Сәрсенбі, 13 мамыр, 01:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 (2247)
13.05.2026
PDF мұрағаты

Біздің жұмыс салғырттықты көтермейді

13.05.2026

24 0

Әлі күнге сол бір беймаза күндер ойға оралса, еріксіз жанарына жас үйіріледі. Ел есеңгіреген қиын күндерде науқастардың қас-қабағына қарап,  жанын шүберекке түйіп, қатерлі дертпен бетпе-бет келсе де жасқанбай, ақ халатын кір шалдырмай сан сынақтан өткен еді. Пандемия кезінде дерт меңдеген жанның жанына жалау болып, жылы сөзі мен шипалы емін аяған емес. Талай жұқпалы дерт жұқтырған науқастардың аурудан құлан таза жазылуына себепші болды. Өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығына адал­дығынан болар, Жезқазған медициналық училищесін бітірген соң Қызылорда  облыс­тық жұқпалы аурулар ауруханасында табан аудармай 35 жыл мейіргер қызметінде  абы­ройлы еңбек етті. Кейіпкеріміз Адила Успанқызы – бүгінде өз ісінің шебері, білікті маман. Кейінгі буын мейірбикелерге өз тәжірибесін бөлісіп, ақыл-кеңесін аяған емес.

– Ана жүрегі мейірімге толы. Әсіресе бала­лардың ауырғаны қиын. Қай жері ауыратынын да айта алмай шырылдағанда жүрегіміз толқып, анасымен қосыла қиналамыз. Балалар ішек аурулар  бөлімшесіне науқастар мезгілге қарамай түсіп жатады. Түнгі кезекші­ліктің өзіне сай қиындығы бар. Қазір жас мамандарға өз тәжірибем бойынша дәріс беремін. Медицинадағы өз саламызға қатыс­ты заманауи әдістерді меңгеру үшін білік­тілік курстарынан өтіп тұрамын. Біздің жұмысымыз өте жауапты. Соған қара­мастан мамандығымды жақсы көрген соң науқастармен тіл табысып, жылы қарым-қатынас орнатуды қалаймын. Әсіресе бала жүрегі нәзік, әсершіл. Ауырған соң беймаза күйге түседі.  Ата-анасына да оңай емес.   Психологиялық қолдау көрсетіп, мейіріммен қарау ақ халаттының міндеті деп ойлаймын.  Біздің жұмыс салғырттықты көтермейді. Өйткені бала өміріне жауаптымыз. Талай сын сағатты бастан өткердік. Тағдыры қыл үстіндегі нәрестелерді дәрігерлердің батылдығы мен білімділігінің  арқасында ажалдан алып қалдық.  Үйге оралғанда да науқастың жағдайы қалай болды екен деп алаңдап отырамын, – дейді білікті мейіргер А.Успанқызы.

Тәжірибелі мейіргер тынымсыз еңбегінің арқасында құрмет төрінен көрініп келеді. Ұжым арасында ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп, қоғамдық жұмыс­тарға белсене қатысады. Алайда еткен еңбек ешқашан зая кетпейді. Еңбегі еленіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатымен,  Ұлттық медициналық ассоциациясының «Мейірім»  төсбелгісімен марапатталған.

Бүгінде  Адила Успанқызы аяулы жар, ардақты ана, асыл әже. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Мейіргер мамандығы барынша мейірбан адамның пешенесіне жазылған секілді көрінеді. Себебі науқастың көңілін табу, жылы сөзбен емдеу екінің бірінің қолынан келмейді. Оған сабыр, төзім керек.   Елдің алғысы мен құрметіне бөленген ақ халаттының бойында осы қасиеттер көрініс тапқаны мамандығына адалдығынан болар.

Г.ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: