаңын салу жоспарға еніпті.
Қызылжармалықтар аяқсуға зәру емес
Ауылдық округте орналасқан Қызылжарма каналы қала тұрғындарына елу жылдан астам қызмет еткені белгілі. Қаладағы инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ірі жоба игілігімен канал заман талабына сай қайта жөнделіп, жергілікті тұрғындарды аяқсумен қамтып отыр. Құрылыс жұмысының сапалы жүргізілуіне қала әкімі Нұржан Ахатов баса назар аударып, жұмыс сапасына назар аударуда. Бұл канал арқылы тек Қызылжарма емес, «КБИ», «Коммунизм», «Шанхай», «Гагарин» шағын аудандарының халқы да аяқсумен қамтылып отыр. Бұл – ірі су айдындарының бірі. Ұзындығы 13800 метрді құраса, ені 11 метр шамасында. Алдағы уақытта канал аумағы абаттандырылып, тұрғындар тынығатын саялы орынға айналмақ. Каналдың жағалауына жаяу жүргіншілер жолы салынып, заманауи жарық шамдары орнатылмақ. Бұл қызылжармалықтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпке бетбұрыс бар
Ауылда 4 айда 406 кәсіпкерлік нысаны тіркелген, 176 мал шаруашылығы, 6 шаруа қожалығы, 30 дүкен, 3 монша, 4 шаштараз, 5 көлік, 1 кондитерлік цех, 2 ауызсу өндірісі, 2 дәріхана, 1 мейрамхана, 1 асхана, 2 пластикалық есік, терезе шығаратын, 6 тігін цехы, 5 дәнекерлеу цехы, 11 көлік тасымалы, 2 оқу орталығы, 2 АӨК кооперативі, 2 сауда саттық, 2 жеке балабақша жұмыс істеуде.
– Кәсіпкерлікті дамытуды биыл да тиянақты қолға алмақпыз. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Жұмыспен қамтудың 2021-2026 жылдарына арналған жол картасының» «Іскер» бағдарламасымен 3 жобаның құжаты жинақталуда. Сонымен қатар «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ЖШС арқылы 10,0 млн теңгені құрайтын 1 жоба комиссияға ұсынылды. 2026 жылдың 3 айына «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант (400 АЕК) бойынша 15 жоба жоспарлануда. «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы арқылы 13,2 млн теңгені құрайтын 2 жоба қолдау тапты. Қосымша 4 жобаға өтінім беріліп, комиссияға ұсынылуда. «Бизнес-Бастау» оқу курсы аясында Қызылжарма ауылдық округінен 34 адам оқытылып, сертификатын алды, – дейді ауыл әкімі.
Өнерлі отбасы
«Ел іші – өнер кеніші» деп тегін айтылмаған. Қызылжармалық Қожабековтер отбасылық ансамблі бүгінде тек аймаққа ғана емес, республикаға танылып үлгерді. Ұлттық өнерді насихаттауды мұрат тұтқан ансамбль 2012 жылы Қызылжарма ауылдық клубы жанынан құрылды. Бүгінде ансамбль құрамында 10 өнерпаз бар. Әрдайым ізденіс пен шығармашылық өрлеу үстінде жүретін ансамбль мүшелері қазақтың ұлттық киімі мен салт-дәстүрін де үздіксіз насихаттап келеді.
– Біздің мақсатымыз қаймағы бұзылмаған қазақы болмысымызды паш ету. Оның үстіне Сыр елі ұлттық құндылықты танытуда республика көлемінде көш бастап тұр. Қазақтың барлық мерекесінде өнер көрсетіп, дәстүрлі өнерді де балаларымыздың бойына дарыттық. Өнерлі отбасында дүниеге келген соң күй шерткізіп, өлең айтқызып, домбыра тартқызып, өнерге баулыдық. Өнерді бойына серік еткен баланың жаны нәзіктік пен мейірімге толы болады. Репертуарымызда жергілікті композиторлар Ш.Сүлейменовтің «Сыр елім», С. Ұлықпанұлының «Ақ көгершін», Р.Таймановтың әні «Қызылорда», Р.Әлқожаның «Сырдария», Ш.Қалдаяқовтың әндерінен папури, халық әндері «Сәулем-ай», «Ақ жайнақ» «Той бастар» әндері бар. Жыл көлемінде ансамбль ұжымы арнайы бағдарламамен төрт концерт өткіздік. «Отбасым – өнерім, өмірім» атты шығармашылық концертін С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде, Қызылжарма мәдениет үйінде өткізіп, елдің құрметіне бөлендік. «Жан жылуы» атты қайырымдылық концертін өткіздік. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңіне қатысып, «Өнерлі отбасы» номинациясын иелендік, – дейді ансамбль жетекшісі Рүстембек Қожабеков.
Ансамбль мүшелері қалада өтіп жатқан барлық іс-шарада белсенділік танытып келеді. Сан өнерді бойына тұмарлаған Қожабековтер ансамблі болашақта репертуарларын қазақ композиторларының күйлерімен толықтыруды жоспарлап отыр.
Ауыл азаматымен ардақты
«Туған жер – Мысыр шаһары» демей ме, дана халқымыз. Бұл елді мекенде сол аталы сөзді өмірлеріне үлгі қылған азаматтар аз емес. «Қасиетті топырақтың киесі болар» – дейді Қызылжарма ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдашбек Ордабаев.
– Қызылжарма ауылдық кеңесін 20 жылдай басқарған Еңбек Қызыл ту орденді Қалмақ Сексенбаев, 1975-1980 жылдары Комсомол совхозын басқарған Совет одағының батыры Нағи Ілиясов, 1980-1985 жылдары Қазақ ССР-на еңбегі сіңген агроном, Еңбек Қызыл ту орденді Әшім Ибраев, 1985-1990 жылдары совхоз техникумды басқарған екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденін алған Жақсылық Зимановтар біздің ауылдың мақтаныштары, – дейді ардагер.
Бұған қоса атақты сауыншы, 6-шы шақырылған Қазақ ССР-ның жоғары кеңес депутаты, Қазақ ССР-на еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет ордендерінің иегері Баян Піржановамен, диқан, батыр ана Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Қатшагүл Арапбаевамен, озат құс өсіруші, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Несібелі Ибраевамен тек қызылжармалықтар емес, тұтас ел мақтанады.
Білімнің
қайнар бұлағы
Ауылдық округтегі 100 жылдан астам тарихы бар Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектебінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Білім ұясында 2422 оқушыға 248 мұғалім білім мен тәрбие беру жолында қажырлы еңбек етуде. Мектептің жеткен жетістігі де ауыз толтырып айтарлықтай.
– 2025-2026 оқу жыл біздің мектеп үшін олжалы жыл болды. 5-11 сынып оқушыларының пәндік олимпиадасының қалалық кезеңіне 64 оқушы жіберіліп, оның 41-і қалалық олимпиада жеңімпаздары атанса, 4 оқушы облыстық кезеңге жолдама алып, қала абыройын асқақтатты.
Ауылдық жердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін анықтау және оларға қолдау білдіруді мақсат еткен ауыл мектептері оқушыларына арналған 9-11 сынып оқушыларының олимпиадасы биыл үшінші жыл өз мәресіне жетті. Олимпиаданың мектепішілік кезеңі мен қалалық кезеңінен 26 оқушы оза шауып, облыстық кезеңде өз білімін сынаса, оның 14-і облыстық, 2-уі республикалық олимпиада жеңімпазы атанды. 2 республикалық, 15 облыстық, 67 қалалық пәндік олимпиададан жүлделі оралды.
Биылғы ғылыми-зерттеу жобамен 4 оқушы «Дарын», 1 оқушы «Зерде» байқауларының облыстық кезең жеңімпазы атанса, 20 оқушы қалалық кезеңнен жүлделі орын иеленді. Бұдан бөлек, 300-ге жуық оқушы спорт, өнер бағытындағы түрлі сайыс пен байқау жеңімпаздары атанып, мектеп мерейін өсірді, – дейді мектеп директоры Асылбек Мақашев.
Былтырғы оқу жылында мектепті 116 оқушы бітірсе, оның 101-і жоғары оқу орынының, 15-і арнаулы оқу орынының студенті атанған. Грант иегерлерінің үлесі 65%.
Биылғы оқу жылында 113 оқушы мектеп бітіреді. Оны 6-уы «Алтын белгіге», 4-еуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Шәкірттердің жұлдызын жағуда ұстаздардың еңбегі ерен.
Оқырманы көп кітапхана
Қызылжармалықтардың кітапқа қызығушылығы қай деңгейде екенін білмек болып кітапханаға бас сұқтық. Оқырмандардың көпшілігі жастар мен оқушылар екен. Бір қуанарлығы, кітапханаға тұрақты келетін оқырман көп екен.
Кітапхана интернет желісімен қамтамасыз етіліп, 48 кітап электронды сандық жүйеге көшірілген. Біз барғанда кітапханада «Жаңа кітаптар – жан азығы» тақырыбында іс-шара өтіп жатыр екен. Кітапханашы Қ.Сражадинова оқырмандарды жаңа кітаптармен таныстыруға бағытталған дебют көрме өткізді.
Көрмеде әртүрлі жанрдағы жаңа кітаптар ұсынылды. Көркем әдебиет, поэзия, балалар әдебиеті, сондай-ақ әлем және қазақ әдебиетінің жаңа басылымдары. Кітапхана оқырмандары Баубек Бердиев, Аягөз Нұрлыбекқызы, Мағжан Серікбай көрмені тамашалап, жаңа авторлармен танысты.
– Кітапханаға жиі келіп тұрамыз. Қызметіне ризамыз. Бүгін мен түріктің көрнекті жазушысы Орхан Кемалдің «Әке үйі» романын, «Адасқан ұлыңды жазғыра көрме, жаратқан!» атты туындыны, Сауле Досжанның жасөспірімдер мен балаларға арналған «Бала шақтан болашаққа» атты ғұмырнамалық повесін оқуға алдым. Кітаптан түйгенімді қойын дәптеріме жазып жүремін, – дейді белсенді оқырман Аягөз Нұрлыбекқызы.
Жаңарған ауылдың шынайы келбетімен танысып, көтеріңкі көңіл-күймен қалаға қайттық. Мемлекеттік бағдарлама игілігімен, заманауи жаңашылдықпен көркейіп жатқан ауылдың болашағы нұрлы, келешегі кемел боларына күмән жоқ.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!