Сәрсенбі, 13 мамыр, 01:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 (2247)
13.05.2026
PDF мұрағаты

Дүбірлі айтыс дүркіреп өтті

13.05.2026

23 0

«Өнер орталығында» даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған «Алты Алаштың арысы – Ер Жалаңтөс!» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Ерлік пен батырлықтың даңқын асқақтатқан айтыс аламанының дүбірлі додасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, айтыскер ақын, «Алтын домбыра», мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, Мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп қазылық етті. Айтыс аламанын белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді.

Айтысты облыс әкімінің орынбасары  Мейрамбек Зинабдинұлы ашып, әр өңірден  ат терлетіп келген  айтыскер ақындарға сәттілік тіледі.

– Жеңістің күні даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған респуб­ликалық ақындар айтысы басталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тарихты білу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес. Біз тарихымызды терең білу және одан тағылым алу арқылы өткеннің қателігін қайталамайтын, Ұлы даланы мекендеген ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыра алатын ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз», – деген еді.

Жалаңтөс Баһадүр – Қазақ хандығының сын­дарлы кезеңінде саясаткер әрі қолбасшы болған, ел есінде мәңгі сақталған бірегей тұлға.

Аймағымызда батыр рухына арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде бүгінгі республикалық айтыс­тың маңызы ерекше. Себебі қатысушылардың бәрі – бейбіт күнгі батырлар бейнесін өлеңмен өріп, ұрпаққа рухани тәрбие сіңірген тарландар.

Сөз – қуатты құрал, ақын – сөз құдіретін кеудеде қорытып, ой-санаға құюшы. Сондықтан бүгін ерлік даңқы аспандайтын күн болмақ. Сөз жүйріктеріне батыр атын асқақтатып, ел рухын көтеріп, мәреге сүрінбей жетіп, бәйгелі болыңыздар дейміз. Баршаңызға сәттілік тілеймін!, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Айтыс аламанында ой жүйріктігімен шаршы топта ат оздырған 12 ақын бақ сынады.

Шығыстың шолпан жұлды­зындай танылып сөз мәйегінің сәнін келтіріп, ой ұшқырлығымен, сөз саптауымен, зілсіз әзілімен қарсыласы мықты ақын Мақсат Ақановтан басым түскен Жұлдызай Маратбек айтыстың көрігін қыздырды. Айтыстың бапкері Жүрсін Ерманның өзі Жұлдызайды «бүгінгі айтыстың жаңалығы» деп ризалық танытты.

Көрерменнің ықыласынан-ақ Жұлдызайдың деңгейінің биіктігі көрініп тұрды.

– Ағатай, өткенді айтып күліп кеттің,

Ініңді айтқан едің жігіт деп шын.

Арқаның сен келіні боласың деп,

Жұлдызайды бір кезде үмітті еттің.

Ағайын мен емеспін серттен тайған,

Мен де көп ақпаратты біліп кеппін.

Ініңіз үйленгенде ең бірінші той тойлап,

Мен сол сәтте ұмыт кеттім.

Жаратқан сізді сыйға  лайықты еткен,

Ойыңызды айтарсыз байыпты еткен.

Келіннің бетін ашқан сіз екенсіз,

Табаққа алақанды жайып кеткен.

Жұлдызайды қалайша кінәлайсыз,

Айтқаныңды санаймын айып деп мен.

Беташардан түскеннің бәрін алып,

Сізсіз ғой түк білместен тайып кеткен, –деп зілсіз әзілімен түйреп өтсе,

қарсыласы Мақсат ақын:

– Жақпадым-ау жақсы сөз арнасам да,

Кешірім сұрамағанда қайтем енді,

Қарындас жағаңызға жармасам ба?

Бетімнен жарар еді алмасаң да.

Күн көрсетпес үйіңде кісі бар деп,

Болар еді әріге бармасаң да.

Жеңгеңіз шіли қатты қатал емес,

Күн көрсетіп тұрады анда-санда, – деп қарсы­ласының әзіліне  ұтымды жауап беріп, көрерменді күлкіге қарық қылды.

Айтыс қорытындысында Шығыстың ақын қызы Жұлдызай Маратбек бас жүлдені иеленсе, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязов I орынды қанжығасына байлады. II орынды Қызылжардың құлагері Хавдолла Бейісхан, III орынды қыз бен жігіт айтысының жүйрігі Мақсат Ақанов пен Сырдың талантты перзенті Мейірбек Сұлтанхан өзара бөлісті. Ал Жалаңтөс Баһадүр атындағы арнайы жүлдені белгілі айтыскер ақын Дидар Қами иеленді.

   Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: